Қазақ әдебиетінде қабырғалы ақындардың қатарындағы Нармахан Бегалиев поэзиясының жөні бөлек. Өйткені, оның өлеңдегі өрісі де, жыр-арғымағының желісі де ақындық арынының алапат күшін әрбір шумақ, әрбір сөз өрімінен аңғартып тұрады. Сыршыл ақынның поэзиясы сол нәрлі, құнарлы қалпынан айнымай жырсүйер қауымды өзіне құнықтыра түседі. Нармахан Бегалыұлы табиғатынан тұнық, терең, тегеурінді ақын. Оның өлеңдегі екпіні самұрық құстың қанатын сермегендегі сусылындай әр жол, әр шумағынан толқын-толқын леп болып есіп өтеді. Ол нені айтса да, нені жазса да, нені суреттеп, нені өрнектесе де жалғандыққа, жасандылыққа, жылтырақ әуесқойлыққа жоламайды. Оның сөз өрмегінен де, ой өрнегінен де өзіндік нақыш, ешкімге ұқсамайтын ұстаным, еркін тыныс танисыз.
Қазақ әдебиетінде қабырғалы ақындардың қатарындағы Нармахан Бегалиев поэзиясының жөні бөлек. Өйткені, оның өлеңдегі өрісі де, жыр-арғымағының желісі де ақындық арынының алапат күшін әрбір шумақ, әрбір сөз өрімінен аңғартып тұрады. Сыршыл ақынның поэзиясы сол нәрлі, құнарлы қалпынан айнымай жырсүйер қауымды өзіне құнықтыра түседі. Нармахан Бегалыұлы табиғатынан тұнық, терең, тегеурінді ақын. Оның өлеңдегі екпіні самұрық құстың қанатын сермегендегі сусылындай әр жол, әр шумағынан толқын-толқын леп болып есіп өтеді. Ол нені айтса да, нені жазса да, нені суреттеп, нені өрнектесе де жалғандыққа, жасандылыққа, жылтырақ әуесқойлыққа жоламайды. Оның сөз өрмегінен де, ой өрнегінен де өзіндік нақыш, ешкімге ұқсамайтын ұстаным, еркін тыныс танисыз.
Ақын ағамыз биыл 70 жастың жотасына көтеріліп отыр. Нармахан Бегалиев осы биікке өмірдегі басты байлығы – ақындық тұғырымен де абыройы асқақ қалпында келіп отыр. Оған басты дәлел, Қазақстанды былай қойғанда Бегалиевті Ресей қаламгерлері мен оқырмандары да қатты қадірлейтініне көз жеткіздік. Ақынның мерейтойының тұсаукесері туған топырағынан да тысқары аталып, Ресей астанасы Мәскеудің төрінде дүбірлеп өтті. Осыдан алты жыл бұрын Константин Симонов атындағы халықаралық әдеби сыйлыққа ие болған Нар-ағаны орыс қаламгерлері аттай қалап шақырып, мерейтойының мерекелік салтанатын өздерінің шығармашыл ортасында бірлесе өткізуге өтініш білдіріпті. Бұл құрметті ол кісі жайдан-жай иеленіп отырған жоқ. Нар-аға ақындық талантын ғана емес, аудармашылық «азартын» да таныта білген қаламгер. Ол үнді ақыны Рабиндранат Тагорды, әзербайжан ақыны Мырза Шәфиді, Базар Әзероғлыны, беларусь Петрусь Бровконы, чешен Леча Абдуллаевты, орыс ақындары Вадим Шефнер, Анатолий Чепуров, Олег Цакуновты қазақ тілінде сөйлеткен суреткер. Нармахан Бегалиев әсіресе орыстың классик сөз зергері, орыс әдебиетінің мақтанышы Лев Толстойдың өзін таңғажайып жырларымен таңғалдырып, тамсандырған тамаша лирик ақын Афанасий Феттің лирикалық өлеңдерінің өзегіне қазақ тілінің сөлін сорғалата құйып, түпнұсқаның өзін түрлендіріп жіберген аудармашы.
Нармахан Бегалиевтің Мәскеудегі мерейтойының мәйегі де орыстың осы омыраулы ақынын қазақ тілінде тамылжыта сөйлете білуінде болды. Ресей жазушыларының қазақстандық ақынды өз орталарында көргісі келуінің себебін Афанасий Феттің шығармаларына деген сүйіспеншілікпен қатар оның өлеңдерін шынайы да шымыр, шырайлы да құнарлы тілмен қазақшалай білген Нар-ағаға білдірген құрметтерінен деп түсіндік.
Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің мәжіліс залына ақын-жазушы, журналистермен қатар әдебиет сүйер оқырман, елшілік қызметкерлері лық толды. Нармахан Бегалиевті кездесу басталмас бұрын арнайы қабылдап, жылы шыраймен қарсы алған Қазақстанның Ресейдегі ресми және өкілетті елшісінің бірінші орынбасары Нұрлан Сейтімов елші Ғалым Оразбақовтың атынан ыстық ықыласын білдіріп, кездесудің салтанатты сәт ін де өзі ашып беріп, бұл игілікті шараның халықтар арасындағы достыққа үлкен дәнекер, екі ел әдебиетін жақындастыра түсетін алтын көпір екенін жеткізді.
Мәскеуде тұратын қазақ ақыны, Қазақстан және кешегі КСРО Жазушылар одақтарының мүшесі Аманғали Сұлтанов Нармахан Бегалиевтің Қазақстанның Ресейдегі қарашаңырағы – Елшілікте өтіп жатқан салтанатты кешіне ерекше шаттық сезіммен келгенін айта келе былай деді.
– Мен Бегалиевтің өзімен жақын таныс болмасам да оны өлеңдері арқылы ерекше жақсы көріп кеттім. Бұл – сұңғыла ақын, сезімі сұлу ақын. Оның өлеңдерінде тұңғиық тереңдік, сиқырлы үн, тілдің кестелі өрнегі, сөздің сан құбылған бояуы бар. Оны оқи отырып жаныңа жайлы ағыс құйылғандай әсер аласың. Мен, әсіресе, оның Афанасий Феттің лиризміне шымырлай бойлап, оның ойының астары мен сезімінің сөлін соншалық шеберлікпен, дәлдікпен, мүмкін одан да асқан арынмен ағылта жырлағанына жаным рахаттанды. Мұны тіпті аударма емес, ақынның өз әлемі деп қабылдау да қисынға сиятындай. Нармахан Фет болып емес, Фет қазақ болып төгіліп тұрғандай.
Содан соң сөз алған білімді, ойы еркін, сөзі өткір, орыстардың ортасында қорғасындай салмағы бар бауырымыз, әлем әдебиетінің майын ішіп, жілігін шаға білетін әдебиеттанушы Омар Айшахтың алғырлығы тәнті етті. Қазақстаннан келген қаламгер бауыры үшін масаттанып, оның бүгінгі мәртебелі шағына мерейі асып:
– ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы орыс әдебиетінің көрнекті өкілдерінің қатарындағы Яков Полонский, Андрей Белый, Александр Блок, Валерий Брюсов секілді ақындармен тең дәрежедегі Афанасий Феттің шығармалары оқулықтарға енбегенімен поэзиясы орыс әдебиетінің алтын қорында қалған қаламгер. Ал оны қазақ оқырмандарына танытып, оның талантын өз талантыңызбен тұтастыра білген сіздей ақынға орыс әдебиетінің өкілдері өзгеше құрмет танытатыны анық. Жалпы аударма ісі өте нәзік, өте күрделі һәм аса жауапты жұмыс. Әлем әдебиетінің өзінде шығарманы түп нұсқасымен тең дәрежеде аудара білген таланттар санаулы. Сол ғаламат таланттардың қатарында қазақтың Абайы барына мақтана аламыз. Ол Гетені Лермонтов арқылы қазақша төгілдіре сөйлете білді. Пушкинді теңдессіз тәржімалады. Бұл – әдебиеттегі алыптардың сөз құдіретін мәңгілік тұғырға шығарып кеткен ерлігі десе болады. Міне, сіз де сондай ерлік жасап отырсыз.
Кездесуге келген мәскеулік орыс ақындары да осыдан алты жыл бұрын кітапша болып шыққан Бегалиевтің аудармасындағы А. Феттің лирикаларымен таныс екен. Солардың бірі Михаил Исакович Сенельников ағынан жарыла әңгіме айтты.
– Әрине мен қазақ тілін білмейтіндіктен аударманың қазақша нұсқасын оқи алмаймын. Бірақ оның мағыналық мәні мен тілдік құнарының қандай екенін қазақ тілді әріптестерімнен сұрап білгенмін. Олардың түсіндіруінше, Афанасий Фет Нармахан Бегалиевтің аудармасында өте сәтті шыққан деген тұжырымын естіп, қуанғаным шындық. Негізі менің түсінігімде Фет аударуға келмейтін, өзге тұрпатқа көнбейтін ақын. Оның поэзиясын сол мөлдір қалпында қайталау мүмкін емес сияқты сезіледі. Дегенмен, мықты аударма мықты ақынның ғана қолынан келеді. Демек, біздің құрметті қонағымыздың дәл осындай деңгейі биік ақын екендігіне шүбәм жоқ. Нареке 70 жасында Феттің жастық кезеңіндегі, жасамыс шағындағы шығармаларын шынайы қалпында шырайландырып бере алса, ол соның сезімімен, соның жүрегімен бірге тыныстай білгені.
Шығармашылық кештің шырайын келтірген пікірлер легін мәскеулік ақындар бірінен соң бірі жалғап әкетті. Сөз кезегін алған орыстың белгілі ақыны Станислав Константинович Шилов қазақтың жазира мінезін оның сахара кең даласына теңеді.
– Біз күні кешеге дейін бір шаңырақтың астында шаттығымыз да, мұңымыз да бірге өрілген жандармыз. Ортақ болмысымыз, ортақ қаруымыз бар. Ол – рухани жан-дүниеміз бен қолымыздағы қаламымыз. Бізді бүгін таныстырып отырған да, табыстырып отырған да осы қасиетті дүниелер. Мен бүгінгі күн тақырыптарына өлең жазамын. Со ңғы шыққан кітабым «Искра божьи» деп аталады. Дәл осы тақырыптағы өлеңім де бар. Сол өлеңімде «ақын өз бойындағы Құдай берген жалынын жан-жағына шапағат нұры етіп шашырата білсе, оның жылуынан өзгелер қуат алады» деген ой айттым. Шығарманы бір тілден екінші тілге аудару да сол жалын секілді адамдарды бір-біріне жақындастырады, жылытады, біріктіреді. Бүгін біз, міне, бір үйдің адамдарындай түсінісіп, сырласып отырмыз. Адамдардың бір-біріне жақындығынан ғанибет нәрсе жоқ мына тіршілікте.
Фетті қазақ тілінде сөйлете білген Нармахан ақын да өз бойындағы жалыны арқылы екі халықтың бірлігін нығайта түсуде. Бұл жақындық екі ел әдебиетінің көкжиегін кеңейтетін кеңістікке бастайды деп сенемін.
Глан Арменакович Огонян, ақын, аудармашы:
– Ақындық – Тәңірден келетін талант. Бірақ кез келген ақын аудармашы бола бермейді. Аударма өзгенің шығармасын басқа тілге көшіру ғана деп түсінбеу керек. Аударма тілдік өзгешелік қана емес, ол ақын жанының тұңғиығындағы тылсымды, жүрегіндегі сезімді, санасындағы ойды дәл сол сипат-қалпында түйсініп, сіңіріп, бояуын бәсеңдетпей, тұздығын төмендетпей, көңілдегі көлді тербететіндей шынайы шыққанда ғана өз мақсатын орындағаны.
Нармахан Бегалиевтің ақындық арыны мен аудармашылық қарымы тең түсіп тұрған талант екеніне тәнті болып отырмын. Орыс поэзиясының пырағы болып саналатын Фет секілді ұшқыр ақынды ұтқыр аудара білген, өзінің жырлары да жақұт маржандай жалтылдаған қазақ ақынымен жақынырақ танысуға мүмкіндік туғызған бұл кездесу бізге ерекше әсер сыйлады.
Иван Иванович Сабило, мәскеулік ақын:
– Бұл кездесуді шығармашылық кеш деп қана қабылдамау керек. Бұл қазақ және орыс әдебиетіндегі елеулі оқиға. Өйткені, орыс поэзиясындағы күрделі құбылыс, сиқырлы сараң сөзбен-ақ санаңда сан мың шұғыла ойнататын ағысы арынды, жүрегі жалынды ақынның айтарын аңдаусыз аңғарып, жалғаусыз жандандыру сөз өнерінің хас шеберінің ғана қалыбына сиятын қасиет.
Кездесудегі кесек ойларды кемел жырларымен түйіндеп Нармахан аға сыбызғыдай сызылып өлең оқып, Феттің аудармасын, өз өлеңдерін, өзге қазақ ақындарының жырларын жатқа жұптап жүйткіді. Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Құдаш Мұқашев өлеңдері Нар-ағаның көмейінен ақтарылған үнмен аңтарыла тыңдаған аудиторияны әдемі әуезге бөлеп тұрды.
Ыстық ықыласпен өткен кездесуді Ресейдің телеарналары мен өзіміздің «Қазақстан» ұлттық арнасының Мәскеудегі тілшілері де түсіріп, Н.Бегалиевтен сұхбат алып, мәскеулік ақын-жазушылардан пікір сұрап жатты.
Кездесу барысында Мәскеу төрінде туған күнін тойлаған ақын ағамыз осы кешке алтын уақыттарын қиып келген орыс қаламдастарына, кездесуді ұйымдастыруға ұйытқы болған ресейлік әріптестеріне және оған ерекше атсалысқан жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар одағының Мәскеудегі әдеби өкілі, ақын Тұрсынай Оразбаеваға, Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі басшылары мен қызметкерлеріне, Елшілік жанындағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Әбуислам Тұрсынбаев, Омар Айшах, Опабек Таңатаров секілді бойында қазақтың қаны бұлқынған, елден жырақта жүрсе де ұлттық рухы биік бауырларымызға, осындағы бүкіл қазақ диаспорасына шынайы алғыс сезімін білдірді.
Ақынның Мәскеудегі мағыналы кеші Санкт-Петербург қаласындағы саяхат-турға жалғасып, тарихи қаланың ғажайып орындарын тамашалауға төрт күн уақыт бөлінді. Елге қайтар сапарымызда Мәскеуге оралғанбыз. Елшілікте күтіп алған елшінің орынбасары Нұрлан мырза бізді тағы бір жағымды жаңалықпен қуантты.
– Нармахан аға, сіздің кештен кейін оған қатысқан мәскеулік ақын-жазушылар – Станислав Шилов пен Иван Сабило келіп: «Кешегі тамаша кездесу бізге жақсы бір ой салып кетті. Қазақ ақын- жазушыларының соңғы 100 жылда орыс тіліне аударылған шығармаларын кітап етіп шығарайық» деген ұсыныс айта келіпті. Бұл ұсынысқа шындығында қуанып отырмыз. Әрине, оны шешу қаржыға келіп тіреледі. Дегенмен, біз бұл мәселені оңтайлы орайластырудың жолын қарастырамыз. Жалпы, қаламгер қауымға қашанда қолдау білдіруге дайынбыз. Бұл мәселеде өзіміздің түзген жоспарларымыз да жетерлік. Мұндай шаралар бізге де рухани күш береді , – деді Н. Сейтімов.
Біз Н. Бегалиевтің Ресей төріндегі тойы тамаша бастамаларға қазық қағып кеткеніне қуандық. Қайтар күні «Қазақ тілі» қоғамында қоштасу рәсімі жасалды. Жыр керуенімен басталған сапар достық думанымен жүрекке жылы ағыс құйып, мәскеулік жаңа таныстар бізді қайтар жолға ұзатып салып тұрды. Біз Мәскеуді, Мәскеу бізді қимай қол бұлғап бара жаттық.
Асхан МАЙЛЫБАЕВА,
Шымкент–Мәскеу–Санкт Петербург–Мәскеу–Шымкент.