Аймақтар • 26 Желтоқсан, 2019

Ақмолалық студенттер үздіктер қатарында

263 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қазақстан Республикасының колледждерінің үздік 100 білім алушысы». Дәл осындай атаумен тұңғыш рет республикалық байқау өткізілді. Білім додасында ақмолалық жас өрендер де топ жарды.

Ақмолалық студенттер үздіктер қатарында

Бірнеше айға созылған сайыста облыс намысын 14 оқушы қорғады. Соның жетеуі «Үздік» атағына ие болып, арнайы төсбелгімен марапатталды. Аталған шараны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырды.

Оқушылардың қарым-қабілетін шыңдайтын бұл сайыс алғаш рет ұйымдастырылған. Сайыстың басты ережесі бойынша байқауға тек колледж оқушылары ғана қатысуға құқылы. Колледж ішілік кезеңнен сүрінбей өткен мықтылар облыстық кезеңге жолдама алады. Ал өңірлік сайыста бағы жанған жастар республикалық сыңда өңір намысын қорғайды. Аймақ намысын абыроймен қорғап шыққан студенттердің бірі – Лаура Маджитова. Ол бүгінгі таңда Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің 4 курс оқушысы.

– Бұл сайыстың басты мақсаты – білім алушылардың көшбасшылық қабілетін дамытып, олардың мамандықтарына деген құзыреттіліктерін арттыру болып табылады. Сондықтан да осы сайысқа қатысуға менде аса бір талпыныс болды. Сайыс барысында үш кезеңнен өттік. Бірінші кезең өтініш қабылдау, екінші жетістіктері және үшінші өз жұмыстары туралы баяндама. Сондай-ақ республикалық деңгейде дауыс беру керек болды. Аталған осы 3 кезеңнен 1423 ұпай жинап, жеңімпаздар қатарынан іліктім, – дейді Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенті Лаура Маджитова.

Үздік жүздіктің қатарында Темірлан Шәріпханов та бар. Бұл жігіттің есімі Көкше жұртына біршама таныс. Себебі, жас өрен суға батып бара жатқан бүлдіршінді ажал аузынан аман алып қалған. Жантүршігерлік оқиға 2018 жылы орын алған. Темірлан бүгінгі таңда Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінде «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша білім алуда.

– Жалпы бұл сайысқа қатысу үшін кезеңдерден өту керек болды. Яғни, қатысушының бірнеше байқауда жеңімпаз атанғаны және спортта немесе өнердегі жетістіктері. Мен осы ережелерге толығымен сай болдым. Сонымен қатар 2018 жылы суға батып бара жатқан бүлдіршінді құтқарып қалғанымды колледж ұжымы ескеріп, осы сайысқа ұсыныпты. Өте қуаныштымын, – дейді азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің білім алушысы Темірлан Шәріпханов.

Республикалық кезеңге аймақтардан 200-ден астам білім алушылар қатысыпты. Соның ішінде сараланып, тек 100 студент үздік деп танылған. Жеңімпаздардың барлығына арнайы төсбелгілер мен Алғыс хаттар табысталған.