Руханият • 06 Қаңтар, 2020

Сүю мен сүйікті болудың аражігі

1015 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сонау сексенінші жылдардың ор­та тұсында Алматы қаласындағы «Академ­кітап» дүкеніне бір қызық кітап түсті. Ав­торы – Иасуси Иноуэ. Жапон жазушысы. Жанры – әңгімелер. Ал тақырыбы – «Охот­ничье ружье». Яки, қазақшаға тәржі­ма­ла­сақ, «Аңшы мыл­тығы» болып шыға келеді.

Сүю мен сүйікті болудың аражігі

Әдетте, «Академкітап» дүкеніне көркем әдеби кітаптар көп түсе бермейтін-ді. Себебі ондағы сөрелер том-том академиялық еңбек­терден босамайтындай көрінетін.

Ал мынау, мұқабасы жұп-жұқа әңгімелер жина­ғының мұнда қалай жол тауып келгені ал­ғашқыда бізге жұмбақ болып көрінгені де рас.

Бақсақ, кітап авторы Иасуси Иноуэ Жа­пония­дағы Өнер академиясының мүшесі әрі осы академияның арнайы сыйлығының лау­реаты екен.

Сірә, бұл әңгімелердің академиялық кітап­тар дүкенінің сөресінен орын алуының бірден-бір себебі де осында болса керек.

«Аңшы мылтығы» қолыма түскен күннен бастап, бас көтермей оқуға кіріскенім әлі есімде. Өйткені, мұндағы әңгімелер, расында да қызықты, бірінен-бірі өткен тартымды дүниелер еді.

Бір қызығы, кітапқа аты берілген «Аңшы мылтығы» әңгімесі жазушының қы­рық екі жасында, проза жанрындағы тұңғыш жарияланған тырнақалды туындысы екен. Аталмыш әңгіме баспасөзде жарық көрісімен-ақ қалың оқырман қауымның қы­зығу­шылығын туғызып, қолдан-қолға өтіп кете барады. Сөйте-сөйте, 1950 жы­лы Рюноскэ Акутагава атындағы әдеби сый­лыққа ие болады.

Иноуэ шығармаларында саби (жалғыздық мұңы) деп аталатын жапон эстетикасының рухы бар деп жаза бастайды әдебиет сыншылары.

Расында да, бұл әңгіме несімен құнды? Онда қандай ой айтылған? Оқиғасы қызықты, шытырман ба?..

Шынымды айтсам, «Академкітап» дүке­ні­нен алғаш көргенімде, маған оның тақырыбы тартымсыздау болып көрінген-ді. Мұқабасы да сұрқайлау еді. Қара тушьпен қалай болса солай салына салған әлдебір келіншектің бейнесі тым-тым мұңды, қайғылы болатын.

Алайда ондағы «Аңшы мылтығы» атты алғашқы әңгімені оқыған сәттен бастап-ақ, бұл кітаптың өз көңілімдегі өңі де, түр-түсі де мүлде өзгеріп сала бергенін сездім.

Иә, сонымен?.. Әңгіме не туралы дейсіздер ­ғой.

«Аңшы мылтығы» – шартты түрде ал­ғанда, «Секоның хаты», «Мидоридің хаты» және «Аяконың хаты» деп аталатын үш бөлімнен тұрады. Бұл үш хат та қартайған ша­ғында жалғыздық азабын тартып, тау-тасты кезіп, аңшы мылтығын серік етіп жүрген Дзесукэ Мисуги мырзаға арналған.

Оларды жазған адамдардың жасы да, көз­қарасы да әртүрлі.

Күйеуінің баяғыда жасаған бір қателігін кешіре алмаған Аяконың Дзесукэ мырзамен көңілдес болуын алғашқы екі хатта кеш оянған, өзгелердің көзіне түсуге жас­қанған жазықсыз махаббат деп қабылда­ған оқырманның алдынан соңғы хатта мүлде басқаша ақиқат ашылады. Себебі, Аяко өлерінің алдында Дзесукэ екеуінің арасындағы қарым-қатынас қаншалықты тәтті болғанына қарамастан, соншалықты азап­ты болғанын мойындайды.

Себебі, ол өмір бойы өз күйеуін сүйгенін, сол үшін де, оны ешқашан кешіре алмағанын түсінеді. Және әңгіменің осы бір тұсына жеткенде ғана оқырман жазушының әу бастағы көздеген мақсатын, яки, шығарманың түпкі идеясын ұғынады. Сондықтан да, Аяконың хатындағы: «Құдай қандай әйелдің жазасын жеңілдетеді: өзі сүймесе де, өзгенің сүйіктісіне айналып, қызық-думанға мас болып өткен әйелдің бе, әлде, бақыттың дәмін татпаса да, мен оны сүйдім деуден танбаған әйелдің бе?» деген жолдарын оқығанда қалың ойдың шырмауында қалады.

«Аңшы мылтығы» бұл күнде тек жапон әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің асыл қазынасына айналған шығарма десек, артық айтпаған болар едік.

Сүю мен сүйікті болу, әрине, бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар емес. Бірақ, өкінішке қарай, сүю әрі сүйікті бола білу – екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ екені рас.

Ол тек, ер мен әйелдің ғана емес, өнер мен таланттың, дарынды мен дарынсыздың арасындағы қарым-қатынастардан да анық көрінеді. Себебі, Өнерді емес, өнердегі Өзін сүйгендердің таланты қалайша тас-талқан болатынына жүздеп, мыңдап мысал келтіру еш қиындық туғызбайды.

Сүю дегеніңіз, шын мәнінде бақытты болуға ұмтылу және сол жолда кезігетін азаптар мен қиындықтардың бәрін де жеңіп шығу.

Сондықтан да, өз жеріңді, отаныңды, ұлтыңды жан-тәніңмен сүйіп қызмет еткенде ғана перзенттік парызыңның (махаббатыңның) өтелгенін сезіп, әзиз жаныңның тыныштық табары хақ.

Ал тек, сүйкімді болуды ғана ойласаң, онда саған екі дүниеде де тыныштық жоқ екені анық.