Ақай Нүсіпбекұлымен қатар еңбек еткен академик Манаш Қозыбаев оған «Дәуір шежірешісі» деп баға берген болса, қазақ тілінің үлкен жанашыры, академик Әбдуәли Қайдар Ақаңның жұмысты қатал талап ететін жан болғанын айтады. Сөйте тұра, азаматтық абзал қасиетінен айнымайтынын да үлгі етеді. «Ақаң қоғамдық ғылымдар бойынша вице-президент қызметін атқарып жүрген кезінде мен Тіл білімі институты директорының орынбасары едім. Директорымыз белгілі ғалым Ісмет Кеңесбаев болатын. Сан алуан ғылыми-ұйымдастыру мәселелерімен күнде дәйекті түрде айналысып отыратын вице-президенттің «құлақ кесті құлы» – институттар директорларының орынбасарлары. Мен сол жылдары Ақаңмен қызмет бабына байланысты жиі кездесіп, тапсырмаларын орындап жүрдім. Бір қарағанда тым қарапайым, ауылдағы таныс адамдар сияқты өзіне баурай сөйлейтін, істен басқа артық әңгімесі жоқ адам болып көрінгенмен, тапсырған жұмысты қатал талап ететін еді. Сол тапсырма орындалып, ойдағыдай болып шыққанда ғана Ақаңның қабағы жадырап, біз сияқты жастау басшыларға ағалық мейірбандықпен қарап, ашыла сөйлеп, ақылын айтып, жылы қабақпен шығарып салушы еді. Мен тәрізді академикті «дүниеге келтірген» академик ағаларымды ерекше бір ілтипатпен еске аламын. Ақаңның жақсылығын кезінде өзіне дұрыстап айта алмаған едім. Енді естелік ретінде болса да марқұмның ұлы рухы алдында басымды тағы бір иіп, тағзым етемін!» депті Әбдуәли аға өз естелігінде.
А.Нүсіпбекұлы өмір сүрген кезең түрлі өзгерістерге, тіпті халық тағдыры таразыға тартылған сәттерге де толы болды. Академик Салық Зиманов айтқандай, аумалы-төкпелі заманда, мұң мен зардың, айтыс пен тартыстың, өмір мен өлімнің бел ортасында жүрсе де азаматтық тұлғасына дақ түсірген жоқ. Жас мамандарға, ғалымдарға қатты іш тартып, олардың ғылым әлеміндегі өз орнын қалыптастыруына қамқорлық жасады.
1944 жылы И.Панфилов атындағы №8 гвардиялық атқыштар дивизиясының саяси бөлімінің нұсқаушысы, майор А.Нүсіпбеков КСРО Ғылым академиясы қазақ филиалының президенті Қ.Сәтбаевтың атына жолдаған хатында келешекте жазылатын Отан соғысы тарихына байланысты, майданда ерлікпен шайқасқан қазақстандық жерлестеріміз туралы материалдарды осы бастан жинай беру маңызды екенін, сондай ерлердің бірі Төлеуғали Әбдібеков туралы құжаттарды жіберіп отырғаны айтылады. Соғыста 398 фашист жендетін жер жастандырған атақты мерген Т.Әбдібековтің мергендік кітапшасы мен хаттарын қоса жіберіпті. Кейінірек сәті түскенде өзінен сұрағанымда, майданда саяси қызметкер ретінде мергендер арасында болғанын айтты. Төлеуғали жараланып, госпитальда емделгенде, хат жазысып тұрған екен. Ол Новосокольники түбінде қаза тапқанда, қоржынынан мергендік кітапшасымен бірге, сол хаттар да шығыпты.
Тарих ғылымдарының докторы Ибраһим Шәмшатұлы А.Нүсіпбекұлының батыл адам болғанын айтады. Иә, кеңес дәуірінде кей шешімдерді батылдықпен, үлкен тәуекелмен қабылдауға тура келді. «Батылдықсыз күрделі мәселелердің шешілмейтіні, батыл емес адамның ез болатыны белгілі ғой. 1950 жылдардың бас кезінде қазақ ғалымдарына күдіктене, менмендікпен қарау етек алды. Осындай жағымсыз, нәсілшілдік құбылыстың қалдықтары 1960 жылдары да кездесіп қалатын. Ақай басқарып отырған институттың ғылыми қызметкері В.Кузнецов өрескел әрекетке жиі ұрынатын. Ол Новосібірдегі бір жолдасына: «Мен калбиттерді үйретуден шаршап жүрмін», деп хат жазыпты. Бұл хат ұмытылып, жіберілмей қалған жерінен қолға түсіп, Кузнецовтың шовинистік нәсілшілдігі әшкереленді. Институт директоры А.Нүсіпбеков оның кітапшасына «шовинистік көзқарасы үшін жұмыстан босатылды» деп жазып, орнынан босатты. Ол кезде бұл батыл әрекет еді» деп жазады И.Шәмшатұлы.
А.Нүсіпбекұлы сонымен қатар жан-жақты білімдар, көп білетін көшелі кісі болды. Өзі ғұмырын арнаған тарих ғылымына ғана емес, барлық салаға қатты қызығушылық танытып отыратын. Музыкаға қатысты бір ғана мысал: қызым Маржан Прокопьев атындағы музыка мектебінде оқыды. Маржанның музыка мектебінде оқуға қабылданғанын айтқанымда, сол күні күйсандық сатып әперді. Маржан төртінші сыныпқа көшкенде, «кәне, екеуміз төрт қолмен ойнап көрейікші» деп, Агинскийдің «Полонезін» ойнай жөнелді. «Ата, сіз асығып отырсыз, тыңдап тарту керек қой» дейді Маржан. Атасы оның сөзіне мәз болады. «Енді дұрыстап ойнаймын, қайтадан тартып көрейік» деп тағы ойнайды.
Әсілінде А.Нүсіпбекұлының музыкадан ғана емес, оның тарихынан, халық фольклорынан да мол хабары болды. Күйлердің, әндердің шығу тарихынан әңгіме айтып, тереңнен тарқатып отыратын. Ол осындай көп қырлы білімдарлығын, табанды, батыл, талапшыл мінезін өзі шын берілген ғылымға арнады.
Мәкен Нүсіпбекова