29 Шілде, 2013

Қызылорда қайнаған тіршіліктің қазанындай

398 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

кызылордаҚызылорда қаласына келе қалсаңыз, қайнаған тіршілікке куә боласыз. Көшелер күрделі жөнделіп, жарық бағаналары жаңартылып, су жаңа аялдамалар қойылып жатқанын көресіз. Бұрын да қала көріксіз емес еді. Дегенмен, соңғы айларда қаланың дамуы жаңаша сипатқа енгенін байқаймыз.

Қызылорданың көшелері қалай жөнделіп жатыр?­ Оған қанша қаржы бөлінді? Жа­рық бағаналарын бар­лық көшелерге орната ма? Қала орталығындағы аял­да­малардың қаншасы жаңар­тылады?

«Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Ержан Байтілес қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа:

– Сіз бұған не дейсіз?

– Жалпы, Қызылорда қаласын­да ұзындығы 612 шақырымды құрайтын 765 көшенің 535-і асфальттанған. Ал 138 көшеге тас жол төселсе, қалған 92-сі қара жол санатында. Биыл қала көшелерінің жолдары жаңаша сипатқа ие болып отыр. Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының тікелей қолдауымен республикалық және жергілікті бюджеттен 5 миллиард 241,8 миллион теңге бөлініп, оған жалпы ұзындығы 89,5 шақырымды құрайтын 73 көшеге қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қалалық бюджеттен бөлінген 95 миллион 167 мың теңгеге 70 көшенің жолдары ағымдағы жөндеуден өткізілмек. Бүгінгі күнге дейін ұзындығы 27,5 шақырым болатын 24 көшеге күрделі, қайта жаңғырту және орташа жөндеуден өтті. Сондай-ақ, 46 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, әуежайдан қалаға дейінгі жолдар күрделі жөндеуден өткізіліп, жарықтандырылып жатыр. Ал қаладағы орталық жол болып саналатын Жібек жолы көшесі алты жолақты даңғылға айналып, кеңейтілу үстінде. Қазір бұл жолдарда еуропалық стандартқа сай қиыршық тасты-мастикалық асфальт-бетон деп аталатын соңғы қабаты салынып жатыр.

Биыл қалалық бюджеттен бағдаршамдардың жоба-сметалық құжаттарын қарауға тиісті қаржы беріліп, бүгінгі күні жаңа үлгідегі 31 бағдаршам орнатуға қалалық бюджеттен 417 миллион 300 мың теңге бөлінді. Сонымен қатар, жол белгілеріне 8 миллион 600 мың теңге және жол сызықтарына 20 миллион 694 мың теңге қарастырылды.

Қалада абаттандыру жұмыстары қарқын алды. Осы жылы қалалықтардың өзекті мәселелерінің бірі – жаяу жүргіншілер жолын салуға облыстық, қалалық бюджеттен 923 миллион теңге бөлінді. Аталған қаржыға 24,3 шақырымды құрайтын 20 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынып, 37 көп қабатты тұрғын үйдің аулаішілік жаяу жүргінші жолдары мен автотұрақтары жөндеуден өткізілуде. Қазіргі уақытта бұл жұмыстар 50 пайызға орындалды. Сонымен қатар, республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген 537 миллион 900 мың теңгеге қалада ұзындығы 52,2 шақырымды құрайтын 43 көше жарықтандырылып отыр. Бұл іс тек қаламен шектелмейді. Қалаға қарайтын ауылдарда да 37 көшеге жаңа жарық бағаналары орнатылып жатыр.

Абаттандыру жұмыстарында көпқабатты тұрғын үй аулаларында 23 балалар спорт алаңы салынып, қазіргі заман талабына сай 50 жерге автобус аялдамалары орнатылуда.

ҚЫЗЫЛОРДА.