Қазақстан • 31 Желтоқсан, 2019

Ең қысқа әңгіме

5636 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің жүзжылдық мерейтойы аясында «Ең қысқа әңгімеге» байқау жарияланып, жазарман қауымның құлағы елең еткен еді. Осы бір қиын жанрда бақ сынаушылар аз болған жоқ. Ұзын-ырғасы 200 автордан 300-ге жуық шығарма келіп түсті. Топқа түскен әңгімелердің тоқсаны іріктеліп, сайтқа салынды. Әдеби бәйгенің жүлдесін Жандос Жүсіпбек иеленген болатын. Бүгін осы бір дүбірлі додаға түсіп, А.Чеховтың қысқалық концепциясын құптаған ең қысқа әңгімелердің біршамасын ұсынып отырмыз.

Ең қысқа әңгіме

Дөңгелектің іші

Сарысай ауылының сыртынан қара түтін бұрқ ете қалардың алдында Елеукен Серікбай құдасының үйіне жеткен.

Ауылдан көшкеніне бір жыл болыпты. Содан бері екінші рет келуі.

– Атам аудан орталығына кеткен, – деді Серікбайдың жас келіні.

– Қап, – деді Елеукен. Бірақ күткісі келмеді.

– Үйде бензин бар ма, шырағым?

– Бар.

Өзі дұрыс танымайтын адам көлікпен келген шығар деп ойлаған келіншек бес литрлік ыдысқа бензин құя бастады.

Аздан соң сол ыдысты көтерген Елеу­кен ауылдың сыртындағы «дөңгелекке» кетіп бара жатты. Көшпей тұрған кезінде құдасы екеуі атпен барып, сол жерде жүз грамм ішуші еді. К-700-дің дәу ескі дөңгелегі жатқан жерді өздері солай атайтын. Елеукен мас боп қалып, талай рет соның ішіне кіріп ұйықтаған да. Бойына шақ келуші еді.

Жерін, техникасын, малын сатып бөліп алғанда, бұған бір пәтер әперуге жарамаған балаларына налып, бірде ана ұлының, бірде мына қызының үйіне қонып жүріп өткізген кейінгі бір жылын айтып, соңғы рет шерін тарқата алмағанына сәл өкінгендей болды. Басқа ұстар ештеңе жоқ. Тезірек дөңгелекке жеткісі келді.

 

Арман ӘЛМЕНБЕТ

 

Кішкентай

Болмайды! Болмаайдыыы!..

Кішкентайдың жан дауысы шықты. Шыр-шыр етіп, әкесін де, өзге ере­сек­терді де, тіпті молданы да маңайлатар емес.

– Өзім қарап отырмын ғой! Ол да мені, күнде өстіп...өсті-ііп қарап отыра­тын.

Шешесі жатқан ескі кереуетті әлжуаз қолдарымен мәпелей сипады. Тот басқан серіппелі сымдарынан ұстап ұзақ тербетті.

Күндегі әдетінше, қасына жанта­йып омырауына мұрнын тықпақ болған, бүйірін бірдеңе қарып түсті. Төсектің қыры мұп-мұздай екен. Анасының омырауы да. Көздері боталап, екі тізесін құшақтап еденге отыра кеткен.

Ол оянғанда темір кереует әлдеқашан бос қалған еді. Тот басқан серіппелі сымдары ғана әр-әр жерінен салбырап, тербетіліп тұрған.

Кішкентайдың ендігі өмірі көз алдында, ескі темір кереуеттің серіппелі сымдарымен қоса, бырт-бырт үзіліп жатты.

 

Талғат ЕШЕНҰЛЫ

 

Күз. Елең-алаң. Қала қалтарысы. Қыз құлағын алақанымен тарс жапқан күйі «іңгәлаған» дауыстан жалма-жан ұзап барады. 

*  *  *

– Анамды ренжітіп алмаңдар! – деді ол бұйыра сөйлеп.  Кейуана ұлының бұлай қамқорсығанына титтей де разы болған жоқ.

– Алаңдамаңыз, біз қарттардың барлығына бірдей қараймыз, – деді жылы жүзді қызметші, кемпірді қолтығынан сүйей беріп. 

*  *  *

Жаңадан келген сыныптасымыз қазақша мүлде білмеуші еді. Қазір, почему-то, ол бар жерде бәріміз орысша сөйлесеміз. 

*  *  *

Ол бүгін тағы теледидар тыңдап отыр. «Мына әншінің түрі есіме түссеші!» – деп қиналады бейбақ. 

*  *  *

Жарығым, терезені ашық қалдыршы. Жаңбыр исін соңғы рет сімірейін…

*  *  *

«Таңғы намазыма неге оятпағансың?» – деп әкесін жағадан алды.

*  *  *

«Адам өмірдің қадірін білу керек, бала», – деп ақыл айтты ағам, кезекті шылымын тұтатып жатып.

*  *  *

«Мамам 30-да. Ал біз 20 ағайындымыз», – деп, жетім бала шығармасын бастады.

*  *  *

Ол кезде имамның ашуы әлі тарқай қоймаған еді.

 

Жандос ЖҮСІПБЕК

 

Жазмыш

Майдан даласы. Оқ нөсерше жауып, қардай борап тұр. Әбден қалжыраған сарбаздар снарядтан қалған шұңқырда ұйықтап жатыр.

Оның бүйіріне бірдеңе батқандай болды. Алақанымен қан мен тер сің­ген шинелінің астын тазалап еді. Біз батқандай дүние түрткілей берді. Аунап түсіп екінші бүйірімен жатса да, мазасы қашты. Сосын иек астындағы келесі апан­ға барып жамбастаған. Көзінің ілін­гені сол екен, қаңғыған снаряд ысылдап келді де, рота жатқан жерді көміп тастады. Тірі қалған жалғыз өзі ғана.

…Бүйірін түртіп, ажалдан араша болған әлі өмірге келмеген, тұлға­сы түгілі сұлбасы да жоқ он баласы­ның жарық дүниеге деген ұмтылысы екен-ау.

 

Ержан БАЙТІЛЕС

 

Жаңбыр таңға себеледі. Түсте шие тердік. Кешкісін тырналар қайтты. Түнде тауға қар түсті.

 * * *

Асиро көліндегі соңғы балық қармаққа ілінді. Ертең оның уылдырық шашатын күні еді.

 

Темірлан ҚЫЛЫШБЕК

 

Сәтсіздік

Тарс еткізіп теуіп құлатты. Жіп төмен қарай созыла түсті.

Қап! Бір елі ұзын байлағанда, аяғы жерге тигендей екен. Туфлиін киіп алуы керек пе еді?

Қымбат боп шықты… өмір…

Бырт етіп үзіліп кетті.

Арзан боп шықты… жіп…

 

Мұрат ЕСЖАН

 

Жиырма жыл бұрын перезентханада жоғалтып алған баласы тап қазір кіріп келердей жүрегі атқақтай берген әйел, тал түсте үйге түскен ұрының қолынан қаза тапты.

 

Нұрлан ҚАБДАЙ

 

Қос үрей

Көзді арбар көркем елес пен жүрекке беріш боп қатқан сұмдық оқиғаның санасына қатар таңбаланғаны әлемтапырақ күйге түсіріп, еңсесін басып келеді. Жылт етіп, көңіл сергітер сәттің өзі жер-көктен табылмай, орынсыз қапаланатынды шығарды. Ондайда, сана түкпірінде жатқан жұмбақ жанның көзайым бейнесі ғайыптан пайда болғандай нұр шашып, шуақтана қалады. Әне-міне сөзге тартып, сырласар мезетте сағымдай жалт беріп, жанарына шық тұндырады. Еркінен тыс, өң мен түстің арасында шай­қалып, пұшайман халге түседі. Іле, тағы бір балауса бейне шыр айналып жанынан шықпай, сабырынан алыстатады. Ол – өмірдің кермек дәмін анасының жатырынан татқан бүлдіршін қыздың мұңлы бейнесі еді. Ондайда, жүрегі лобылып, басы айналып, өзін қоярға жер таппай, тандыры кеуіп, ындыны қашқан шөл даланың кеберсіген қолаты мен ұсқынсыз өзегіне сіңіп кеткісі келетін. Бірақ санасы азат болмай, бәрібір құтыла алмайтынын кеш білді...

 

Ерғали БАҚАШ

 

Көз жасы

– Көмектесіңіздерші! Анамның еміне көмектесіңіздерші! Өтінемін, сіздерден, көмектесіңіздерші!

Базар алдында құйтақандай қыз бала шырқырап тұр. Шыр-шыр етеді бала жүрек.

– Машинка, машинка, – деп бақырып келе жатқан май бөксе, болбыр қарын жү­гер­­мекті шешесі көк желкеден екі түйді.

 

 О дүниеге сапар

Тас жолға тұмсық тірей тоқтады. Қарт жорықшының ізі ғана жатыр.  Тіке тартыпты.

* * *

Таудай көліктер жөңкіліп жүр. Өңкиген бірі өте шығып еді, тозаңға тұншықты. Қарт жорықшының сүр­леуін шаң басқанмен иісі аңқып тұр.  Жор­туылда соңынан қалмайтын еді, сол әдетімен жол үстіне жорғалап шық­ты.  Орта тұсқа жетпей іркілді. Ізден адас­қандай, иіс те жоқ. Сол мезет бір көлік зуылдап өте шықты. Екпініне шы­дамай қалбалақтап ұшқан. Жол шетіндегі шалшыққа құлапты. Көліктер аяғын малған сайын көлкіген су асып-төгіледі.  Шашырандымен бірге кете барды. Шағын шұңқырда үйелеп жатып, ес жиған. Сүйретіліп шығып, илеуіне асықты.  Жолай әппақ дөңдер кездесті, бірінен түсіп, біріне мінген.

 * * *

Орталық мешіт тұсындағы жүргінші жолағымен екі адам өтті. Асығыс. Шаштан гөрі сақалы қоюлау жігіт ағасы бозбалаға ешбір тіршілік иесіне қиянат қылмау жайлы уағыз айтып бара жатыр. Ал өзі жүргінші жолағында болар-болмас дақ қалдырғанын байқамады. 

 Көңіл

Ойын алаңына арсалаңдап жетті. Балалар үрпиісіп тұрды да тым-тырақай тарап кетті. Шешесі қоларбадан түсіріп босаған әткеншекке мінгізгелі жатыр. Ал ол балаларға қарай берді.

 

Есболат АЙДАБОСЫН

 

Эльдорадо

Көрші қазақтың шалы қорым жақтан тауып алыпты. Темірге тапсырамын деп сұрап алдым да, тексертсем алтын екен. Екі жылдан соң ауылға барсам әлгі байғұс көршім көзіне түскен тастарды қойнына тығып, үйіне тасып жүр...

 

 Алмаз МЫРЗАХМЕТ

 

Құрғақ жиде

Әке мен бала жол үстінде келе жатты. Әке қырықтан асқан, бала жетіде. Көп ішіндегі кенже. Әке «Сынық таға» туралы әңгімені айтып болды да:

– Есіңде болсын, балам. «Керекті тастың ауырлығы жоқ» деген сол», – деп мұртын сұқ саусақ, бас бармағымен басып-басып қойды.

– Ауыр тастың керегі жоқ, – деп тақ ете қалды баласы.

Оның таңдайы тұтқыр, құрғақ жиде татығандай болды. Әкесіне қарап, әлсіз жұтынды.

Әкенің күн қақтап, тотыққан жүзіне мақтаныш сезімі ойнап шыға келді.

 

 Ырысбек ДӘБЕЙ

 

Күнбағыс

Күн төбеде шақырайып тұрып алды. Атыздағы күнбағыстардың қыл мойны үзілердей болып әбден талған. Көзін шыққан күнмен ашып, батқан күнмен кірпік қағатын күнбағыстар қайталана беретін тірліктерінен қажыған сияқты.

Күннің нұры айға шағылысқанда бір күнбағыс көзін ашып еді, бәрі жамырай айға шағылысқан жалған нұрға тағы телмірді.

Ертең орақ түсетінін сезген жоқ. Әйтеуір бар білері Күн Бағыс...

 

 Сержан ЗӘКЕРҰЛЫ

 Өмір

Қымтады. Қымтадым. Бәрі жабылып мені қымтады. Суық-ай. Бір аунап түссем бе екен?!

 

Адам

Шайы ащы, өзі тәтті еді. Қазір шайы дәмді.

 

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ

 

«Тәубе»

Ел «хрущевка» деп атайтын екі қабатты тасбақа үйдің алдында ертеден қара кешке дейін күншуақтап бір шал, төрт кемпір әңгімелесіп отырушы еді.

Бүгін бірі күншуақтауға шыға алмады.

Қарттар ертеден қас қарайғанша қабақтары түнеріп, бір-біріне ләм-мим демей ұзақ қайғырды.

Күн қызарып ұясына батып бара жатқанда үш кемпір еріндерін жыбырлатып, шоқынып жатты. Ал шал болса, қолына балтасын алды...

Далаға шыға алмай қалған әлгі кемпірдің есігінің тас-талқаны шығады, қазір...

Аяйсың... Бірақ тәубе!

 

Қанат ӘБІЛҚАЙЫР

 

Кезек

– Соңы кім?

Мырс-мырс еткен  дыбыс қана естілді.

 

Данияр САЛАМАТ

 

Кенет алпыс екі тамырын кесел емес, сағыныш кеулей жөнелді.  Жандәрмен терезе жақтауына жармасты.

–  Ата, сізге тұруға мүлдем болмайды ғой. Дәрігер...

Қоламта үміт күлге айналып, төңірек тасқараңғы, төңкеріліп бара жатты.

 

* * *

Қайрылып қараса, баласы ізін басып келе жатыр екен, жүрісін түзеді...

 

Ысқақтың ТІЛЕГЕНІ

 

Көбелек

Бұл ит дүниеге адам көзімен қара­сам дейтін. Иесінің әр бұйрығын қалт жібермей тыңдар еді. Не үшін еке­ні белгісіз, ол таяқ лақтырады, бұл арсалаңдап барып алып келеді. Таяқ әкелгенге иесінің неге осынша мәз болатынына бұл түсінбейтін. Екеуінің тамақ ішкендері де қызық. Екі-үш айдан бері шыныдан жасалған «көбелектер үйіне» қарап отырады. Сол жерде ауқаттанады. Бұл да алдындағы тамағын иесі құсап сырбаз, сыпайы, асықпай ішетін. Иесіне ұқсағысы келетіндіктен. Көбелек үйінде нән құрт бар еді. Тойымсыз. Былапыт. Сол көз алдарында қуыршаққа оранды. Күндер өткен соң қуыршақтан көкжиектен керіле атқан таң құсап, қызыл көбелек шықты. Қанатын жайып, біраз қимылсыз отырды. Әр жері шұрық тесік жапырақтарға аяушылықпен қарайтындай ма, қалай? Ит оған «сен шыққан қуыршаққа құрт кірген. Бұл соның лаңы. Сол тойымсыздың ісі» деп арсылдап үрді. Мұның үргенін иесі түсінген секілді. Жымиып басынан сипайды. Ит өзін адамша үріп тұрмын дегенге әбден сенді. Мұның үргенін түсінбеген көбелекті бұл ессіз мақұлық санаған. Мүмкін керең шығар деп те ойлады...

...Үйдің іші онсыз да былығып жататын. Соқа басты еркек. Сабалақ ит...

Бір күні бауыры сыздап, тас үстінде жатқандай денесі мұздап оянды. Бұрын иесінің жаны ұядай жылы болатын... Әдетінше бетін жалап еді, оянбады. Қолынан тістеп көрді. Құлағынан тартты. Тіпті шындап кетіп, құлағын жырып ен салды. Әрине, байқамай. Одан тамшы қан шықты. Иттік инстингімен оны жалап алды да өз-өзінен жеріді. Бұл ит дүниеге адам көзімен қарасам дейтін. Адам қан жаламайды...

Дамылсыз үрген дауыс пен апаттық сиренаның үніне көбірек ұқсаған үздіксіз ұлудан кейін көршілер есікті бұзып кірді. Кірді де бәрі итке қарап қатып қалған...

Бір кісілер келіп иесін ақ матаға орап тастады. Ол бәрін енді түсінді. Көбелек пен құрттың бір екенін ұқты. Қандай керемет?! Құбыжық құрттан ғаламат сұлу көбелек шықты... Иесіне ұзақ қарап жатты. Баяғыда екеуі «көбелектің үйін» бағып қарайтын көзқарас. Алакөбе бөлме ішіне қарап, шұрық тесік жапырақ секілді шала желінген қазы мен неше күн тұрып көгеруге айналған кеспе көжеге қарады. Бәрі айнымай қайталанады деп ойлады. Ол адамша ойлағысы келетін. Адамша ойлайтынына сенетін... Иесінің көбелекке айналуын ұзақ күтті... Күтті ұзақ...

 

Жанат Жаңқашұлы

 

Жоқтау

Апам әдеттегідей пешке арқасын сүйеп, ұршық иіріп отыр. Қасында ауыл-аймақты әңгіме етіп отырған көрші әжейдің ендігі сөзі о дүниеге қарай ауысып:

– Жамал, мен өлсем жоқтайсың ба? – деді.

Апам жақсы көретінін, жақсы әрі жақын кісі екенін, олай-бұлай болып жатса жоқтайтынын айтты. Бұл сөздерге қанағаттана қоймаған көрші әжей сол жоқтауды көзінің тірісінде, дәл қазір естігісі келетінін аңғартты. Осы сөзді күтіп отырғандай тыңдағанның сай-сүйегін сырқыратып, дауыс шығарып тұрып жоқтады апам.

Көзінің жасы терең әжімдерінің арасымен сырғи ағып отырған әжейдің жүзінен қуаныштың да табы байқалады. Ол өмірден өткен жағдайда жоқтаусыз қалмайтынына деген сенімнің  қуанышы еді.

 

Олжас Сәндібек