Қазақстан • 05 Қаңтар, 2020

72 сағаттық визасыз транзит туристер ағынын ұлғайтады

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 30 желтоқсандағы № 1028 қаулысымен Үндістан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының азаматтары үшін бұрын енгізілген Қазақстан Республикасына келудің, болудың және кетудің қолданыстағы визасыз жетпіс екі сағаттық режимі 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

72 сағаттық визасыз транзит туристер ағынын ұлғайтады

Сонымен қатар, «пилоттық» режимді ұзартудан басқа қабылданған қаулы шеңберінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген басқа да бірқатар жаңалықтар бар.

Атап айтқанда, «Атамекен» ҚР ҰКП мен тиісті әуежайлардың басқарушы компанияларының бірнеше өтініштеріне сай, сондай-ақ ҚХР мен Үндістанның бірқатар туристік компанияларының «Ұлы Жібек Жолы» бойында орналасқан қалаларға арнайы туристік бағдарламаға жоғары қызығушылық танытуына байланысты, аталған транзиттік режим шеңберінде жұмыс істейтін халықаралық әуежайлардың тізімі 4 қаланың әуежайларымен толықтырылған. Олар – Шымкент, Ақтау, Қарағанды және Тараз қалалары.

Бұдан басқа, осы визасыз режим шеңберінде қызметті жүзеге асыру және тиісті транзиттік тасымалдарды жасау құқығы мемлекет иелігіне қарамастан қазақстандық және шетелдік барлық әуекомпанияларына беріледі.

Сонымен қатар, осы режим шеңберінде келетін Үндістан мен ҚХР азаматтарына көші-қон карточкаларын беру қажеттілігі алынып тасталды. Оның орнына, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап өткізу бекеттерінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту уақыты көрсетіле отырып, Үндістан мен ҚХР транзиттік азаматтарының паспорттарына мөртабандар қойылады.

Осы шаралардың барлығы транзиттік жолаушыларға ішкі туризмді дамыту және жылжытуда өз қызметін жүзеге асыратын қазақстандық туроператорлардан қосымша турпакеттер сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Қазақстан экономикасына шетел валютасының қосымша ағымын қамтамасыз етеді.