Келіссөздер қайта басталмақ
Вашингтонда көп жылдарға созылған үзілістен кейін Палестина мен Израиль арасындағы тікелей бейбіт келіссөздер қайтадан жалғаспақ.
Үнқатысудың қайта жалғасуына АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри ықпал етті. Жексенбі күні ол өзі Палестина президенті Махмуд Аббасқа және Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға телефон шалып, олардың өкілдерін Вашингтонға шақырған. Мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Джен Псакидің айтуынша, алғашқы кездесулер 29 шілдені
Келіссөздер қайта басталмақ
Вашингтонда көп жылдарға созылған үзілістен кейін Палестина мен Израиль арасындағы тікелей бейбіт келіссөздер қайтадан жалғаспақ.
Үнқатысудың қайта жалғасуына АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри ықпал етті. Жексенбі күні ол өзі Палестина президенті Махмуд Аббасқа және Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға телефон шалып, олардың өкілдерін Вашингтонға шақырған. Мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Джен Псакидің айтуынша, алғашқы кездесулер 29 шілденің кешіне және 30 шілдеге жоспарланған.
Италияда автобус аударылды
Жексенбі күні кешкілік Италияның Авеллино қаласы маңында болған автобус апатынан кем дегенде 38 адам қаза тауып, оннан астам адам ауыр дене жарақаттарын алған.
Сарапшылар бұл жол-көлік оқиғасын Еуропа автожолдарындағы соңғы жылдардағы ең ауыр оқиға деп атап отыр. Италиялық БАҚ-тардың хабарлауынша, құрбан болғандардың басым бөлігін егде адамдар мен балалар құрайтын көрінеді. Қаза тапқандардың денелерін автобустан шығарып алуға құтқарушылар екі сағаттай уақыт жұмсаған. Ауыр дене жарақаттарын алған 11 адам ауруханаларға жеткізілген.
Бенгазиде бүлік басылмай тұр
Ливияның шығысындағы Бенгази қаласында үш бірдей қуатты жарылыс орын алған. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, жарылыстардың үшеуі де әкімшілік ғимараттар, атап айтқанда, прокуратура мен сот ғимараттары орналасқан жерде болған.
Әзірге қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы нақты мәліметтер жоқ. Сол сияқты, жарылыс үшін жауапкершілікті де ешкім өз мойнына алмай отыр. 2011 жылы қан төгісті азамат соғысы басталып, соның барысында елдің лидері Муаммар Каддафи тағынан құлатылған Бенгази қаласы әлі күнге дейін Ливиядағы шиеленісті ошақтардың бірі болып қалуда. Бұл қалада әскери қызметшілер мен қауіпсіздік күштері қызметкерлеріне жиі-жиі шабуылдар жасалып тұрады.
Үкімет әскерлері позициясын нығайтуда
Сирияның үкіметтік әскерлері ливандық «Хезболла» тобы содырларының қолдауымен Хомстағы өздерінің позицияларын нығайта түсті.
Сирия оппозициясы өкілдерінің айтуларына қарағанда, президент Башар Асадтың күштері әлі де болса ереуілшілер ұстап тұрған қалған аудандардағы оппозициялық бөлімшелерді тұншықтыруға ұмтылуда. Хомсқа жасалған шабуыл ереуілшілер бақылауындағы аумақтарға қарсы үкімет қолға алған кең ауқымды науқанның бір бөлігі болып табылады. Бұ л қаланың құлауы үкімет үшін үлкен жеңіс ретінде саналатынын да айта кету қажет.
Жаңа билік қатаң тәртіпке көшпек
Египет президентінің міндеттерін уақытша атқарушы Адли Мансур ел премьер-министріне елде жалғасып жатқан қақтығыстар кезінде азаматтық тұлғаларды тұтқынға алу жөнінде әскерилерге бұйрық беру құқығын берді.
Ал «Мұсылман бауырлар» исламистік қозғалысының жақтаушылары тақтан құлатылған президент Мурсиді қайтаруды талап етіп, наразылық акцияларын одан әрі жалғастыруда. Адли Мансур шешімінің елдің ішкі істер министрі Мохамед Ибрагимнің ел билігі құқық тәртібін бұзушыларға қатаң шара қолданатын болады деген ескертуінен кейін қабылданғанын айта кету қажет.
Берлускони түрмеге отыруға дайын
Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлускони егер оны салық төлеуден жалтарғаны үшін кінәлі деп тапса, өзінің үй тұтқынынан бас тартып, түрмеге отыруға ниеті бар екенін хабарлаған.
Бұл туралы 77 жастағы саясаткер миландық күнделікті шығатын Libero газетіне берген сұхбатында мәлімдеген. Айта кету керек, осы іске қатысты жоғарғы соттың келесі отырысы алдағы аптада өтеді. Онда Берлускониді бас еркінен айырып, оның бес жыл бойына мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салатын үкім бекітіледі немесе теріске шығарылады.
Саакашвили партиясы кандидатын анықтады
Саакашвили партиясы президенттікке кандидатты анықтады. Осылайша «Біртұтас ұлттық қозғалыс партиясы» алдағы қазан айында өтетін президент сайлауына ел парламентінің экс-спикері Давид Бакрадзенің кандидатурасын ұсынды.
Ол партияішілік дауыс беруде үш бірдей кандидаттыққа үміткерлерден басым түскен. Біз үшін президенттікке кандидатты «көсемнің» жеке-дара тағайындауы дұрыс болып саналмайды, деп мәлімдеген «Біртұтас ұлттық қозғалыс партиясынан» сайланған парламент мүшесі Давид Дарчиашвили. Осы арқылы ол «Грузин арманы» басқарушы коалициясынан ұсынылған кандидат Георгий Маргвелашвилидің премьер Бидзина Иванишвилидің қалауы бойынша пайда болғанын ескерткен көрінеді.
АҚШ-тағы тікұшақ апаты
Американың Пенсильвания штатында тікұшақтың құлауы салдарынан бес адам қаза тапқан. Олардың біреуі бала көрінеді. Бұл туралы дүйсенбі күні Азаматтық авиация федералдық басқармасына сілтеме жасай отырып, New York Times басылымы хабарлаған.
Тікұшақ жексенбі күні радардан жоқ болып кетіп, экипажбен байланыс үзілген. Нью-Йорк әуежайынан Лихайтон қаласына бағыт ұстанған әуе кемесінде бес адам болғаны анықталып отыр. Полиция өкілі олардың бесеуінің де қаза тапқанын растаған. Әзірге ол адамдардың кімдер екені анықталған жоқ. АҚШ-тың Көліктегі қауіпсіздік кеңесі тікұшақтың апатқа ұшырау себептеріне тергеу жүргізбек.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.