Қоғам • 07 Қаңтар, 2020

Түз тағылары тыным бермей тұр

654 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қыс келіп, күн суыта бас­тағаннан-ақ түз тағылары­ның шаруаларға тыным бер­мейтін әдеті. Әулие­атаның қары қалың, қысы аса қатал болмаса да бұл мезгілде ит-құстың ашы­ға­тыны бар. Мұндайда түз тағысы төрт түлік мал­ға тұтқиылдан келіп ауыз салады. Әсіресе қыс­тауда отырған малшылар үшін бұл – бас ауырта­тын мә­се­ле­лердің бірі. Қыс­тан қа­лай шығудың қамын күйтӨтеп жүрген шаруа­лар­ға мұның оңай тимейтіні анық.

Түз тағылары тыным бермей тұр

Бүгінгі таңда Жамбыл облысы, Сарысу ауданының қыстау­дағы шаруаларын да аймақта қас­қырлардың көбейіп кетуі алаң­датып отыр. Бір шаруаның өзінен жыл басынан бері ірілі-ұсақ­ты 11 мал шығын болған екен. Яғни, Досбол ауылындағы «Әб­дісаттар» шаруа қожалығының 7 бас жылқысын және 4 бас сиырын қасқыр тартып кеткен. Бұдан өзге де мал шығындары бар. Бұл, әрине, мал шаруашылығымен айналысып, сол арқылы күн көріп отырған малшыларға оңай емес. Дегенмен, жергілікті әкімдік шаруаларға көмек қолын созып, ит-құспен күресуде пәрменділік танытуда.

«Бүгінде аудандағы Жа­йыл­ма, Игілік, Жаңаталап ауыл­дық округтеріне қарас­ты 25 шаруа­шылық, кейіннен Досбол ауыл­дық округ­теріне қарасты 22 ша­руашылық, бар­лығы 47 шаруа­шылықтың қыс­тау­ларындағы жағдай зер­деленді. Ауылдардағы 47 ша­руа­шылықта 1979 мүйізді ірі қара, 16211 уақ мал, 1037 жылқы, 730 түйе қысқа түскен. Малдың қоңы жақсы. Кей жерлерде жантақ пен изен қалың. Шаруашылықтар қысқа қажетті мал азығымен қам­тылған. Енді шаруаларды алаңдатып отырған мәселе – ит-құс­тың көбейіп кетуі. Бір шаруа­дан жылдың басынан бері ірілі-ұсақты 11 мал шығын болған», дейді Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек. Әкімнің айтуынша, күн суыт­қалы бері тай-тулақтан бөлек, ту биелер де ит-құсқа жем болып жатыр екен. Осы орайда Қанатбек Мәдібек заң талаптарына сай тиімді жос­пар құру қажеттігін, себебі бұл малдан бұрын адамға қауіпті болуы мүмкін екенін айтады. Жалпы, бүгінде аудан бойынша 168 шаруа малымен елді мекендерден тыс жерлерде отыр екен. Қазіргі таңда бір ғана Досбол ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтарының бірталайының малы ит-құсқа жем болған. «Досбол ауылдық округінде 27 шаруа қожалығы тіркелген болса, бүгінде оның 19-ы жұмыс істейді. Биыл маңайда ит-құс көбейіп, малға шабуылдауы, қораға түсуі жиілеуде.

Атап айтар болсақ, қыс бас­тал­ғалы бері «Нұрлан» шаруа қожа­лығы бойынша 2 жылқы, 3 мү­йізді ірі қара, 5 қой, «Әбдісаттар» шаруа қожа­лы­ғы бойынша 7 жылқы, 4 мүйізді ірі қара, «Ержан» шаруа қожалығы бойынша 2 мүйіз­ді ірі қара, «Қалау» шаруа қожа­лығынан 3 жыл­­қы, 12 қой, «Ер­кебұлан» шаруа қо­жалығынан 2 жылқы, 1 қой, «Та­ңат-84» шаруа қожалығынан 3 қой, «Қанат-2014» шаруа қожалығынан 6 қой шығын болған», дейді Досбол ауыл­дық округінің әкімі Нұрлан Мол­дабеков. Бір ғана ауыл үшін бұл аз шығын емес. Тұрғындар үшін де түз тағыларының қауіпті болуы заңдылық. Расында да, ит-құс малдан бөлек, адамға да аса қауіпті. Жыртқыштар жан бағу үшін адамның өзіне шабуылдау­дан тайынбайды.

Алайда, бүгінде түз тағыларымен күресудің де өзіндік тәртібі бар екен. Ал аудан әкімінің орынбасары Олжас Көкей аталған мәселелерді реттеу мақсатында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеевке хат жолдағанын айтып, бұл мәселе бойынша облыс деңгейінде қаулы қабылданып, оң шешімін тапса екен деген ойын жеткіз­ді. Сонымен қатар бүгінде шаруалар­ға қасқырға қақпан құру арқылы қолға түсіруге болатынын ескертіпті. Себебі арнайы рұқсат қағазынсыз қасқырды атуға болмайды.

Жамбыл облыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қармасы жануарлар дүниесін қорғау және балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Руслан Балтаев облыс бо­йынша 14 миллион 426 мың 400 гектар жер бар екенін, оның ішінде 4 миллион 427 мың 0,34 гектар жердің орман қоры жері екенін айтты. «Жыл сайын біз орман қоры жеріндегі ит-құстың санағын об­лыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция­сына жібереміз. Ал резервтік қордағы жерлердегі қасқырларды аталған инс­пекция өздері санауы керек. Резервтік қор дегеніміз орман қоры жерлеріне жатпайтын аумақ. Содан кейін аңшылық шаруашылықтардағы қасқырларды сол шаруалардың өздері санайды. Сөй­тіп аталған инспекция барлық жинал­ған мәліметті республикалық Орман шаруашылығы және жануарлар дү­ниесі комитетіне жолдайды. Олар мем­лекеттік қызмет көрсету арқылы ли­митті жергілікті инспекцияға береді.

Бірақ қазір олай болмай тұр. Олар резервтік қорды қоспай, тек біздің анық­таған мәліметті ғана жібереді. Сон­дықтан да комитет облысқа аз лимит бөледі», дейді ол. Сонымен қатар Руслан Балтаевтың айтуынша, биыл 421 қасқыр атуға ғана лимит бөлініпті. Бұл – өте аз көрсеткіш. Мәселен, 2018 жылға инспекция 247 қасқырды аулауға рұқсат берген. Аталған басқарма сол жылы орман қоры жерлерінде 825 қасқыр бар деп мәлімет жолдапты. Яғни, заң бойынша соның 40 пайызын реттеуге рұқсат беріледі екен. «Орман қоры жерлеріндегі тұяқты аңдар саны азайып кетпес үшін және биологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін жыртқыш аңдардың санын реттеп тұруымыз керек. Оны биотехника­лық іс-шара деп атайды. Осы мақсатқа жыл сайын облыстық бюджеттен ақша бөлінеді. Биыл 4 миллион 380 мың теңге қарастырылды. Әр орман шаруашылығы мекемесінің өзінің белгіленген аумағы бар. Облыста басқармаға қарасты 15 орман шаруашылығы мекемесі бар. Біз сол аумақтарда өмір сүретін ит-құстың санын инспекцияға береміз. Қалғанын өздері реттеу керек. Бірақ, инспекция өз санағын жүргізіп келе жатқан жоқ. Санақты біздің орман шаруашылығы мекемелері ғана жүргізіп келеді», дейді Руслан Балтаев.  

Мәселен, аталған басқарма биылға орман қоры жерлерін мекендейтін 1053 түз тағысының бар екені туралы мәліметті инспекцияға жіберген. Мамандардың айтуынша, аталған инс­пекция биыл да комитетке осы мәліметті еш өзгеріссіз бере салған. Міне, осыдан келіп облысқа берілетін лимиттің аз болып отырғаны, сондықтан да ит-құстың көбейіп бара жатқаны туралы мәселе туындайды. Сонымен қатар жыртқыш аңдарды реттеу мақсатында облыстық бюджеттен бөлінген қаражатты жаратуда да мәселелер бар болып шықты. Яғни, басқарманың айтуынша, қаражатты қасқыр аулауға пайдалануға инспекция рұқсат бермейді.

Алайда, Жамбыл облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары басқарманың бұл пікірімен келіспейді. «Қазір өмірдің жаңа талаптарынан туындаған жағдайлар табиғат қорғау заңнамаларына соңғы жылдары көбірек өзгерістер енгізуде. Табиғаттың санитарлары саналатын қасқырды, шибөріні, қарғаны ату үшін заңды түрде рұқсат алу керегін екінің бірі біле бермес. Көп аңшыны қасқыр мен шибөріге қатысты ақпарат қызықтырады. Біз берген мәліметке сәйкес, республикалық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті облысқа жыртқыш аңдардың 40 пайызын реттеуді бұйы­рады. Бұл табиғи тепе-теңдікті сақтау үшін керек. Облыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мұнысы дұрыс емес. Бізде де орман шаруашылығы бөлімі бар. Біз де орман қоры жерлеріне жауап береміз. Біз де солардың берген есебін береміз. Жалпы, қасқырларды толық санау мүмкін емес. Мәселен, бір отар қойға қасқыр шапса, оның қай ауданның аумағынан келген жыртқыш екенін қайдан білеміз? Оның үстіне ит-құс айлалы жыртқыш. Рұқсатын алып, бірақ айлар бойы ата алмай жүргендер бар. Кезінде 186-қаулы деген болған. Яғни, қаржыны мемлекеттік сатып алу арқылы ойнатып, оны аудандарға бөледі. Бірақ бұл бүгінде күшін жойған. Басқарма осы қаулыға сүйенеді. Мемлекеттік сатып алудың қаншалықты қиын екенін көп адам біледі. Ол соңына жеткенше көктем де шығады. Сондықтан біз қасқырлар мен шибөрілердің санын реттеу үшін egov жүйесі арқылы өтініштер қабылдаймыз. Мұның бәрі тегін. Егер аңшылардың құжаты дұрыс болса, рұқсат бермей қоюға біздің хақымыз жоқ. Әр аңшыға 3 қасқыр атуға ғана рұқсат. Ал басқарма қасқырларды сол бөлінген қаражатқа атқызғысы келе­ді. Мемлекеттік сатып алу бойынша мұны бір-ақ адам ұтып алады. Содан кейін ол әр ауданның аумағынан 30-40 қасқырдан ата береді ғой. Бізде бүгінде 421 дарақ қасқыр мен 255 дарақ шибөрінің санын реттеу мақсатында бекітілген биологиялық негіздемеге бай­ланысты азаматтардың берген өті­ніштері бойынша мемлекеттік қызмет көр­сетілуде», дейді облыс бойынша ор­ман шаруашылығы және жануарлар дү­ниесі аумақтық инспекциясының мем­­лекеттік қызмет көрсетуге жауапты маманы Нұржамал Көлбаева.

Екі мекеме түз тағыларының санын реттеуде бір-біріне міндет артып жүргенде ит-құс малды ауылдарға қырғидай тиюде. Десек те, өңірде қасқырлардың санын реттеуде түрлі мәселелер бар екенін байқадық. Яғни, қаруының құжаты болса да кез келген қойшы қасқырды ата алмайды. Ал құжаты бар аңшының өзі 3 қасқырдан артық ата алмайды. Алайда, әрбір аңшының 3 қасқырдан артық атпағанын кім, қалай дәлелдейді? Кейбір аңшылар өз пайдасы үшін рұқсат алып, жапан далада түз тағыларын қырып салуы да мүмкін. Қасқыр аулауға рұқсат беріп отырған инспекцияның өзі оны бақы­лай алмайды екен. Бұл ретте облыс әкім­дігінің тиісті мекемелерінің тарапынан арнайы комиссия құрылу керек пе, жоқ әлде олар аңшылармен бірге жүруі керек пе? Қалай болғанда да табиғаттың тепе-теңдігін сақтау үшін бұл мәселенің шешімін тапқаны дұрыс. Түз тағыларын ату үшін де бір жүйенің болуы керегін Жамбыл облысы әкімдігінің табиғатты қорғау кеңесінің төрағасы Ерназарбек Жантаев айтады. «Қасқырдан айлалы аң жоқ. Оның бауыр жүні жылдың әр мезгілінде түлеп отырады. Ит-құсты ату оңай шаруа емес. Өзім кезінде қас­қырды аулап та, асырап та көрдім. Алай­да кәнігі аңшыларға 3 қасқырдан артық атуға рұқсат берілмейді екен. Бі­рақ аңшылардың 3 қасқыр ғана аула­ғанын, одан артық атпағанын кім, қалай дәлелдейді? Шыны керек, қазір қыс­тауларда қасқырлар көбейіп барады. Жуыр­да ғана «Төлеп» деген жерде бір шару­аның 12 сиырын қасқыр жеп кеткен», дейді Ерназарбек Жантаев.

Қасқыр – қауіпті аң. Түз тағыларымен күресу де қиындығы көп жұмыс. Алайда, табиғаттағы жыртқыш аңдардың санын реттеуде өңірде бір жүйенің болғаны дұрыс. Әйтпесе, бұл малдан бұрын адамдарға қауіпті болуы да мүмкін.

 

Жамбыл облысы