Сұхбат • 06 Қаңтар, 2020

Несіпбек Айтұлы: Шығармаларымның алтын өзегі – тәуелсіздік

64099 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Несіпбек Айтұлы: Шығармаларымның алтын өзегі – тәуелсіздік

– Аға, жаңа жыл, жаңа жасыңыз құтты болсын. Биыл жетпіске аяқ басып тұрсыз. Жеті том­дығыңыз шықты. Өлеңдеріңіз бен поэ­ма­лары­ңызды шолып шыққанда «қара сөзбен жеті тұрмақ, жиырма том жазуға болатын шығар, ал, өлең сөзбен жеті том жазу қиын емес пе екен» деген ойға келдім. Сіз не дейсіз? Шабы­тыңыз барлық кезде шарықтап тұра ма әлде көп жазу үшін ақын өз-өзін белгілі бір тәртіпке, жүйеге түсіру керек пе?

– Бір өлеңімде «Өлеңім өміріммен бірге өрілген. Өрнегін сала алмайды кім көрінген» дейтін жолдар бар. Он-он бір жасымнан бастап өлең жаза бас­тадым. Алғашқы «Балалық» дейтін өлеңім 1965 жылы Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде жарияланды. Менің өлең жазуыма әкемнің де әсері болған шығар деп ойлаймын. Ол кісі таңды таңға ұрып қара өлеңді жатқа айтатын. Мектепті бітірген соң КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түстім. Мамандығым журналист болғанымен, бар өмірім осы әдебиет пен өлеңнің айналасында болды да, журналист боп көп еңбек еткен жоқпын. Өз басым көп немесе аз жаздым деп айта алмаймын. Иә, жеті томдығымды Мәдениет және спорт министрлігі арнайы бағдарламамен шығарып берді. Оларға рахмет.

Университетке түскен соң ақындық әлем өзі­не біржола баурап алды. Біз жас кезде қатты жұмыс істедік. Алдымызда Ғафу, Қадыр, Сағи, Мұқа­ғали, Тұманбай ағаларымыз бар еді. Солардың соң­дарынан ердік. Ол кезде ақын-жазушылар тұр­мақ жай адамдардың өзінде әдебиетке деген керемет құлшыныс бар еді. Қазір көркем шығарма оқып өскен сол адамдардың көбі бұл дүниеден көшіп кетті. Буын алмасты. Ауылдағы қойшы-қолаңға дейін «Жұлдыз» журналын етіктерінің қонышына салып жүріп оқитын. Әдебиетті насихаттау, әдебиетке деген қамқорлықтың арқасында ең таралымы аз деген жинақтардың өзі 5 мың данамен шығатын. 1974 жылы алғашқы жинағым «Қозыкөш» 5 мың данамен жарыққа шықты.

Ағаларымызға қарап еліктеп өстік. Жасыратыны жоқ, бүкіл қаламгерлер кітаптан түсетін қаламақы­мен күн көрді. Кітабың 10 не 20 баспа табақ боп шық­са, ақша мәселесі шешілетін. Алдымыздағы Қали­жан, Хамит, Жұбан ағаларды да көрдік қой. Солар­дай болғымыз келді. «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, көп іздендік. Біздің жұмыс өлең жазу емес пе? Жұмыстан үйге келіп, ас-суымды ішіп алған соң, бір сағат ұйықтап алып, содан тар пәтердің асүйінде түнгі 3-4-ке дейін, кейде таңғы 5-6-ға дейін отырып өлең жазған күндер болды. Сосын бір-екі сағат көз шырымын алып, таңертең жұмысқа кетіп бара жататынбыз. Мен ғана емес, сол кездегі замандастарымның бәрінің жағдайы осыған ұқсас еді. Ал енді шығармашылық өмірін режімге түсірген мен білетін бір адам – Қадыр Мырза Әлі. Қадыр ағаның әр сағаты, әр минуты есептеулі болатын. Мен ондай бола алмадым. Шабыт деген нәрсенің өзі менің ұғымымда шартты нәрсе. Шабыт дегенің – көңіл күй. Көңіл күйдің ауанына қарай жазасың.

– Ең алғаш әдебиеттің табалдырығын ат­тағанда сіздің шығармашылығыңызға назар аударып, ақ батасын берген қай қаламгерлер еді? Өз-өзіңізге есеп бергенде солардың үмітін ақтай ал­дым ба деп ойланатын кездеріңіз бар ма?

 – «Қозыкөшке» дейін жас ақындардың «Көктем тынысы» дейтін жинағы шықты. Нұрлан Оразалин, Асқар Егеубаев, Серік Ақсұңқар, тағы басқа ақындар сол жинақта алғаш көрінді. Бәріміз қатар шықтық. Кітапқа алғысөзді Тұманбай Молдағалиев жазды. Ол кісі менің өлеңдерімнен шумақтар келтіре отырып, жақсы бағалағаны есімде. Ең алғашқы «ақ бата» деп осыны айтам. Одан кейін Мұқағали Мақатаевтың алғысөзімен 1972 жылы қазіргі «Жас Алаш», бұрынғы «Лениншіл жас» газетіне бір топ өлеңдерім басылып шықты. Өлеңдерімнің жарыққа шығуына тікелей қамқорлық жасаған тағы бір адам – Мұхтар Мағауин. Ол кезде «Жалын» журналында редактордың орынбасары еді. Мен осындай адамдардың көзіне түстім. Кейіннен пікір білдіргендер де өте көп болды. Әрине адам болған соң өз-өзіңе есеп бересің ғой. Мықты шыққан, әлсіз шыққан дүниелерің де өзіңе белгілі. Менің өзіме риза болатын тұсым – қырыққа жетпей Әлішер Науаидың «Ескендір қорғаны» деген дастанын ескі өзбек тілінен аударғаным.

– Ескі өзбекшені де білетін болдыңыз ғой?

– Дастанды жолма-жол аударуда балалар жазушысы Құрманбай Толыбаев ағамның көме­гіне жүгіндім. Бұл Әлішер Науаидың атақты «Хам­сасындағы» бес дастанның біреуі. Аудармам Өзбек­станның мемлекеттік сыйлығына да ұсынылды. Бірақ белгісіз себептермен берілмей қалды. Осы дас­тан менің екінші тынысымды ашып, басқа бір әлемге шығарып жібергендей болды. Кейіннен академик Рахманқұл Бердібайдың алғысөзімен кітап болып жарыққа шықты. Ол кезде Әлішер Науаиды аудару екінің бірінің қолынан келе бер­мейтін. Жалпы, менің құлындайдан жазған шығар­маларымның алтын өзегі – бостандықты аңсау, еркіндікті жырлау болса, еліміз егемендік алған соң мен тәуелсіздіктің салтанатын жырладым. 26 жасымда жазылған, сол тұстағы респуб­ликалық «Жалын» журналының бәйгесін алған «Бассүйектер», «Үндістер, үзілмеңдер» деген поэ­ма­ларымда азаттықты аңсау идеясы айқын көрінді. Кеңес заманында бассүйектерді сөйлету арқылы және үндістердің ауыр халін жазған боп отырып өз халқымның бостандығын аңсадым. Үндістер туралы поэмамда мынадай жолдар бар:

 «Қару тілін меңгергенше, Қапылыста өтті өмір. Тәңір бізге жер бергенше, Берсең етті көктемір. Айыққанда мұнардан күн, Көктеп қайта шығармыз. Өртке кеткен ну орманның, Түбіріміз мына біз». Шынында біз өртке кеткен ну орманның түбірі едік.

– Тәуелсіздіктің салтанаты демекші, сіздің поэ­маларыңыз көбінде батырлар жайлы екен.

– Астанаға қоныс аударғаныма он сегіз жылдай болды. Осы жылдардың ішінде жиырма шақты поэ­ма жазыппын. Қазақтың төрт құбыласындағы батырларды түгелдедім. Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Жалаңтөс, Бердіқожа, тағы басқа да батырлар бар. Рас, бұлардың бәрі кезінде жырланған. Бірақ, солардан қалған ерлік пен рухты жаңаша жырлау қажет болды. Тәуелсіздік қайдан бастау алды, қалай пайда болды деген ойды жас ұрпақтың санасына сіңіру керек болды. Тәуелсіздікті бір кісідей жырладым деп айта аламын.

– Сіздің көптеген өлеңдеріңізге ән жазылғанын білеміз. Ән болғанда да қазіргі күні орындалып жүрген «Ән-домбыра», «Дариға-дәурен», «Арман», «Жалт-жұлт еткен дүние-ай», «Дәурен-ай»­ сынды әсем әндердің тарихына тоқталсаңыз.

– Әнге сөзді ең көп жазған ақын Тұманбай ағамыз ғой. Ал мен әнге сөз жазуды қиын деп ойлайтынмын. Басында жолай алмадым. Абай ауданында Мейрамбек Жанболатов деген партия қызметкері бар еді. Көптеген тамаша әндердің авторы. Журналист Серік Жанболаттың әкесі. Бір күні Тұрсын Жұртбай мен Жәнібек Кәрменов екеуі мені іздеп келіпті. Олар мені «Алатау» санаторийінде жатқан Жанболатовқа апарып таныстырды. Сол отырыста Мейраш аға бірнеше әндердің әуенін тартып, менің сөз жазып беруімді өтінді. Бір әуенін ұнатып, он-он бес минутта сөз жазып бердім. Ән сөзін композитор да ұнатты. Жәнібек әнді сол сәт­те орындады. Бұл көпке белгілі «Ән-домбыра» еді. Әнге сөз жазу содан басталды. Сәл кейінірек Ақ­селеу аға бір ән жазды, «Сарыарқаны». Оған сөз жаздым. Іле-шала «Дәурен-айға» сөз жаздым. Сөзін мен жазған осы үш ән де сәтті шықты. Кейін Тұрсынжан Ша­паймен, Рамазанмен шығармашылық байланысымыз орнады. Секен Тұрысбек екеуміз де көптеген әндер тудырдық. Секен әндерінің тоқсан пайызының сөзін мен жаздым. Кездейсоқ әндерге сөз жаза бермеймін. Алдымен әнді тыңдап көрем. Домбыра тарта алмасам да, музыканы түсінемін. Музыка өзі сөйлейді. Бір күні Тұрсынжан үйіне шақырып, бір музыканы тартты. «Айналайын, мына әннің аты «Дариға-дәурен» ғой. Музыканың өзі сөйдеп тұр» деп бірден айттым. Алдымен «Дариға-дәурен» деп атын қойып алдық та, сөзін қолма-қол жазып бердім. Рас, кейде қиын жазылады. Бұған өте шеберлік керек. Музыканы жақсы түсіну қажет. Тек әннің көңіл күйін ойламай, әншіні де ескеру қажет. Сен жазып берген сөздер оның даусын тұтып қалуы мүмкін, кейбір дауыссыз дыбыстар дауыс­ты ұстайды. Қысқасы, әнге сөз жазғанда әнді де, әншіні де ойлауың керек. Музыка мен поэзияның сиқырлы байланысы бар. Соны дәл бассаң, жақсы ән туады. Әр әннің тарихы әртүрлі. Композитормен шартпа-шұрт ерегісіп қалған жағдайлар да болды. «Сөзің құрысын» деп ол кетеді. «Әнің құрысын» деп мен кетем. Ертеңіне бәрібір қайта табысамыз. Ол бір қиямет-қайым процесс. Сөйтіп керісіп жүріп туған әндер де бар. Жақсы сөзді нашар музыка өлтіреді. Керісінше, жақсы музыканы жаман сөздер тұншықтырады. Сол үшін «өлең мен ән ғашықтардай табысуы қажет» деп ойлаймын.

– Жуырда сіздің құрлық асып, шетелде тұрып жатқан танымал жазушы Мұхтар Мағауинге ар­наған «Мұха, қайда барасың?» атты өлеңіңізді әлеу­меттік желіден оқыдық. Бұған екінші тарап­тан жауап болды ма? Яғни, сіздің хатыңыз Маға­уинге жетті ме, ол жақтан жауап келді ме?

– Ағам үнсіз жатыр. Жеткен шығар. Мен алыс­тағы Мұхаңа – қалай телефон шалуды да біл­меймін. Мұхтар менің өз ағам. Екеуміз бір ауылданбыз. Оқуға алғаш келгенде қолдау білдірген, кө­мектескен. Кейіннен отбасымызбен араластық. Мен сағындым. Ел сағынып отыр. Жуырда ауылға барып қайттым. Бақанас деген өзен бар. Сол өзеннің бойын­да Көпбейіт атты жер бар. Мұхтар Мағауиннің ата­сының қыстауы сонда. Атасы Құрымбай Абай­мен дос-жаран кісілер болған. Мағауиннің жазуы бойынша Абайдың «Жаздыкүн шілде болғанда» өлеңі Көпбейітте туған. Рас, екеуміз бір ауылдан болсақ та, Алматыға келгенше оны көрген емеспін. Себебі, мен оқушы кезде ол кісі Алматыда студент еді. 1967 жылы алғаш рет Семейдің вокзалынан «Қобыз сарыны» кітабын сатып алдым. 1969 жылы өзімен таныстым. Мұхтар – қазақтың ұлы жазушысы. Қазақ үшін қыруар еңбек еткен адам. Әбіш пен Мұхтар екеуі қос күрең сияқты қос жүйрік. Сондай жазушының ортамызда болғаны жақсы ғой. Бұл өлең – ағаға деген сағынышым, назым. Жүрек сөзі деп ұғу керек. Дәл осы кезеңдерде ортамызда болса нұр үстіне нұр еді. Өлеңді жаздым да, әлеуметтік желіге салғызып жібердім. Ағаның құлағына жетсін деп ойладым. Бірақ әзірге жауап жоқ.

– Былтыр ақпанның басында бес бірдей бала өртке оранған трагедия болғаны ешкімнің есі­нен шыға қойған жоқ. Сіздің азаматтық үніңізді «Өртеніп өлді бес бала» деген жыр шумақ­та­рыңыз арқылы естідік. Жалпы, сіздің қазіргі қо­ға­мға көзқарасыңыз қандай? Сіздіңше қазақ қоғамы дамудың жаңа кезеңіне өтті ме?

– Іргеміз бекіді. Мынадай қала салынды. Көп нәрсеге қол жеткіздік. Қол жетпей жатқан дүниелер де бар. Бес баланың өртеніп өлгені маған сондай қатты әсер етті. Жұмыстан шығып бара жатқам. Машинада отырып үйге жеткенше жазып тастадым. Оған күйінбеген, оған жаны селт етпеген адам қандай адам екенін білмеймін. Ол енді бір оқыс жағдай. Аналарға қозғау салды. Жаныңа батқан шындықты айтпасаң ақын болудың керегі не?

Мемлекетіміз қазір жаңа бетбұрыстық кезеңге өтті деп ойлаймын. Елбасының жаңа Президентке өз еркімен билікті беруі дұрыс болды деп есептеймін. Елдің тыныштығы, берекесі, болашағы үшін бәріміз көк тудың түбінен табылуымыз керек. Қазіргі кезде әртүрлі ерсілі-қарсылы пікірлер айтылуда. Ұлт мүддесінен өз мүддесін жоғары қоятындар ұлт атынан сөйлеуге құмар боп алды. Кейбір есебі түгел бизнесмендер халықты арандатып жүр. Ақшасы бар, билігі бар кезде үндемей келгендер қолдарынан ақша мен билік сусып кеткенде оппозиция боп шыға келеді. Маған осы нәрсе ұнамайды. Рас, ел үшін шынайы кейіппен шырылдап жүргендер де бар. Оларды да білеміз. Жер мәселесі көтерілгенде «Жер – жаннан қымбат» деген поэма жаздым. Жұмабек Тәшенов туралы. Біраз басылымдар басқан жоқ. Қорықты. Сол кезде Жұмабектің ерлігін айта отырып, ащы шындықтың бетін аштым. Жер – жанымыздан қымбат. Жатқа ұлтарақтай жерді беруге болмайды. Аз болсақ та, байтақ жерге ие болуымыз керек. Бес бала осымен байланысып жатыр. Әр бала – ауадай қымбат.

Қазіргі жас ұрпақтың санасы өзгеріп бара жат­қаны алаңдатады. Көбі шетелге барып тұруға, ақша жинауға, байлыққа құмар. Атамекен, ел, жер деген ұғымдардың мән-мағынасы әлсіреп бара жатқандай көрінеді. Балаларды қайта тәрбиелеу керек сияқты. Әйтпесе, ертең атамекенге кім ие болады деп ойлаймын. Тәуелсіздік алғанда туған балалардың алды отызға кеп қалды. Меніңше, солардың жартысына жуығы ана тілін білмейді. Білсе де шала-шарпы. Бұған кім кінәлі? Қайта тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тілге деген бетбұрыс жақсы болатын. Біз елдегі басқа ұлттардың көңіліне қараймыз деп жүріп өз ұпайымызды жіберіп алдық. Шындап келгенде бізге басқа ұлттардан, әсіресе орыстар­дан келетін ешқандай қауіп-қатер жоқ. Бар мәселе өзіміздің шала қазақтарда. Енді тәуекелге бел бумасақ кеш қаламыз. Ата Заңның 7-бабында орыс тілі қазақ тілімен қатар ресми тіл ретінде қол­данылатындығы жазылған. Осыны алып тас­тау керек. Оған қоса мемлекеттік қызметкерлерді мем­лекеттік тілді білуге міндеттемей болмайды.

– «Бәйтерек» атты поэма жазғаныңыз көптің есінде. Осы поэманы жазғаннан соң Елбасының қабыл­дауында болдыңыз ба?

– «Бәйтерек» поэмасы алғаш жарияланғанда жұртты елең еткізген еді. Поэма шыққан соң Нұрсұлтан Әбішұлы қабылдады. Өзім тіленіп кіргем жоқ. Шақыртумен бардым. Өзі сұрақ қойып отырды. Мен жауап бердім. Сұрақтардың көбі менің шығармашылығым мен «Бәйтерек» поэмасының қалай туғаны төңірегінде болды. Елорданы рухани ордаға айналдыру мәселесіне қатысты да біраз әңгімелер айтылды. Жаңа заманды, тәуелсіздікті жырлау керектігі туралы айтты. Мен ол кезде Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың қол астында, университетте жұмыс істейтінмін. Одан кейін Президенттің жеке қабылдауында болған емеспін. Жұрт ойлағандай Президенттен жеке басыма ештеңе сұрағаным жоқ. Рас, елордаға келуіме, пәтер алуыма көмектескен адам болды. Ол – Иманғали Тасмағамбетов.

– Ертеңге құрған жоспарларыңыз жайлы айтсаңыз.

– Тірінің бәрі ертеңге бір нәрсе жоспарлайды. Бірақ оның іске асуы бір Алладан. Ғұмыр жетсе Әлішер Науаидың «Хамсасын» түгел аударсам деймін. «Ескендір қорғанын» сәл жастау кезімде аударғам. Кейінірек «Ләйлі-Мәжнүнді» аудардым. Халықаралық Түркі академиясы сол екі шығарманың басын қосып «Хамса» деген атпен шығарып берді. Кітап Түркиядан шықты. Алдағы күндерде тұсаукесері де болып қалар. Енді қалған дастандарға жұмыс істеймін деп ниеттеніп жүрмін.

– Жан сарайыңызды ашып, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет.

 

Әңгімелескен

Айгүл СЕЙІЛ,

«Egemen Qazaqstan»