Қоғам • 27 Желтоқсан, 2019

Баспанаға апарар жол

183 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Баспана басты игіліктің бірі. Ел тұрғындарының жеке баспанаға қол жеткізуіне қомақты үлес қосып жүрген Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі азаматтар үшін барынша тиімді ұсыныстар әзірлеуде. Биыл алпауыт ұйымның салымшылары рекордтық нәтиже көрсетіп, депозиттерде жалпы сомасы 771,2 млрд теңге көлемінде қаражат жинаған.

Баспанаға апарар жол

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі несие мөлшер­лемесі­нің­ тиімділігіне байланысты, он­да­ғы жинақтау шоттарына деген сұ­раныс күнбе-күн артып келеді. Банк клиенттері тұрғын үйдің бас­тапқы жарнасына қажетті қара­жатты жинақтай отырып, бола­шақ баспаналарын жылдық 2-8,5% мөлшерлемемен несиеге алу мүмкіндігіне ие. Биылдың өзін­­де осы мүмкіндікті 48 414 қа­зақ­стандық отбасы тиімді пай­да­лан­ған. Ресми мәлімет бойынша, күн сайын банктің көмегімен кемін­де 160 салымшы қоныс тойын атап өтуде. Бұл туралы Алма­тыда өткен қорытынды бас­пасөз мәслихатында Тұрғын үй құры­лыс жинақ банкінің бас­қарма төрайымы Ләззат Ибрагимо­ва мәлімдеді.

Банк басшысының айтуынша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің несиелік порт­фе­лі 1 триллион теңгені құрайды. Бұ­ған қоса, салымшылар депо­зит­теріне тұрақты түрде қаражат жи­нақтауда. Бұған өз кезегінде төменгі деңгейдегі, яғни 0,18%-ға тең NPL дәлел (90 күннен ас­қан­ мерзімі өткен займдар). 8%-дық­ орташа банктік деңгеймен салыс­тырғанда өте жақсы көрсеткіш.

 – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өнімдері қолжетімді бол­ған­дықтан, сондай-ақ халықтың банкке деген үлкен сенімділігінің нә­тижесінде осы өнімдерге деген­ сұраныс өте жоғары. Біз алға қой­ған мақсаттарымызды толықтай орын­дап шықтық деп санаймыз.­ Дәлірек айтсақ, ағымдағы жылы аса маңызды мемлекеттік мін­дет­тердің бірі – табысы төмен от­басыларға арналған «Бақытты от­басы» бағдарламасын дайындап, іске қостық. Қазіргі сәтте 4 053 отбасы қоныс тойын атап өтті. Бұдан бөлек тағы 736 отбасы жіберген өтінімдері бойынша оң шешім алып, қазір өздеріне лайықты үйлерді іздестіру үстін­де. Яғни, енді мыңдаған бал­дыр­ған бақытты балалық шағын жал­дамалы пәтерде емес, өз үй­ле­рін­де өткізетін болады, – дейді­ Ләззат Ибрагимова.

Ал «Бақытты отбасы» бағ­дар­ламасының талаптарына сәй­кес келмеген отбасылар «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысу­ға мүмкіндік алып отыр. Әрбір ал­тыншы несиені банк осы бағдар­лама шеңберінде берген. Жалпы аталған бағыт бойынша 2019 жылы сегіз мың отбасы баспаналы болып, оларға пәтер кілті табысталған.

Мұнымен қоса, банк 2019 жылы­ «Әскери баспана» тұр­ғын үй бағдарламасының жаңартыл­ған шарттары бойынша әскери қызметкерлерге арнап 3 811 займ берген. Бұл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өз жобасы. Оған бюджеттен ешқандай қаражат бөлінбеген. Банк шамамен 100 млрд теңге көлемінде өзінің жеке және нарықтан түскен қаражатын пайдаланып, екі жылдың ішінде 6 592 әскери қызметкерге баспаналы болу бақытын сыйлаған.

Қазіргі кезде банкте болашақ бас­паналары үшін 1,5 млн отан­дасымыз қаражат жинақтау үс­тінде. Олардың 384 242-і биыл ашыл­­ған депозиттер. Бүгінгі таңда­ салымшылардың баспаналы­ болуына мемлекет тарапынан­ да үлкен қолдау көрсетіліп отыр­ға­нын айта кеткен жөн. Жыл сайын Тұр­ғын үй құрылыс жи­нақ­ банкі­нің салымшыларына 20% кө­лемін­де берілетін сый­лықақы тиы­нын тірнектеп жи­нағандар үшін аса тиімді. Атал­ған сыйлық­ақы 200 айлық есеп­тік көр­сеткіштен (505 000 теңге) аспай­тын сомаға төленеді. Осы­лай­­ша, 2019 жылдың қоры­тын­дысы­ бойынша ең жоғары мемлекет сый­лықақысы 101 000 теңгені құраған.

Бүгінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өз салымшыларына сапалы қызмет көрсету мақсатында бизнес-процестерді оңтайландыру үшін үздіксіз жұ­мыс істеп, 2023 жылға қарай олар­дың 70%-ын онлайн-режімде ұсынуға барынша жағдай жасауда. Осы орайда, биыл енгізіл­ген жаңа жобалардың бірі – алдын ала банктік біліктілікті іске қосу және банк кеңесшілері ар­қылы қашықтықтан несиелік өтінімдерді қабылдау.

Енді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің клиенттеріне несие бойынша өз мүмкіндіктерін алдын-ала бағалау үшін банк бө­лімшесіне барудың қажеті жоқ. Олар өзіне ыңғайлы уақытта кез келген жерге банк кеңесшісін шақыр­туына болады. Арнаулы мамандар қашықтықтан депозит ашумен қатар, салымшының төлем қабілеттілігін шамалап есептеп, алдын ала мақұлданған несие сомасы көрсетілген арнайы сертификат табыстай алады.

Бұл сертификат 3 айға дейін жарамды. Осы уақыт ішінде салымшы өз мүмкіндіктерін біле отырып, өзіне лайықты баспана­ны іздеп, қарыз алу үшін банк­ке хабарласуына болады. Атал­ған жоба клиенттердің банк бөлім­шесіне баруын екі есеге қыс­қартуға мүмкіндік бермек.

«Тұрғын үй құрылыс жи­нақ­ банкі тағы бір жобаны іске­ қо­суды жоспарлап отыр. Бұл «Тұр­ғын үй құрылысын қар­жы­лан­дыруда гендерлік теңдікті қол­дау жөніндегі жоба» немесе «әйел­дер ипотекасы» деп аталады. Жобаны Азия даму банкі 38 мил­лиард теңге көлемінде қар­жы­ландырады. Қазір елімізде 9,1 миллион әйел тұрады. Оның ішін­де 4,4 миллионы жұмыс істей­ді, олардың жартысы өз отбасыларын дербес қамтамасыз ете­ді. Бұл ретте әйелдер орташа­ есеп­пен ер адамға қарағанда үш­тен­ бір бөлікке аз жалақы алады. Табыс деңгейінің төмендігі нәзікжандылардың үй сатып алу үшін қолжетімді несие алуы ер адамдарға қарағанда қиын екенін көрсетеді. Сол себепті біз осы жо­баны қолға алуды жоспарлап отырмыз», деп атап өтті «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әлия Айдарбекова.

Аталған бағдарламаның нақ­ты қай кезде басталатындығы ту­ралы ақпаратты банк салымшыларына қосымша хабарлайтын болады.