Экономика • 01 Қаңтар, 2020

Бюджет-2020 қалай бекітілді?

252 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтыр жыл жабылуға жақын қалған тұста Президент Қ.Тоқаев «2020-2022 жылдарға арналған «Республикалық бюджет туралы» Заңға қол қойды. Жаңа құжаттың жай-жапсары қалай? Бюджет шығындары мен табыс қалай жоспарланды?

Бюджет-2020 қалай бекітілді?

2020 жылы респуб­ли­калық бюджеттің табысы 11,2 трлн теңгені құрайды деп жоспарланып отыр. Оның 7,9 трлн теңгесі салық түсімдерінен, 121,1 млрд теңгесі салықтық емес түсімдерден, 4,4 млрд тең­гесі негізгі капиталды сатудан, 3,1 трлн теңгесі трансферт­терден түсуге тиіс. Бюджет шығындарының көлемі 12,4 трлн теңгеге жетіп, сәйкесінше тап­шылық 1,5 трлн теңге төңі­регінде болады деп бекітілді.

Биылдан бастап республи­калық бюджетке ірі кәсіп­керлік субъектілерінің ғана корпо­ративтік табыс салығы түспек. Шағын және орта бизнестен келетін корпоративтік табыс салығы аймақтық бюджеттердің еншісінде. Алайда, Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауында айтылған тапсырмаға орай шағын және орта бизнес табыс салығынан босатылғаны бел­гілі. Кәсіпкерлікті қолдауға бағыт­талған бұл өзгеріс аймақ­тардың бюджетін біраз табыс­тан айыратыны түсінікті.

Донор облыстар республика­лық бюджетке 420 млрд теңге аударады деп жос­пар­ланды. Ең мол табыс әкеле­тін өңірлердің тізімінде бұрын­ғыдай Атырау облысы көш бастап тұр – 207 млрд теңге. Одан кейінгі орындарға Алматы қаласы (171 млрд), Нұр-Сұлтан (32 млрд), Маңғыстау облысы (8,2 млрд) жайғасты.

Республикалық бюджеттен аймақтарда 36 бағыт бо­йынша жұмыс жүргізуге 2,1 трлн теңге қарастырылды. Атап айтқанда, Ақмола облысына – 144 млрд теңге, Ақтөбеге – 108 млрд, Алматы облысына – 200 млрд, Шығыс Қазақстанға – 215 млрд, Жамбылға – 194 млрд, Батыс Қазақстанға – 74 млрд теңге, Қарағанды облысына 142 млрд теңге бағытталады.  Бұл қаражаттың негізгі бөлігі агроөнеркәсіп кешенін суб­си­диялау, атаулы әлеуметтік көмек төлеу, медициналық ны­­сан­­дарды материалдық-тех­ни­ка­лық жабдықтау, ұстаз­дар мен мәдениет саласы қызмет­кер­лерінің еңбекақысын көтеру­ге, «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ла­масы аясындағы жобаларды қар­жыландыруға және де басқа 36 бағытқа жұмсалмақ. ІІ Дү­ниежүзілік соғыстағы жеңіс­тің 75 жылдығын атап өту шаралары да осы санатта.

«Республикалық бюджет туралы» Заңда ең төменгі күнкөріс мөлшері мен зейнатақы бел­гіленіп, айлық есептік көр­сет­кіш бекітілді. Сонымен, қа­зір­гі таңда ең төменгі зейнет­ақы көлемі – 38 636 теңге, тө­менгі базалық зейнетақы мөл­шері – 16 839 теңге болды. Елдегі ең төменгі еңбекақы 42  500 теңгеге көтерілді. Айлық өсептік көрсеткіш – 2 651 теңге.