Ауылдағы ақсақалға амандаса барып, «Қашаннан бері мұсылмансыз?» десеңіз, «Әлімсақтан бері мұсылманмын» деп қысқа қайырар еді. Бүгінде осы «әлімсақ» сөзін «көнеден, ертеден» деп ұғынамыз. Ол да ақиқат. Бірақ «әлімсақтың» тамыры одан да тереңде жатқанын білген абзал. Әсілінде «әлімсақ» сөзі алдымен «әлмисақ», оған дейін «мисақ» болғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Мисақ – адам мен Алла арасындағы алғашқы ант. Яғни, дана халқымыз есте жоқ ескі заманнан бері мұсылман екенімізді ескертіп қояды.
Биыл мәдени құндылықтарымыздың мәйегіне айналған Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығы UNESCO көлемінде атап өтілмек. Бір кездері Орхон мен Енисей өзендері алқабынан табылған таңбалы таста тарлан тарихымыздың тамыры лүпілдейді. Түбі бір түркі халықтарының төл мерейі бұл. Елтеріс пен Білге қағандарға кеңесші болған Тоныкөк бабамыздың дария-даналығы бүгінгі ұрпаққа бүтін бір алып тас, еңселі ескерткіш болып жеткен.
Өрлігіміз бен ерлігімізге осындай таңбалы тастар мен жақпардағы жазулар куә! Білге қаған қашап қалдырған бір ауыз сөзінде «Ей, Түрік! Жоғарыда аспан құламай, төмендегі жер тесілмей, сенің мемлекетіңді, әдетіңді кім жоя алады?!» дейді. Бұл жерде «әдет» деп отырғаны сан ғасырмен сабақтас әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз. Соны жоятындар ұлты мен салтынан безінген, жат ағымның жетегінде жүргендер болса керек. Осы қатардағылар «Аспан құламай, жер тесілмей», өзгенің айтағына еріп, төл мемлекетінің қауіпсіздігіне сына қағатынын білсеші.
Бүлдіргі ағымдардың уағызына ден қойып, айдың-күннің аманында бейбіт өмірден безініп, отбасын оққа байлағандар аз болмай отыр. Бір ғана мысал, «Жусан» операциясы арқылы Сириядан Отанына оралған Жанна есімді қандасымыз Таяу Шығыста өткізген 5 жылда небір сұмдықтың куәсі болғанын айтады.
«Аяғым ауыр кезде күйеуіме туған топырағыма оралғым келетінін жеткіздім. Ол бас тартты. Өзім кетсем де, баламды тастап кетуді талап етті. Өзі болса осы жақта өлуге бекігенін айтты. Ақыры солай болды да. Таяу Шығысқа алғаш табан тірегенімізде бәрі әдемі көрінді. Дүние-мүлкі бар баспанамыз болды. Ештемеден тарықпадық. Әйел адам болған соң, қызыққанымды жасырмаймын. Жақсы жағдайды кім жатсынсын? Кейін, Ракка қаласында болған кезде небір қуыстармен жүруге тура келді. Ол жерде адамдардың бастары ілініп тұрды. Соны көріп қатты жыладым», дейді отандасымыз.
Ұлтқа төнген алапат қасірет бұл! Әйтпегенде, атты әскері алты құрлық билеушілерінің түн ұйқысын қашырған бағзы бабаларымыз – түркілердің қаһарынан үрікпеген ұлт пен ұлыс кемде-кем жер бетінде. Махмұд Қашқари «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегінде: «Ұлы Тәңір айтады: «Менің бір тайпа қосыным бар. Оларды «Түрік» деп атап, Күншығысқа қоныстандырдым. Бір ұлысқа ашуланып, назалансам түріктерді соларға қарсы саламын» дейді. Осы ойын жалғастырып: «Түріктер – көрікті, өңдері ұнамды, жүздері мейірімді, әдепті, үлкендерді құрметтей білетін кішіпейіл, уәделеріне берік тұратын мәрт...» дегені тағы бар.
«Жүздері мейірімді, әдепті, үлкендерді құрметтей білетін кішіпейіл, уәделеріне берік тұратын мәрт». Мұсылмандықтың мұраты да, негізгі қағидаты осы емес пе? Әкенің қаны, ананың сүтімен сіңген дара қасиет келе-келе салт-санамызға айналды. Әдет-ғұрып болып қалыптасты. Көнекөз қариялардың осыны меңзеп, «әлімсақтан мұсылманбыз» деуінің астарлы ақиқаты – міне сол!
М.Қашқаридың сөзіне күмәнданбас үшін түркілер тұрғысындағы хадистерді қазбалап көрейік.Байқағанымыздай, бір емес бірнеше хадис-шариф бар екен. Соның бірінде Пайғамбар (с.ғ.с) хадистерін сақтаушы сахаба Әбу Хурайра былай деді: Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Сендер қысық көзді, қызыл шырайлы, таңқы мұрынды, бет-жүздері қабат-қабат тері қапталған қалқан тәрізді түріктермен соғыспайынша қиямет-қайым болмайды. Сондай-ақ сендер аяқтарына жүннен киген бір қауыммен соғыспайынша қиямет болмайды» (Сахих әл-Бұхари). Енді бір сөздерінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Өлкені (дұшпандарға қарсы) қорғаудың күші онға бөлінеді: Оның тоғызы түркілерге, қалғаны өзге ұлттарға берілді» (ат-Табари). «Түріктер сізге тиспейінше байқаңыз, сіздер де түріктерге тиіспеңіз. Өйткені Алланың үмбетке берген бұл мүлкі (байлық) мен салтанатын алғаш болып Қантураұлдары тартып алады» (ат-Табарани) дейді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) түркі халқымен соғыспай, оларды жақын тартуының бір мәні Тәңірінің «Күншығысқа қоныстандырған қосынының» өмір-салты, әдет-ғұрпы мұсылмандық қағидаттармен әу бастан-ақ ұштасып жатқанын аңғартса керек. Әйтпегенде, Жер-Ана төсінде түркілерден өзге ұлт пен ұлыс аз ба? Жоқ! Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Әй адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» (Һужурат сүресі, 13-аят) деген еді.
Ұлт пен ұғым. Дін мен дәстүр. Осынау төрт сөздің төркінін түсініп, ел игілігіне айналдыру да оңайға соққан жоқ. Әр халықтың өз дүниетанымы, төл түсінігі, үкілеген ұстанымы бар. Сонда қайтпек керек? Барлық халық, мәселен, бір ғана араб ұлтының дүниетанымымен өмір сүретін болса Жаратқанның «бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» дегенін қайда қоямыз? Олай болуы да мүмкін емес еді. Сондықтан әр ұлттың әдет-ғұрпы ескерілуі керек-ті. Олардың тек өзіне ғана тән тариқаты қажет болды. Тариқат, шариғат сөздері араб тілінен тәржімалағанда «жол» мағынасын береді. Ендеше, әр халықтың өз жолы бар.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы шығарған «Дін мен дәстүр» кітабында «Мұсылман шариғатында адамдардың еркіне қалдырған мубах яки ерікті істері бар. Мысалы, тойларды, мейрамдарды өткізу жолдары, салт-жоралғылары әрбір халықта әркелкі. Олардың бәрін шариғатқа сай келмейді деп айтуға болмайды» делінеді. Ендеше, келіннің бетін ашу, домбыра шерту, өмірден озған адамның жетісін, қырқын, жылын беру шариғатта болмағанымен, «ерікті істер» деп қабылдауға болады. Осы кітапта айтылғандай «Ұлттық ерекшеліктерге, тілдік ерекшеліктерге қарсы шығу, оларды дәл арабтардыкіндей етуге тырысу барып тұрған надандық».
Мәселен, қазақ халқы жеті атаға жетпей қыз алыспайды. Дана халқымыздың қасиеті де, келер ұрпағына жеткізген өсиеті де осы. Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасында қыз алысып, қыз беріскен құдандалығымыздың арқасында тіліміз бүлінбей, салтымыз сарқылмай келеді. Ардақ тұтқан әдет-ғұрпымыз да, діни сабақтастық та осылай сақталды.
Қазақ халқы үшін қатаң қағида, қастерлі ұғым – өзге ұлттарға тән емес. Сол сияқты, өзге халықтардың да дара дәстүрі біз үшін адамгершіліктің өлшемі болған жоқ. Дін ортақ болғанымен, сан түрлі салт, әлденеше әдет-ғұрып бар. «Салт-дәстүрін ел бұзбас, уәде-сертін ер бұзбас» дейді қазақ жұрты. Ендеше, бір халықты бір халықтан ерекшелейтін дін емес, дәстүр болғаны ғой.
Бұл күні қазақ қоғамында айрандай ұйыған ұлттың іргесін сөгіп, іріткі салғысы келген уаххаби-салафилер қатары көбейіп барады. Өкініштісі сол, осы сор-соқпақта сандалғандардың басым-көпшілігі – жастар. Араб дәстүріндеміз деп байбалам салып, қазақтың өзіне ғана тән болмысын бүлдіріп әлек. М.Жүсіп айтқандай, «Діні бар да, ұлты жоқ»! «Елдің түбіне солар» жетпесе екен дейміз. Дейміз де, қазақы наным-сенімі жоғалған адамды қазақ деуге қалай аузымыз барады? Сақтардың салтын, ғұндардың ғұрпын, түркілердің таным-түсінігін ұстанған ұлт емес пе едік? Қазақ ұғымы тарих сахнасынан біржолата жойылып кетпеу үшін де жастарымызды, дара дәстүрімізді көздің қарашығындай қорғау керегін ұғынар кез келді. «Ең мықты заңдар халықтың дәстүрлері» (Конфуций) екенін ұрпақ құлағына құюдың маңыздылығы күшейді.
Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Қазақтың түп атасы – батыр Түрік, «Арабсың» деген сөздің түбі шірік. «Пәленше сахабаның затысың» деп, Алдаған дін жамылған өңкей жүлік» деп толғайды. Жат ағымның жетегінде кеткендер араб емес, түбіміз – түрік, қанымыз – қазақ екенін осыдан-ақ ұғынар еді. Себебі дін – діңгек дегенімізбен, салт-дәстүрден аулақтаған болса, ол да «ұстай білсең – қасиетің, ұстай білмесең – қасіретің»...