Қоғам • 01 Қаңтар, 2020

Көксау кәсіп

676 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Көксау кәсіп

Өз басым қазіргі кәсібіме біржола ынты-шынты кіргіздірткен сол бір күнге ризамын. Сол күні, яғни жылдың соңғы күні ұнатып қалған қызымды қыдыртып жүріп тәуір дәмхананың төрінен бір-ақ шығардым. Содан тапсырыс беріп талтайып отырып, қызыма небір қызық-шыжықты айтып езу жиғызбай отыр едім, бір мылқау келіп бір жапырақ қағаз бен бір-екі зат әкеп, үстеліміздің шетіне қойып кетті.

Әлгіге қызым көз жүгіртіп өткен соң алып қарасам, мүгедек жан мүсәпірлі­гі­нен хабар беріп Жаңа жыл қарсаңында қайы­рымдылық өтініпті. Ондағысы – қа­ғаз үстіндегі қалам мен шырпыны сатып алсақ болды екен… Ойланбас­тан қағаз үстіне екі есе құнын қойып – қа­ламды қызыма, шырпыны өзіме бұйырттым.

Мылқауым иіліп-бүгіліп ризашылы­ғын білдіріп кете барып еді, бір көксақал көкем келіп қарсы отырды да, әйда кеп қолындағы ойын картасымен бал ашып бақылдасын кеп. Айтқандарына ауыз ашып, көңілімізге көктем орнап, көлдей асып-тасыппыз…

Көксақал көкемнің көріпкелдігіне берерімді беріп, «е, жарайды» деп жел­пінген шақта қолында «әзір-мәзір»­ фотоаппараты бар балаң жігіт «Қалай-сыздар?» деп қарсы кеп тұр…

Іле балаң жігіт жіті қимылдап жары­ғын­ екі-үш мәрте жарқ-жұрқ еткізіп еді, әзір-мәзір суретіміз алдымызда жатты…

Ішімнен «пәлекеттер-ай-ә!» деп, оларға кеткеннің есебін бір тиянақтап, мұнымды ылдым-жылдым ұмытып, бикешімді биге шақырдым.

Бидің түбін түсіріп желп етіп жай­ғас­қанымыз сол, ортамызға қауға са­қал тағы бір көкем келіп отырды да­ басындағы тақиясын түзеп, қолын­дағы таспиығын тартқылаған күйі: «Ба­қыт­тың бағы алдарыңда. Бақыт құсы бүгін-ертең қонады!» дей келіп, соңын ет жүрек еңіретер батамен бітірді… Ел­жірегені сонша, қыз қапшығын қар­манып жатыр екен, дереу алдын орап елгезектік таныттым.

Не керек, биден буын босап, ішімдік «сырдың суын сирағымнан келтірмей» отырғанымда, бір бикеш бума гүлін көтеріп келе қалмас па. Алып беріп арқа-жарқа болдық…

Өстіп отырып қызды-қыздымен оркестрге тапсырыс беріп едім, қы­зым­ның атын атап ойнап кеп берсін. Сөйтіп көлдей көсіліп отыр едік, бір апай баласымен келіп жанымызда тұрып сыбызғысын сызылтсын-ай кеп… Біреуін бітіріп келесісін күйлей бастағанда, ес жинап есеп айырыса қойдым…

Не керек, осындайлардың тағы екі-үшеуі еміс-еміс есімде, бәрін базарлы етіп, жылдың соңғы күні дәмхананың «құрметті қонағы» боп кете барыппын.

Ертесінде есеңгіреп жатып кеше­гі­ні көз алдыма көлбеңдете есептеп көрсем, көлденең келіп «қызмет көрсет­кендерге» дәмханаға төлегенімнен көп есе шығынданыппын.

Содан кешегі қилы-қилы «қызмет­тер» отырсам ойымнан, тұрсам тұла-бойымнан кетпей, «сатып алған» ауру болып жабысқаны…

Сөйтіп аурудан айығу керек, әрі ойлап, бері ойлап, мен де жылдың ал­ғашқы күні дәмханадан кәсіп таптым…

Кәсібім – көңілі көктем үстелге барып «Жүз бір анекдот» атты жұқа кітабымды ұсына қоям да көңілдері қош көргендерге таңдаған тақырыбына орай анекдотты майын тамыза суша са­пырамын…

 

Мағжан ДАНИЯР

Талдықорған