Аймақтар • 31 Желтоқсан, 2019

Ақмола облысында 426 мектепте инклюзивті сыныптар бар

812 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақмола облысының жалпы білім беретін орта мектептерінде 1800-ден астам оқушы инклюзивті сыныптарда оқытылуда. Яғни, бүгінгі таңда білім беру мекемелерінде инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға байланысты біршама жұмыстар атқарылуда.

Ақмола облысында 426 мектепте инклюзивті сыныптар бар

Бүгінгі күні білім беру жүйесі мүмкіндігі шектеулі балалардың мұқтаждығына әлі де болса осал бейімделген. Осы олқылықты жою мақсатында облыста елімізде алғашқы болып инклюзивті білім беруді дамыту бойынша үйлестіру кеңесі құрылды. Жалпы білім беретін мектептерінде инклюзия сыныптары ашылуда.

Облыс бойынша 426 мектепте инклюзия сыныптары бар. Оның бірі №19 орта мектеп. Білім ошағында мүмкіндігі шектеулі 89 оқушы білім алуда. Арнайы коррекциялық 5 сынып бар. Мұнда балаларды 5 сыныпқа дейін инклюзия сыныптарында дайындайды. Ол үшін білім ошағында инклюзивті білім беруді дамыту бойынша ресурстық орталық құрылған. Арнайы мамандар тобы да жасақталыпты. Яғни, логопед, дефектолог пен психолог мамандар бірлесе жұмыс істейді.

–Ерекше қажеттіліктері бар балалар саны 89. Олардың ішінде есту, көру кемістіктері бар, тірек-қимыл аппараты, психикалық дамуының тежелуі бар балалар бар. Мектепте мамандар жұмыс істейді. Мұғалімдер біліктіліктерін жетілдіріп отырады. Инклюзивті орта біздің мектепте қалыптасқан деп айтуға болады, дейді дефектолог Ілияс Жанғали.

Ақмола облысындағы білім беру мекемелерінде кедергісіз орта қалыптастыру өзекті мәселелердің бірінен саналады. Бүгінде өңірдегі 736 мемлекеттік білім беру мекемесіне пандустар орнату қажет. Биыл 906 мың теңгеге 16 ұйымға пандустар мен көтергіштер орнатылса, 2020 жылы 3,4 миллион теңгеге 11 нысанда пандустар жасау жоспарланып отыр. Өңірде инклюзивті білім беруді дамытуға байланысты үйлестіру кеңесі құрылып, жұмыс істейді. Кеңес төрағасы Марат Ыбыраевтың айтуынша, инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға қоғам болып  атсалысу қажет.  

–Инклюзивті мәдениетті қалыптастырудың бүгінде маңызы зор. Қоғам тарапынан түсіністікпен қарауды қалыптастыруымыз қажет. Бұл әрине, балалар арасындағы қатынастан бастау алады, одан кейін барып, екі жақты ата-аналар, мұғалімдер мен ата-аналар тарапынан туындайтын мәселелер де баршылық. Жалпы, білім беру жүйесінен бөлек, мәдениет, спорт бөлімдері де барынша кедергісіз орта қалыптастыру қажет. Бүгінгі таңдағы өзекті әрі өткір мәселенің бірі қажетті инфрақұрылымның жоқтығы. Дәмхана мен шаштараздар, кинотеатрлар мен ойын алаңдары да жоқтың қасы. Міне, осы бағытта жұмыс жасалуы тиіс, дейді облыстық инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің төрағасы Марат Ыбыраев.

Соңғы уақытта аутизм белгісі бар балалардың саны көбейіп келеді. Ондай балаларға бірінші кезекте дәрі емес, педагог, психолог, логопедтің көмегі керек, дейді 2 жасында баласынан аутизмнің белгілерін байқаған ана Әлия Рахымбекова. Баласын әлеуметтік ортаға бейімдеу мақсатында бүгінде Әлия «Ерекше өмір» қоғамдық қорын құрып отыр.

Облыста аутизм диагнозы қойылған балалармен тікелей жұмыс істейтін орталық жоқ. Десе де, білім беру мекемелерінде арнайы инклюзия кабинеттері ашылуда. Әзірге ондай кабинет өңірде екеу. Ол Көкшетау қаласындағы №4 орта мектеп пен Бурабай ауданы орталығындағы №4 орта мектебінде орналасқан.