Қоғам • 27 Желтоқсан, 2019

Диқанның бар тілегі дарияда

450 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мұнайлы өңірлер қатарына қосылғанына 30 жыл­ға жуықтаған Қызылорда облысында ауыл шаруа­шылығы негізгі саланың бірі саналады. Өткен ғасыр­дың тоқсаныншы жылдары абдырап қалған ауылдағылар көп ұзамай ес жиып, ата кәсіпке қайта кірісті. Мемлекет қолдауын тиімді пайдаланғандар табысқа жетіп, ел тіршілігіне едәуір өзгеріс енді. Бірақ жыл өткен сайын агросаладағылардың алаңын көбейтіп келе жатқан бір жағдай бар. Бұл – егіс алқаптарын суландыру мәселесі.

Диқанның бар тілегі дарияда

Судың шуы бітпейді

Осыдан 28 жыл бұрын облыс­та 286 мың гектарға жуық суармалы егістік алқабы болған. Жыл сайын аясы тарылған алқаптан қазір қалғаны 177 мың гек­тар­дың шамасында. Оның да 25 мың гектары соң­ғы 5 жылдың көлемінде қайта қосылған алқап. Ауыл иесіз қалғандай күй кешкен кешегі кезеңде инже­нер­лік жүйеге кел­тірілген жердің көпшілігін сор ба­сып, дәрмені құрыған диқанның көз алдында тозып кетті. Осыдан да Елбасының аймақтарда мемлекет-жеке­меншік әріптестігі аясында суар­малы жерлердің кө­ле­мін арттыру туралы бастамасын аймақ аграр­шылары қуана қол­дады. Ар­найы жұмыс тобы суар­малы жер­лерді кеңейту мүм­кіндігін зерт­теумен айналысты. Тиісті құры­лымдар мен аудан әкім­дері­не өңірдің суармалы егін­шілі­гін дамыту жөнінде жер көле­­мі, суару тетіктері мен жоба­ны қар­жыландыру көздері көрсе­тілген іс-шаралар жоспарын әзір­леу тапсырылды. Жұ­мыс тобы об­лыстағы суармалы жер көле­міне тағы 51 мың гек­тар қосуға мүмкіндік барын анық­тады.

Осы бағытта жұмыс басталып та кетті. Облысқа белгілі «Мелиоратор» компаниясы 1000 гектарлық алқапта өз есебінен 11 шақырымдық канал қа­зып, оның бойына 3 қондырғы салды. Серіктестік осы жұмыстарға 211 млн теңге жұмсапты. Бұдан бөлек дүние­жүзілік қаржы институттары қаражатына тағы 15 мың гектар жер ашылады. Үш компания осы бағыттағы жұмысты жаз айында бастады. Алдағы уақытта Азия даму банкі мен Дүниежүзілік банк қаражатына тағы 172 мың гектарды игеру жоспарда тұр.

Әрине суармалы алқаптың кеңейгені аймақ үшін жақсы жаңалық. Бірақ, оларды суландыру мәселесі қалай болмақ? Осы сұраққа жауап іздеп, мамандарға жүгіндік. «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары, белгілі су маманы Жорабек Ерназаров бұл бағыттағы басты проблемаларды талдап айтты.

– Ең алдымен мемлекет-же­ке­­мен­­шік әріп­тестігі негізінде қа­зылған канал, ашылған жер­дің кім­нің иелігінде болатыны анық­тал­маған. Сол жерді ашқан кәсіпкерге берілсе, ол жұмсаған ақшасын қайтару үшін су тарифін қымбаттатуы керек. Оған суды алып отырған диқандар оңайлықпен көне қоймайтыны анық. Екін­ші мәселе, «Бассейндер және об­лыс­тар (республикалық маңызы бар қала, астана) деңгейінде 2016-2025 жылдарға арналған су пайдалану лимит­терін бекіту туралы» бұйрық бар. Осы лимит бойынша біздің облысқа 9 жыл­ға 5,4 млрд текше метр су бөлініп отыр. Оның 4,1 млрд текше метрі егіс­тік ал­қапқа, 1,2 млрд текше метрі эко­логия­лық қажет­тілік­терге арналған. Осы көлемнен артық су алу мүмкін емес, – дейді маман.

 Жалпы, су мәселесінің айна­ласында қашанда талас болатын­дығы белгілі. Осы бекітілген лимитке қа­тысты да өңірлер арасында сырт көзге көрінбейтін тартыс жүріп жатыр. Мысалы, қазір Сыр өңіріне тиесілі лимиттен көршілес Түркістан облысына үлес беріп, оңтүстік және Ақтөбе өңірлері үшін көкөніс, бақша өнімдерін егу туралы ұсыныс арагідік естіліп қалады. Әрине көкейге қо­нымды-ақ ұсыныс. Оның үстіне оң­түстік өңірдің жері де, климаты да егіске әбден қолайлы аймақ. Тұр­­ғындары да бұл кәсіпке әбден төсел­ген.

Бірақ соңғы жылдары Сыр өңі­рінде де бау-бақша егушілер қата­ры көбейіп келе жатқанын ескеруіміз керек. Осы мақсатта Жала­ғаш ауданында 15 мың гектар әзірленіп жатыр. Жаңағы ұсыныс іске аса қалған жағ­дайда оның өңірдегі басты дақыл – күріш өндірісіне де кері әсер ететінін ұмыт­паған жөн.

– Соңғы 4-5 жылдың кө­лемінде аймақтағы егістік ал­қаптары айтар­лық­тай ұлғайды. Берілген лимит аясында оларға су жеткілікті бөлініп келеді, – дейді Жорабек Ерназаров. – Бірақ дария арнасына сенім жоқ, кейбір жылдары деңгейі төмендеп кететін жағдайлар кездеседі. Мысалы, былтыр судың тапшылығынан 1000 гектарға жуық күріш алқабы күйіп кетті.

 

Жер қадірін қашырып отырған өзіміз

«Қазсушар» РМК облыстық фи­лиалы 1993 жылдан бастап әр маусымда су жеткізіп беру үшін шаруа­шылықтармен келісімге отырады. Қазір облыс бойынша 840 шаруа­шылықпен келісім бар. Соның 320-сы Жаңақорған ауданының аумағында орналасқан.

Кешегі жекешелендіру ке­зінде шаруа­шылықтар бытырап, бұрынғы ішкі шаруашылық каналдардың көп­ші­лігі иесіз қалды. Кеңшардың немесе ұжым­шардың жерін иеленген ауыл­шаруа­шылық құрылымдары канал­ды қараусыз қалдырды. Мысалы, бір каналдың бойында 5-6 шаруашылық орын тебуі мүмкін. Бірақ оларға су жеткізіп беріп тұрған жаңағы арна ешкімнің теңгерімінде жоқ. Осыдан да каналдар тазаланбай, ұйық басып, су жүруі жыл сайын қиындап барады. Бұл жерас­ты суларының көте­рілуіне, жердің сорлануы­на, батпақ­тануына әкеліп соқтырды. Су алып отырған арнаны тазалауға құлықсыз шаруашылықтарға жерді ағымдағы және күрделі тегістеу жұмыстары туралы айтып, ауыз ауыртудың қажеті жоқ. Айналып келгенде жердің де, су­дың да қадірін қашырып отырған өзіміз.

Мысалы, биылғы маусымда егіс­тік сусыз қалған жоқ. Дарияның негіз­гі арнасы ортайса да, дән себіл­ген­нен бастап орақ түскенге дейін секун­дына 228 текше метр су өткізе алатын Шіркейлі каналы арқылы шаруа­шылықтарға су жетіп тұрды. Аймақ­тағы күріш алқабының 56 мың 500 гектары осы каналдың бойында жатыр.

Әртараптандыру әдемі сөз ғана емес...

Соңғы жылдары күріштің шығы­мы жақсы. Биыл да ала жаздай атыз жа­ға­лаған диқанның төккен тері ақталып, 530 мың тонна Сыр салысы жиналды. Дән се­бер мезгілге қыс бойы дайындалатын ша­руалар алда күріш көлемін көбейтуге ниеттеніп отыр. Мысалы, алдағы маусымда Қармақшы ауданы 15 мың 600 гектар жерге кү­ріш дәнін сеппек. Бірақ «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзадының» кері тумас үшін су жағдайын да ескер­геніміз жөн. Бұл ауданның жері Шіркейлі каналының аяғында жатыр. Жаңағыдай көлемді суландыру үшін канал арнасын кеңейтіп, қосымша құбырлар салынуы керек. Әйтпесе диқан ең­бегі далаға кетеді. Сондықтан да «Қазсушар» РМК облыстық филиалы мамандары су жеткізуді арна мүмкіндігінен асырмауға тырысады. Жал­пы, барлық шаруашылықтардың егістік алқаптарды әр маусым басында мақұл­данатын келісім парағын­дағы мөлшерден асырмауы қатты қада­ғаланады.

– Жыл сайын шаруашылық өкіл­­де­рімен кездесуде егісті әрта­раптандыру туралы әдемі әңгіме ай­тамыз. Бірақ көбі сол айтылған жерде қалады. Ең қиы­ны осы. Мы­салы, биыл облыста алғаш рет 50 гектарға соя егілді. Тәп-тәуір өнім алын­­­ды. Шаруашылықтар осын­дай жаңа­лыққа бейімделу үшін олар­дың жері де, тех­никасы да сол егіске сайлы болуы керек. Жаңа­қорған ауда­ны үшін күріштен гө­рі жоңышқа ек­кен тиімді. Маусымда екі мәрте орады, өнімін біздің өңірден бө­лек Түркістан, Жамбыл, Алматы об­лыс­­тарынан келіп алып кететіндер бар. Осы­ны диқандар арасында та­ратуымыз ке­рек. Мүмкін суды мей­лінше аз «ішетін» өнім­дерге суб­си­дияны көбейту арқылы, ша­руалар қы­зығушылығын оятуға болар, – дей­ді Жорабек Шаршыбекұлы.

Дария жағалауындағы ел ежелден егіншілікпен айналысып, ұрпақтан-ұрпаққа диқаншылық дәстүрін аманат еткен өңір. Сол із жоғалмасын десек, өңір­­дің күретамырына айналған Сыр­да­рия­ суын тиімді пайдаланудың жайын ой­­лағанымыз жөн. 

 

ҚЫЗЫЛОРДА