Алқалы жиынға мемлекеттік органдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, грант алушылар мен жобалардың бенефициарлары қатысты. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы – үкіметтік емес ұйымдарды грантпен қаржыландыру операторы саналады. Бұл орталық мемлекеттік гранттарды азаматтық қоғам институттарының мүмкіндігін әлеуметтік саланың даму мәселелерін шешуге тарту мақсатында ұсынады.
– Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі үкіметтік емес секторды қолдауға үнемі дайын. Қолдау ретінде мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысты немесе гранттық қаржыландыруды айтуға болады. Биыл Жастар жылы аясындағы жобаларға мән берілсе, алдағы Волонтер жылы аясында да ауқымды жұмыс атқарыларына сенімдімін. 2020 жыл әр қазақстандық азаматтан бастап, жекелеген ұйымдардың да санасын жаңғырту жылы болмақ. Сондықтан үкіметтік емес сектордың да белсенділік танытқаны маңызды. Ең бастысы өзара сыйластық пен жауапкершілікті сезіне білу қажет, – деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының биылғы жұмыс қорытындысын тыңдауға 40-тан астам үкіметтік емес ұйымның өкілдері ат басын бұрды. Айта кетейік, осы жылы 130-дан астам әлеуметтік жоба ұсынылып, соның 128-і қолдау тапты. Осы бастамаларды қаржыландыру сомасы 3,4 млрд теңгені құрады. Жастар жылы аясында ұсынылған 57 жоба жүзеге асты.
– Жобалар жүзеге асқанымен, осы жыл аса жауапкершілікті қажет етті. Жауапкершілік жүгі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығына ғана емес, үкіметтік емес ұйымдарға да түскенін алға тартар едім. Қиындықтар жобалар конкурсын өткізу, бюджет қаражатын игеру және есеп беру кезінде орын алғанын алға тартуға болады. Аталған орталықты трансформациялау қажеттілігіне қатысты үкіметтік емес ұйымдар тарапынан келіп түскен барлық ұсыныс-тілектер назарға алынды. Сонымен қатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру барысында пайда болған қандай да бір мәселелерге қатысты жедел шешім қабылдай білдік, – деді Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрағасы Батима Мукина.
Б.Мукинаның айтуынша, осы жылы азаматтық бастамалардың басым бағыттарын, жұмысын, жүйесін айқындайтын бірқатар реттеуші құжат қабылданды. Сондықтан биылғы оң бастамалар алдағы жылдарда да лайықты жалғасын табады.