«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры Алматы облыстық филиалының мәліметі бойынша жаңа жылдан бастап Жетісу тұрғындарының 80,6 проценті міндетті жарна төлеуге қабілетін растаған. Ал 27 863 адам медицина мекемелеріне тіркелмеген.
Өкінішке қарай, осынша тұрғынның басы ауырып, балтыры сыздай қалса, алғашқы дәргерлік көмектен басқа медициналық қызмет түріне қол жеткізе алмайтыны белгілі болып отыр. Ал балалар, жүкті әйелдер, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар, 3 жасқа дейін бала тәрбиесімен айналысушы ата-ана, мүгедектік тағайындалған жандар, мүгедекті күтіп,бағатын қамқоршы, соғыс ардагерлері, көп балалы аналар және тағы да арнайы әлеуметтік жеңілдігі бар адамдар үшін медициналық қызмет көрсетуді қаржыландыру мемлекет есебінен жүргізіледі.
Айтпақшы, бұған дейін облыста тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелген адамдардың үлесі 90 процентке жеткені айтылған еді. Бірақ, жыл соңына дейін тұрақты медициналық тіркеуі жоқ 100 214 тұрғынның арасында әлі де 27 863 адамның бар екені белгілі болды.