Ведомство өкілі айтқандай, еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуда цифрлы технологиялардың маңызы зор. Бұл форум осы бағытта жетістікке жеткен мемлекеттермен тәжірибе алмасып, тың ұсыныстар жасалатын бірегей алаң. Технократиялық жолға түсу үшін әуелі мемлекеттік цифрлы саясатты айқындау қажет. Сол себепті Үкімет «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын бекітті.
– Елбасының бастамасымен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы әзірленді. Оның көмегімен экономикадан бастап, мемлекеттік қызмет көрсетуді, жоғары жылдам әрі қорғалған телекоммуникациялық инфрақұрылымды цифрландыру көзделген. Әлбетте, байланыс технологиялары бір орында тұрмайтыны белгілі. Қазір әлемде 5G интернетті енгізуге байланысты пікірталас қызу өрбіп жатыр. Жуырда Мысырдың Шарм-әл-Шейх қаласында осы мәселеге арналған ауқымды конференция да өтті. 5G ұлттық экономика мен «ақылды қалалардың» өркендеуіне, сол секілді тың мамандықтарға жол ашатыны шүбәсіз. Бір адамға шаққанда Қазақстан мобильді трафикті белсенді қолданатын елдердің қатарында. Осыған қарап халықтың жоғары жылдам интернетке сұранысын бағамдай беруге болады. Биыл осы технологияны сынақтан өткізу жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан және Алматыда 5G технологиясының мүмкіндіктері пысықталды. 5G тек байланыс жүйесімен шектелмейді. Бұл сонымен бірге телемедицина, өнеркәсіптік цифрландыру, ұшқышсыз басқарылатын көлік құралдарын басқару сынды жан-жақты бағыттарды қамтиды, – деді Д.Тұяқов.
Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылған халықаралық шарада 20-дан аса спикер ақпараттық технология саласындағы жаңалықтармен бөлісіп, 20 мемлекеттен келген мыңға тарта мейман Қазақстандағы цифрландыру бағытындағы жұмыстармен танысты. Форумда мемлекеттік қызметтер, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын цифрландыру, «Цифрлы Қазақстан» және Индустрия 4.0 мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруда ынтымақтастық орнатудың жолдары қарастырылды. Бұдан бөлек форум қатысушылары еліміздегі алғашқы «ақылды қала» Ақкөлге барады.