
Украинаның ауыр салмақта өнер көрсететін атақты кәсіпқой боксшысы Владимир Кличко өзінің британдық әріптесі Дерек Чисорамен төбелесіп қалды. Бұл туралы англиялық спортшысының жаттықтырушысы Дон Чарльздің мәліметіне сілтеме жасаған «Lifenews.ru» хабарлады.
Оқиға Испанияның Ибица қаласы маңындағы түнгі клубтардың бірінде орын алған.
Дон Чарльздің айтуынша, екі боксшы осы жерде кездейсоқ кездесіп қалған. Басында екеуі жәй сөз таластырып тұрғанға ұқсайды. Бірақ соңынан екеуінің қатты ұстасып қалғаны себепті, оларды мекеме күзетшілерінің ажыратуларына тура келді.

Владимир Кличконың британиялық боксшыға тіс қайрауы жайдан-жай емес. 2012 жылдың ақпан айында Дерек Чисора оның ағасы Виталий Кличкомен жекпе-жекке түсер алдында Владимирдің бетіне түкірген еді. Оған қоса, британиялық боксшы салмақ өлшеу кезінде Виталийдің бетінен шапалақпен тартып жіберген болатын. Кейіннен оған бұл әрекеті үшін айып салынды.
Айдар Өрісбаев.