Қоғам • 26 Желтоқсан, 2019

Смайыл Мақышов Phillips Exeter Academy мектебін бітіретін тұңғыш қазақ баласы

467 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстаннан шыққан оқушы-кәсіпкер Смайыл Мақышов биыл Phillips Exeter Academy мектебін бітіреді. Бұл мектеп Niche рейтингісінің басында #1 болып тұрған АҚШ-тағы әйгілі оқу орны. Мәселен, Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаған Марк Цукерберг те осы мектептің мақтанышы.

Смайыл Мақышов Phillips Exeter Academy мектебін бітіретін тұңғыш қазақ баласы

Ал Смайыл Мақышов New Hampshire штатындағы аталмыш мектептің Қазақстаннан шыққан тұңғыш түлегі. Екінің біріне бұйырмайтын мұндай мектепке қазақ баласы қайдан тап болды десек, соңғы жылдары Смайыл үш стартап ашып, оның біреуі бүкіл әлемнің оқушылары қатысқан стартаптар конкурсында үздік деп танылған 20 стартаптың санатына іліккен. Сондай-ақ Смайыл АҚШ-тағы компьютерлік ғылым олимпиадасына  (USA Computing Olympiad) да қатысады. Бұл АҚШ-тағы компьютерлік бағдарламалар бойынша ең беделді жарыс болса, Смайыл осы олимпиаданың Алтын дивизиясына дейін жетіп (Gold Division), 2019 жылы New Hampshire Science and Engineering Expo олимпиадасында сандар теориясы жобасы бойынша математикадан 1 орынды иеленген.

Мұнан да бөлек, қазақ баласы аталмыш мектептің белсенді көшбасшысының бірі. Студенттік кеңес, Халықаралық студенттер альянсы,  Жас кәсіпкерлер клубы, Exeter LaunchX Club сияқты көптеген клубтарға жетекшілік етеді.

Ендеше 10 жасынан бастап өзіне өр мақсаттар қойған Смайыл бұл мектепті қайдан білді және қалай іріктеуден өтті?

– Мен кішкентай күнімнен өзіме  жоғары мақсаттар қойдым. 10 жасымнан бастап ата-анамнан жырақтамын. Өз қызығушылығыма сәйкес мектептер ауыстыра отырып, компьютерлік ғылым мен математикадан күрделі, жетілдірілген курстары бар және біріккен жобалар мен идеяларды бірге жүзеге асыра алатын қатарластарым бар мектеп табуға шешім қабылдадым.  Және іздеуге кірістім де.

Осындай мектептердің қатарында және тізімде бірінші болып, негізі 1781 жылы қаланған Phillips Exeter Academy тұрды. Жекеменшік мектептің студенттер қалашығына 11 жасымда келдім. Ол менің жүрегімді бірден жаулап алды. Зерттей келе, іздеп жүргенім осы мектеп екендігін түсіндім. Бұл мектепке барлық мемлекеттерден халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары, ғылыми жобалардың жүлдегелері, халықаралық деңгейдегі спортшылар мен ең талантты музыканттар, қысқасы өз мектептерінің көшбасшылары бола алған, №1 оқушылары қабылданады екен. Мен Америкада жоғары білім алған ағамның жетекшілігімен жоспар түзе отырып, Phillips Exeter Academy-ге ғана емес, АҚШ-тың ең үздік топ-мектептеріне де қатар құжаттар тапсырдым. Бұл мектептердің барлығына АҚШ университеттерімен бірдей дерлік іріктеулер жүреді. Ұзын-сонар анкета толтырып, өзің туралы өмірлік мақсаттарыңды, жетістіктеріңде түгел тізе отырып, эссе жазасың және SSAT тестін тапсырасың. 

Phillips Exeter Эндоумент мектебінің Қоры 1,3 миллиард АҚШ долларын құрайды және әлемдегі ең ірі мектеп саналады. Және дүниежүзіндегі ең ірі мектеп кітапханасы да осында. Мені таңдандырғаны, курстарды таңдаудың аса ауқымды мүмкіндіктері болды. Мен бұл жерде деңгейі мен күрделілігі өз қабілетіме сәйкес жоспар  құрып, курстарды таңдай аламын, –  дейді Phillips Exeter Academy мектебін бітіретін тұңғыш қазақ баласы.