Ақтаудағы облыстық психоневрологиялық интернат үйінің 12 қызметкері «балаларды ұрып-соқты» деген дерекпен жұмыстан шығарылған. Оған емдеу орнындағы бейне бақылауға түсірілген жазбалар дәлел бола алады. Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасы хабарлады.
Жоғарыда аталған интернат үйінің 10 жасар тәрбиеленушісі Яна Бондарчуктың денесі көкала болып қанталағанда, интернат қызметкерлері Янаның анасына «балаңыз қан тамыры ауруына шалдыққан» деп қарсы дау айтқан еді. Іле ғимараттағы бейне бақылау оны тәрбиешінің ұрғанын айғақтап берді.
«Психоневрологиялық интернат үйіндегі 12 тәрбиеші жұмыстан шығарылды. Сонымен бірге, осы мекеменің басшысы және 5 тәрбиеші әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді Ақтау қаласының прокуроры Талғат Әлібаев.
Құқық қорғау қызметкерлері тексеріс кезінде бұл жерден жарамсыз дәрі-дәрмектерді пайдаланғанын анықтады. Ал асханадан мерзімі өтіп кеткен сүт өнімдері табылыпты. Ең сорақысы, жарымжан балалар ғимарат ішін тазалаған.
Данияр Түймебай.