Адам өмірдің қай кезеңінде болмасын ата-бабасынан қалған асыл мұралары болып есептелінетін тарихы мен ұлттық өнерді танып білуге ұмтылған. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуы ұлттық сананың күрт оянуына айрықша ықпал еткені аян. Егемен елдің туын көкке көтеретін, әрине, өркениетті ұрпақ, сондықтан да, сол болашақ иелерін жан-жақты жетілген, ақыл парасаты мол етіп тәрбиелеуіміз қажет. Қай халық болмасын үмітін ең алдымен ұрпағынан күтеді. Бүгінгі таңда әрбір мемлекеттің алдына қойған мақсаты тарих сахнасынан орын ала отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылу болса, сол экономикасы жақсы дамыған елдердің басты жетістіктері олардың қазба байлықтарының көптігі немесе жер көлемінің үлкендігінде емес, сондағы байлықты өз орнымен игере білуінде. Бұл қажеттілікті қанағаттандыру үшін ел ертеңі – бүгінгі жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге бүкілхалықтық дәрежеде мән беру – қазіргі кездегі маңызды мәселе.
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек», – деп атап көрсеткен болатын. Осыған орай С.Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасы да бұл мәселені кеңінен қамтып, жастарды ұлт тарихын, дәстүрін, мәдениетін білуге баулуда. Жақында осы мақсатта кітапхананың оқу залында оқырмандарға арнап «Ұлттық тарих – қазынамыз» атты көрме ұйымдастырылды. Тағдыры талайлы еліміздің тәуелсіздікке дейінгі тарихы мен бүгінгі жетістігін дәріптей отырып, жастарды елжандылыққа тәрбиелеу, отаншылдық сезімін ояту мақсатында оқу жылы басталысымен кітапханашылар №36, 40, 47 мектептерде дәрістер оқуды жоспарлап отыр.
Ақын Олжас Сүлейменов: «Біз өз халқымыздың мәдениеті мен тарихына қызмет етуіміз керек» демекші, Қазақстан мемлекетін мәдениеті жоғары, рухы биік, патриоттық сезімі берік азаматтардың Отанына айналдыру үшін бәріміз бір кісідей тер төгуіміз керек.
Айгүл ҚРЫМҚҰЛОВА,
кітапхана қызметкері.
АҚТӨБЕ.