29 Шілде, 2013

Қарыз қашан қайтарылады?

241 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

pavlodarОблыстық энергетика және тұрғын үй шаруашылығы басқармасының басшысы Сайын Кәменовтің айтуынша, бұл күндері облыстағы қалалар мен аудандардың қысқы маусымға дайындығы бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жылу энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын алдағы күз-қыс маусымына дайындыққа сай өңірдегі электр стансалары күрделі жөндеулерден өтіпті. Яғни, электрмен қамту желілерінің 2462,8 шақырымына және 745 қосалқы стансаға, 29 қазандыққа, жылумен қамту желілерінің 25,4 шақыры­мына, сумен қамту желілерінің 62,1 шақырымына күрделі жөндеулер жүргізіліп, 2399 тұрғын үйде қысқа дайындық жұмыстары жалғасуда. Қазіргі күндері мектептердің – 77, денсаулық сақтау нысандарының – 86, әлеуметтік, мәдениет және тұрмыстық нысандардың 71 пайызы дайын.

Сонымен қатар, облыс әкімі Ерлан Арын облыстағы барлық мектептер 1 қыркүйекке дейін жылу беру маусымына дайын болсын деген арнайы тапсырма берді. Бәрінен бұрын өкініштісі сол, кейбір тұрғындар жылу мен жарықтың қайдан келіп, қайдан шығып жатқанын білмей тегін дүниедей көретінін коммуналдық қызметтерге төленбеген қарыздар тізімінен көреміз. Осы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша облыс тұрғындарының қарызы 457,9 миллион теңгені құрап отыр. Тұтынушылар жылумен қамтуға 331,9 миллион теңге, электрмен қамтуға 90,0 миллион теңге, сумен қамту қызметтеріне 36,0 миллион теңге төлемеген. Бұдан бұрындары да қалалар мен аудандардың әкімдеріне мер­зімінен кешіктірілген қарыздарды жабу және оны болдырмау бойынша тиісті іс-шаралар әзірлеу жөнінде тапсырмалар берілген-ді. Біз бұл жайында «Қарыз бен парыз» атты мақаламызда жазып кеткенбіз. Сөйткен қарыз әлі күнге дейін жиналған үстіне жиналып, көбейіп барады.

Ерлан Арын қа­лалар мен аудандардың әкім­де­ріне, мемлекеттік органдар бас­шыларына қарыз мәселесін ба­қылауға алып, 1 қыркүйекке дейін көрсетілген коммуналдық қызметтер қарызын жабу бойын­ша қатаң шаралар жүргізуді, сон­дай-ақ, шалғайдағы және қала іргесіндегі ауылдардың электр, су, жылумен қамту нысандарын назарға алуды тапсырды. Айт­пақшы, ауылдар демекші, облыс орталығына қарасты Те­мір­жолшылар кенті қазір құры­лыс алаңына айналған, өз ағайын­дары­мыз ауылдардан келіп, тұр­ғын үйлерді көптеп салып жатыр. Бірақ, электр жарығының жоқ­ты­ғы үлкен мәселеге айналып отыр. Өткен жылы бағаналар орна­тылыпты. Кентке электр жа­ры­ғын тартумен жұмыс жасап жат­қан «Кабистройсервис» ЖШС мердігер ұйымы осы жылдың со­ңына дейін жарық жағып береміз деп уәде беріпті. Тұрғындардың айтуынша, қазір жарқыраған жаз айында сымдарын тартып, электр жарығын жақпаса, былтырғыдай тағы да қараңғы үйде қалар түрлері бар. Біреулер жарықты сутегін пайдаланса, ауыл тұрғындары жарыққа зәру...

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Павлодар облысы.