Бірақ жағдайды ушықтырмай, жедел шешім қабылдануы қажет
Үстіміздегі жылдың 23 ақпанында “ҚазМұнайГаз” БӨ” АҚ басшылығы “Өзенмұнайгаз” ӨФ-на еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу жөнінде шешім қабылдаған болатын. Бұл жүйеде бұрын беріліп келген аудандық коэффициентті және басқа да үстемелерді негізгі тарифке қосу, яғни Еңбек кодексінің талаптарына сәйкестендіру көзделген.
Өкінішке қарай, осы өзгерісті халыққа жеткізу, яғни орта буын басшылар арқылы түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеген және бұл өзгерісті қабылдамайтын, яғни қосымша шартқа қол қоймайтын жұмысшылар бір айдан соң жұмыстан айрылатындығы ескертілген. Жергілікті ақпарат құралдарының айтқандарына сүйенетін болсақ, қосымша шартқа қол қоюда кейбір күштеу, еріксіз қол қойғызу фактілері орын алған. Осы жағдай қазіргі жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы текетіреске алып келіп отыр.
10 наурызда жағдайға баға берген Жаңаөзен қалалық соты ереуілді заңсыз деп таныды және сонымен бірге, жұмыс беруші “ҚМГ” БӨ” АҚ атына жеке ұйғарым шығарып, олардың тарапынан да еңбек заңдылығының бұзылғандығын атап өтті.
Жергілікті атқарушы билік – Маңғыстау облысы мен Жаңаөзен қаласы басшылығы жағдайды тұрақтандыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда, жұмыстануда. Біздер, депутаттар “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясының басшылығымен кездесіп, олардың тарапынан да осы күрделі жағдайдан шығу жөнінде тиісті шаралар қарастырылып жатқанынан хабардармыз.
“ҚМГ” БӨ” АҚ басшысының шешімімен жоғарыдағы еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі туралы хабарламасы өз күшін жойған, бұл жөнінде мұнайшыларға хабарланған.
Қалыптасқан жағдайға кейбір күштер саяси реңк беруге тырысқанымен, бұл – саяси мәселе емес, еңбек заңнамасының сақталуы төңірегіндегі келіспеушіліктер. Бұл мәселеден кейбір саяси ұйымдар мен жауапсыз белсенділердің саяси ұпай жинауға тырысып жатқандары байқалады. Оны жаңаөзендік мұнайшылар дұрыс таразылай алатындығына толық сенімдіміз.
Сондықтан Мұнай және газ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері, “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қоры, “ҚазМұнайГаз” АҚ басшылары жағдайды ушықтырмай, бірлесе отырып тиянақтап зерделеп, тиісті шешім қабылдауы тиіс деп есептейміз және соған Үкімет ықпал етуі керек деп білеміз.
Зейнолла АЛШЫНБАЕВ, Мәжіліс депутаты.