Аймақтар • 26 Желтоқсан, 2019

Ақмолада жомарт кәсіпкерлер марапатталды

277 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа жыл қарсаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында туған өлкесіне меценаттық көмек көрсеткен кәсіпкерлер марапатталды. Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова жомарт кәсіпкерлер мен аудандық жергілікті билік өкілдерінің қызметін бағалап, өңірлік бағдарламалық кеңсе өкілдеріне алғыс хаттар табыстады.

Ақмолада жомарт кәсіпкерлер марапатталды

Ақмолалық кәсіпкерлер өңір тұрғындарының әлеуметтік мәселелеріне ұдайы алаңдап отырады. Өңірде мектеп пен бала бақша, ауруханалар құрылысын қолға алып, тұтас ауылдардың сүйеніші болған жомарт кәсіпкерлер аз емес. Олар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық 13 бағыты бойынша жергілікті билік органдарымен бірлесе отырып ілкімді жұмыс істеуде. Мәселен, «Қазына SR» компаниясының директоры Сайра Матайбаеваның Қосшы ауылында салған жаңа мектебі озық білім беру үлгісі бойынша жұмыс істеуде. Бұл жобаның құны 350 миллион теңгені құрайды.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға өңір кәсіпкерлері сүбелі үлес қосты. Біздің қоғам азаматтық бастамаларға бет бұрып, әлеуметтік мәселелерді шешуде жаңа бастамалар ұсынып келеді. Облыс аумағында 2019 жылы «Рухани жаңғыру» аясында 3 мыңға тарта жоба жүзеге асырылды. «Туған жер» бағдарламалық бағыты бойынша  жалпы соммасы 5,3 миллиард теңгені құрайтын 583 әлеуметтік нысан қолданысқа берілді,–дейді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова.

Ақмолалық азаматтар туған өлкенің тарихи тұлғаларын ардақтап, олардың өмір жолын жас ұрпаққа үлгі етуді мақсат тұтқан. Өңір ақындары мен жазушыларының алғашқы аудиокітабы бұл бағыттағы соны қадам болмақ.

– Бүгінгі таңда осындай 9 аудиокітап жарық көрді. Оларды тегін «смарт рухани Ақмола» қосымшасы арқылы ұялы телефонға жүктеп алуға болады. Әлеуметтік желілерде де таратылуда. Келер жылы, ішкі саясат басқармасының қолдауымен Көкше өңірі туралы ақын-жарушылардың туындыларын жеке жинақ етіп жариялауды жоспарлап отырмыз,–дейді өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайрат Сейітқазин. 

Бағалы бастамалар ауыл тұрғындары тарапынан да қолдау тауып отыр. 1993 жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысып келе жатқан Оразалиндер әулеті туған ауылдарын қамқорлықтарына алып отыр.  

– 2019 жылы әрқайсысы 8 пәтерлі мұғалімдер үйлерінің құрылысын аяқтадық. Осылайша, ауылымызға келген ұстаздарға 24 пәтер берді. Спорт алаңы салынып, 6 шақырым ауыл көшесіне асфальт төселді,–дейді «Байдалы» серіктестігінің директоры Бағдат Оразалин. 

Ел жаны жомарт кәсіпкерлерге ақ алғыстарын айтуда.