Болашақты айқындаған тарихи таңдау
Бір мүшелді қайырған бұл жыл ең алдымен Елбасының Президент ретіндегі қызметін тоқтатқанымен ерекше есте қалды. Тұңғыш Президент – мемлекеттің негізін қалаушы тұлға, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұтас бір дәуір. Бүгінде Елбасы елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Nur Otan партиясының Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесі болып қызмет етіп келеді.
Бейбітсүйгіш еліміздегі биліктің бейбіт жолмен ауысуына дүйім жұрт, дүние жүзі оң бағасын берді. Нұрсұлтан Назарбаев өз мәлімдемесінде «Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат Төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады. Қазір Парламент Сенатының Төрағасы – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.
Оны сіздер жақсы білесіздер. Ол – Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ғылым докторы. Ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген. Басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинады. Еліміздің сыртқы саясатының қалыптасу жылдарында Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрдің орынбасары және Премьер-Министр, Сенат Төрағасы болды. Елімізді, оның экономикасы мен саясатын жетік біледі.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Бұл – оның дипломат ретінде сіңірген еңбегінің және Қазақстанға деген зор сенімінің жемісі. Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол – адал, әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін» деді.
Осылайша ел тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауына дейін Мемлекет басшысы қызметін атқарды. Ал сайлаудан кейін халықтың ең көп дауысын жинаған ол Қазақстан Президенті лауазымына ресми түрде кірісті.
Халық тарихи таңдау жасаған тағдыршешті саяси науқан да тоғыз санымен тоғысты. Кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдың 9 сәуірінде қабылданған «Қазақстан Республикасының Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» №18 Жарлығына сәйкес 2019 жылдың 9 маусымында өтті. Сайлау нәтижесінде жеті кандидаттың ішінен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылар даусының 70,96%-ын иеленіп, Қазақстанның Президенті болып сайланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде он негізгі бағытты белгілеп, олардың бәрін жүзеге асыруға дереу кірісу керектігін айтты. Атап айтқанда, халықтың табысын арттыру және әл-ауқатын жақсарту, сыбайлас-жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдар жасау, соттық-құқықтық реформа, әділетті әлеуметтік саясат, тұрғын үй мәселесін шешу, өңірлерді дамыту, тепе-теңдік және көпвекторлы сыртқы саясат, сондай-ақ жастарды қолдау. Бұл маңызды бағыттың барлығы Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасымен сабақтасады. Президент ұлықтау рәсімінде «Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін! Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істейміз. Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету. Біздің бір ғана Отанымыз бар! Тағдырымыз – бір! Біз халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз!» деді.
Ұлттық кеңес – көшелі бастама
Мемлекет басшысы сайлауалды тұғырнамасында бүтіндіктің кетеуін кетірмей, тұрақтылықтың тірегі – бейбітшілік, игілік, өркендеу, әділдік және баршаға ортақ тең мүмкіндіктерді сақтай отырып, әділетті, дамыған қоғам құруға бастайтынын айтты. Ел тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаев саяси сабақтастықты сақтай отырып, ауызбірлікті одан әрі нығайта түсу үшін әуелден қоғам мен билік арасындағы диалогты дамытуға ден қойды. Ол Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімінде халыққа берген уәделерін тағы бір сабақтап, жаңадан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын және бұл түйткілді мәселелердің түйінін тарқататын, халықтың озық идеялары мен ұсыныстарын бір арнаға тоғыстыратын алаң болатынын мәлімдеді.
Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған билік пен бұқара арасындағы диалогтың діңгегі іспеттес Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бүгінде бағыты айқындалып, жұмысы біршама жүйеленді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен азаматтық қоғам қалыптастырудың нақты бір қадамына баланған Кеңестің осы күнге дейін екі отырысы өтті.
Қоғамның түрлі саласында халықты толғандырып жүрген мәселелерді ұдайы көтеріп жүрген, өзіндік ой-пікірлері қалыптасқан, көпшіліктің сеніміне ие болған азаматтар құрамына кірген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы 6 қыркүйекте өтті. Бұл келелі кеңесте талқыға түскен түйткілді мәселелер түгелге жуық Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында көрініс тапқан деуге болады. Сондықтан да Президент ортақ міндеттер мен сайлауалды бағдарламасын іске асырудың жоспары кеңінен қамтылған бұл Жолдауын «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп атады. Яғни, Жолдауда назарға алынған басым бағыттар халықтың сын-ескертпелеріне негізделді. Мемлекет басшысы елдің алдағы даму бағдарын айқындаған басты құжатта көрсетілген бастамаларды осы Кеңес шеңберінде пысықтауға және дамытуға болатынын айтты.
Ал Ұлттық кеңестің екінші отырысы 20 желтоқсанда өтті. Қалың бұқараның назарын аударған бұл басқосуда Мемлекет басшысы еліміздің өзекті экономикалық және саяси мәселелері бойынша жүйелі, ұзақ мерзімді, тиімді шараларды әзірлеу бірінші кезектегі міндет екенін, бұл өзінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен үндесетінін, қарапайым азаматтардың сұранысы мен мұң-мұқтажын басшылыққа алатындарын алға тартты.
Ұлттық кеңесте Президент маңызды реформалардың бірі ретінде жер мәселесіне және ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалануға мән беріп, Ауыл шаруашылығы министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп 2020 жылдың 1 мамырына дейін барлық дайындық жұмыстарын аяқтауы және бірқатар аймақтардағы жерді космомониторингтеу жөніндегі қанатқақты жобаны жүзеге асыруы керек екенін мәлімдеді.
Мемлекеттік құрылымның есеп беруі мен ашықтығы, бюджет қаржысының тиімді әрі ұтымды жұмсалуы да назардан түспек емес. Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен алдағы уақытта Есеп комитеті мемлекеттік органдар мен ұйымдарда жүргізген аудиторлық жұмыстарының қорытындыларын жариялайды, квазимемлекеттік сектордағы әлеуметтік маңызы бар мекемелердің директорлар кеңесінің құрамына азаматтық қоғам өкілдері кіреді, мемлекеттік кәсіпорындардың бәсекелестік нарыққа экономикалық тұрғыдан тартылуын азайту жұмыстары басталады. Сондай-ақ Президент сыртқы қарыз туралы мәліметтердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін Ұлттық экономика министрлігіне, Қаржы министрлігіне және Ұлттық банкке сыртқы қарыздың Бірыңғай реестрін әзірлеуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа партияның тіркеу үшін мүшелері санының төменгі шегін екі есеге, яғни 40 мыңнан 20 мың адамға дейін азайтуға болады деп санайды. Сондай-ақ Президент партия қатарына сайланатын азаматтар тізімінде әйелдер мен жастар үшін міндетті 30 пайыздық квотаны енгізуді ұсынды. Бұған қоса заң шығару органындағы саяси азшылықтың құқығын бекітетін заңнамалық норма енгізілбек. Бұл әртүрлі партия өкілдерінің Парламенттегі кейбір комитеттерді басқаруына мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы құқық қорғаушылар белсенді көтерген мәселелерді шешу ісіне де тоқталды. Сыртқы істер министрлігіне Азаматтық және саяси құқық туралы халықаралық пактіге және оның Екінші Факультативті хаттамасына қосылу рәсімдерін бастауды тапсырды. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 174-бабын ізгілендіру ұсынылды. Қоғамда көптен бері талқыланып, қызу пікірталасқа түсіп келе жатқан тағы бір маңызды мәселе – Қылмыстық кодекстің жала жабу туралы 130-бабы.
Президенттің Ұлттың кеңесте көтерген бастамалары көпшіліктің көкейінде жүрген, көңілдерін күпті еткен күрмеуі қиын күрделі мәселелердің шешімі болады деп сенеміз.
Халқының қамын ойлаған
«Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстанған Мемлекет басшысы мәселелердің ашық, кеңінен көтерілуіне барынша мүмкіндік беріп, пікір алуандығы алауыздыққа емес, ауызбірлікке бастайтынын дәлелдеп жатыр. Тіпті арыз-шағымын, ұтымды ұсынысын айту үшін алаңға шығатындарға да бөгет болмайтын митингілерге рұқсат беретін заңды жетілдіруге баса мән берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне кіріскен сәттен бастап наразылықтарын білдіріп көшеге шыққан халықтың қордаланған мәселелері алдынан көлбеңдеп шықты. Дауға айналған күрделі жағдайдың түбіне үңілген Президент аймақтардағы жұмысты жандардыру керектігін, азаматтарды толғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс екенін айтты. Бұған еліміздің аймақтарына жасаған сапарында көз жеткізе түсті. Жалпы биыл Президенттің қатысуымен 462 іс-шара өтсе, соның ішінде Мемлекет басшысы өңір-өңірге 25 рет жұмыс сапарымен барды.
Көпшілік қынжылысын білдірген мәселелердің дені әлеуметтік жағдайдың дұрыс жасалмағанынан туады. Осы ретте Президент бірқатар әлеуметтік санаттағы азаматтардың қарыз жүктемесін жеңілдету туралы бастамасымен қарапайым халықты бір жарылқап тастады. Бұл санатта көп балалы, мүгедек баласы бар, асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар және жетім балалар бар. Шарт бойынша несиенің көлемі 300 мың теңгеге дейінгі қордаланған негізгі қарызы мен соған есептелген сыйақысын мемлекет төлеп берді. Бұл шара жарты миллионға жуық жұртты қамтыды. Осы бағытқа мемлекет 107 млрд теңге бөлді.
Биыл ел басына түскен ауыр сынақ, алапат апат – Арыс оқиғасы елдігімізді, бірлігімізді ғана нығайтып қоймай, ел тізгінін енді қолына алған жаңа Президенттің де тұлғасын айқындауға ықпал етті. Үлкен жарылыс болған Арыс қаласына дереу ұшып барып, халықпен кездескені, басу айтқаны, ауруханадағы науқастардың халін сұрағаны, жағдайды тез реттеуге тапсырма бергені көпшіліктің көңіліне сенім ұялатып, үмітін жақты. Арыс халқы ғана емес, бүкіл ел Президенттің тікелей қамқорлығын сезінгендей болды. Арыс қаласының тұрғындарына көмектесу, қолдау көрсету ісінде халқымыз ынтымақ пен бірліктің жарқын үлгісін көрсетті. Еліміздің бүкіл өңірлерінен 7 миллиард теңге қаржы жиналды. Мемлекеттік органдар мен волонтерлердің күш-жігерінің арқасында 7,5 мыңнан аса тұрғын үй, 70-ке жуық әлеуметтік нысан қалпына келтірілді.
Сонымен қатар биыл Сириядағы отандастарымызды қақтығыс алаңынан алып шығу мақсатында қолға алынған «Жусан» операциялары сәтті іске асырылды. Нәтижесінде, Сириядан 406 және Ирактан 14 бала аман-есен елге жеткізілді. Қазақстанның мұндай игі шаралары шетелдік сарапшыларды бейжай қалдырмады. Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президенті Петер Маурер Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хатында Қазақстанның «Жусан» операциясын табысты жалғастырып отырғаны және Қазақстанның осындай күрделі міндетті шешудегі ісі бүкіл әлемге үлгі болатынын айтты.
Жаңа Президенттің кезінде қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару негізгі басымдықтар ретінде көріне бастады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қоғамда болып жатқан өзекті жағдайларға дер кезінде назар салып, Twitter-дегі парақшасында нақты ойын білдіріп жатыр. Мәселен, Атыраудағы «Теңіз» кен орнында болған мұнайшылар көтерілісі, Ақмола облысындағы браконьердің әрекеті, Шамалғанда болған трагедия, Алматыдағы ұшақ апаты сияқты соңғы оқиғаларға қатысты Президент дереу үн қатты. Жалпы ол Президент қызметіне кіріскелі бері еліміздегі өзекті мәселелерге, қоғамда болып жатқан түрлі оқиғаларға қатысты 862 твит жариялады.
Өтіп бара жатқан 2019 жыл еліміздің алдағы даму бағдары тұрғысынан өтпелі кезеңнің өткеліндей болды. Тәуелсіз ел тарихындағы екінші Президент сайланған бұл жылы атқарылған іс-шаралар іргесі берік, бірлігі бекем мемлекеттің іркіліссіз ілгерілей беретінін көрсетті. Күнтізбенің жаңа парағын ашатын, жаңа мүшелдің басы жыл басы тышқан тоғысы тыныштығымызды қашырмай, тірлігімізді баянды етіп, толағай табыстарға бастай берсін!