Тарих • 07 Қаңтар, 2020

Батырбек Датқаның болыс ұлдары

524 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Батырбек Датқа бабамыз туралы абайтанушы, академик Мекемтас Мырзах­метов, әйгілі кардиохирург Сейітхан Жошыбаев, ақын Арғынбай Бекбосын, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, т.б. зиялы қауым өкілдері көлемді, деректі мақалалар жазып, олар республикалық, облыстық басылымдарда жарияланды.

Батырбек Датқаның болыс ұлдары

Датқаның төрт әйелінен сегіз ұл, он бес қыз тарайды. Ұлдарының ішінен Ыса, Тастанбек, немересі Белқожа әр­қайсысы 30-40 жыл болыстық қызмет ат­қа­р­ған. Олар әкелерінің жолымен жүріп ха­лықты бөліп-жармай, тура жолдан тай­май адал басқарған. Ел ішіндегі ұры-қа­рыларды, қылмыскерлерді қатаң жазалап отырған. Сондықтан да қарапайым халық арасында абырой-беделдері өте зор болған. Ел қариялары осы кісілердің әділеттілігін, жомарттығын, іскерліктерін әлі күнге дейін аңыз етіп айтады. Кезін­де сырттан көшіп келгендерге жер бө­ліп беріп, қоныстандырып, алдарына мал салып бергенін Жуалы ауданы, Қоңыр­төбе ауылындағы найман, арғын, Көл­бастаудағы қыпшақ ағайындардың үлкен­дері разылықпен еске алып отырады.

Сондай-ақ олар алты бірдей елді мекенде мешіт-медресе салдыртып, халық арасынан діни білімі жетік шәкірттер дайындау жұмыс­тарына ерекше көңіл бөліп отырған. Оның бер жағында, қарапайым халықты егін шаруашылығына ұйымдастырып, ірі-ірі тоғандар қаздыртып, сол кездің өзінде-ақ қолдан суару жүйесін жолға қоя білген.

Бұл кісілердің жомарттығы жайлы да үл­кендерден жеткен әңгімелер көп. Шым­кентте отырған ояз жиналысқа шақыра қалса, нөкерлерімен барып, қайтарда керуенмен бірге ауылға мата, қант-шай, өрік-мейіз ала қайтады екен. Жомарттығы сол, ауылға жеткенше, әлгі тауардың жартысынан көбін жолдағы кездескен елді мекеннің халқы таратып алып, ауылға азғана бөлігі зорға жететін көрінеді.

Үшеуі де сөзге шешен, мақалдап-мә­тел­деп сөйлейтін, қиын-қыстау кезеңде сөз тауып, жол тауып кететін ерекше қа­сиеттері болған. Бірде Ыса болыс­ты ояз бастығы өзіне шақырып алып: «Үс­тіңіз­ден арыз бар, қатал көрінесіз, не іс­тейміз?» десе керек. Бұл арызды әлдебір бәле­қорларға ояздың өзі әдейі жаздыртып, ұйым­дастырып отырғанын сезе қойған Ыса әлгі жерде бөгелместен: «Ой, тақсыр ол бәлеқорларға сенбеңіз, өткенде ғана сізді «орыстың арақ ішкіш мұжығы», мені «қазақтың бұзығы» деп: «Ояз арақішкіш, халықты басқара алмайды, Тәшкендегі губернаторға үстінен арыз жазамыз» дегенде, мен сіз үшін оларға аз ғана мал, ақша беріп, әрең тоқтаттым», деп оязды орнына қойған екен.

Белқожа датқа да 1925 жылға шейін болыс болған, Тәшкендегі медресені, орыс-қазақ мектебін бітірген, араб, орыс тілдеріне өте сауатты адам болыпты. Ро­мановтар әулетінің таққа отырғандарына 300 жыл толуына орай өткен салтанатты жиынға жалпы Орталық Азиядан баратын елу шақты болыс, байларды осы Белқожа болыс бастап, патша алдында құттықтау сөз сөйлеу құрметіне де ие болған.

Орысша сауатты сөйлегеніне қатты разы болған патша Белқожамен арнайы бірге суретке түсіп, көптеген сый-сыяпат жасаған. Белқожа болыс өзінің генерал-губернатордың алдындағы беделінің арқасында 1916 жылғы июнь жарлығы кезінде Ресейдің батысында жүріп жатқан соғысқа, қазақ жастарын тыл жұмыстарына алу туралы бұйрық болғанда, Оңтүстік өңірден баратын мыңдаған жасты жібермей алып қалған. Тәшкендегі генерал-губернаторға барып, «ағзамға жеткізіңіз, егерде бізден жастарды алатын болса, халық арасында толқу болып көпшілігі Ауғанстан, Иран ауып кетеді, кейін оларды ағылшын тыңшылары ұйымдастырып өзімізге айдап салмасына кім кепіл?» деп мыңдаған қазақ жастарын майданға жібермей аман алып қалады. Тарихтан белгілі, тыл жұмыстарына алынған кейбір халықтың жастары қиын жұмыстарға шыдамай, тамақтың аздығынан, іш ауруынан көбі қырылып қалған. Бұл туралы тыл жұмысына алынып, сол кездегі қиындықты көзбен көріп, елге әрең жеткен жазушы Сапарғали Бегалин өз өмірбаянында да жазып қалдырады. Белқожа болыстың халыққа істеген осы жақ­сылығын ел-жұрт әлі күнге дейін аңыз етіп айтады. Одан бөлек болашағы бар деген жастарды қолдап, өз қаражатына оқытып отырған. Солармен бірге өзінің баласы Жамалбекті те Тәшкендегі медресеге оқуға беріп, одан кейін Шымкенттегі орыс-қазақ школасын бітіртеді. Болыстың мұндай қамқорлықтарына Т.Рысқұлов, Қ.Қошмамбетов, Қ.Сармолдаев, М.Ты­ныш­паев сияқты оқыған қазақ жастары да ие болған.

Т.Рысқұлов кейін, Кеңес өкіметі ор­нап, болыс-байларды кәмпескелеп, ту­ған-туыстарын қудалағанда, Датқаның ұрпақтарына қамқорлық көрсетіп, көпші­лігін Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан бас­шыларымен ке­лі­сіп, сол жақтарға қоныстандырып, үл­кен нәубеттен аман алып қалады. Осы тарихи деректердің барлығы бізге Жамал­бек атамыз арқылы жеткенін айта кетуіміз керек.

Жамалбекті аудан басшыларынан бас­тап, көптеген танымал кісі қатты сыйлап өтіпті. Атақты батыр Б.Момышұлы Жа­малбекті қатты құрметтейтін, әкеміз Нарымбекпен жас кездерінде қызметтес, сыйлас кісілер болған. Әкеміз колхозда бухгалтер, Баукең аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы қызметін атқарып жүргенде батыр біздің үйге жиі түседі екен. Оның үстіне туған жездеміз Қалдарбек батырдың жақын інісі болып келеді. 1960 жылдары мединститутта оқып жүргенімізде екі жылдай Баукеңнің үйінде жатып та оқыдық. Баукең көңілденгенде, «Әй, Датқаның ұрпағы, сары бала!» дейді, ел­ге барғанда сауатты ағамыз Жамалбекке сә­лем айт, өз заманында өмір сүргенде ол ағаң үлкен қайраткер болатын еді» дей­тін. Баукеңнің сәлемін оқудан келгенде Жа­малбек көкемізге айтқанымызда үн­демей көп отырып, күрсініп «есіл ер аман бол­сын!» деп естеліктерін әңгімелей бас­тай­тын. Сол әңгімелердің ішіндегі мы­на бір естелік есімізде ерекше қалып қойып­ты.

«Баукең анда-санда К.Маркс совхозында парторг қызметін атқаратын немере інісі Әбділда Момынқұловтың үйіне ке­леді екен. Сондай-ақ әлгі совхозда өте білімді, іскер Мақұлбек Қорғанбаев есім­ді азамат бас бухгалтер қызметін ат­қарыпты. Сол жігіт батырды да, мені де қо­наққа шақырып Баукең екеуміз түні бойы әңгімелестік. Батырдың көп сауалдарына жауап бергенім бар. Сонда көзім жет­кені тарихты, салт-дәстүрімізді, діни жо­ралғыларды өте терең біледі Баукең, әсіресе, Батырбек Датқа туралы көп айтып, оны пір тұтып отырды.

«Жамаке, Датқа бабаларыңыз өте қа­сиетті, данышпан, көреген, әділетті бол­ған кісі ғой. Жас кезімде ауданда жа­уап­ты хатшы болып, ел аралағанымда Датқа сазға соғып, үнемі дұға бағыштап жүр­дім, ал 1931 жылы әскерге алынарда Момыш жәкем екеуміз екі атқа мініп, арнайы Датқа сазға келіп қасиетті кісіге Құран бағыштап, аруағына сыйынып аттанып едім. Әрине, бірінші көктегі Тәңір, екінші Батырбек Датқаның аруағы жебеген шығар, 1938 жылы Қиыр шығыста әскери қызметте жүргенімде, дивизияаралық әскери жарыс ұйымдастырылып, сол жарыста үздік дайындығым үшін, бірінші орын алдым. Осы жарысты көруге Қиыр шығыстағы әскерилердің бас қолбасшысы маршал Блюхер өзі қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша үздіктерге Блюхер өз қолымен сыйлықтар тапсырып, мен сол кісінің қолынан алтын сағат алғанмын, кейін осы үшін жауапқа тартыла жаздап, аман қалғаным бар. Олай болған себебі, В.К.Блюхер 1938 жылы репрессияға ұшы­рап, оның қарамағында қызмет істеген ко­мандирлердің көбісі ұсталып кетті. Ұлы Отан соғысында, Мәскеу түбіндегі қиян-кескі ұрыстардан, қоршаудан, жаң­быр­ша жауып тұрған оқтан қалай аман қал­ғаныма таңмын, сізден несін жасырайын, үнемі Аллаға, екінші Батырбек Датқаның аруағына сыйынып жүрдім», деп еді ер Баукең. Ертеңіне таңертең парторг інісінің машинасымен Датқа саздағы қасиетті баба мекеніне келіп, мен Құран бағыштап, бұлақтан су ішіп, жуынып аттанып едік. Мен Құран оқып отырғанда Баукең күрсініп, көзіне жас алды», деп еді маған айтқан әңгімесінде Жамалбек көкем.

Батырбек Датқа есімін айтқан кезде текті әулеттің ұрпақтары, өзінен тараған мық­ты ұлдар да елге сыйлы әулет ретінде ерекше аталады. Ел билеуде адалдықтан, әділеттіліктен таймаған, жомарт жандар жайлы ғасырдан астам уақыт өтсе де, қарапайым халық олардың атқарған игілікті істерін еш ұмытпақ емес.

1928 жылдары қызыл коммунистер­ Батырбек Датқаның Датқа саздағы кесе­несін қиратып тастайды. Бірақ қираған кесене кейін қалпына келтіріліп, аудан орталығында ескерткіш орнатылды. Айтпағымыз, сол жұмыстарға жұмсалған қаражаттың барлығын қарпайым халық көтеріп алған. Алдағы уақытта да сол халық арасынан шыққан зиялы қауым өкілдері қасиетті кісінің есімін мектепке, елді мекенге бергізіп, аталған екі нысанды мемлекет қорғауына алып, киелі мекен тізіміне кіргізуді қолға алғылары келеді.

Жалпы, аруақты баба жатқан Датқа саз киелі мекен екені өтірік емес. Кезінде қасиетті мекенге Кенесары хан, Ағыбай батыр, Құнанбай қажы, Сыпатай батыр, Майлықожа, Мәделі қожа ақындар, Шоқан Уәлиханов, Байзақ, Сапақ Шоқай сияқты ұлы тұлғалар осы мекенге арнайы атбасын бұрған.

Сондай-ақ тарихи мекенге кезін­де Т.Рысқұлов, Б.Қошмамбетов, Қ.Сарымол­даев, С.Сейфуллин, С.Бегалин, М.Әуезов, Б.Мо­мышұлы, Д.Қонаев, А.Асқаров сияқ­ты көптеген қайраткер де келіп, қасиетті кі­сінің аруағына тағзым еткен.

Осы ретте аудан басшылығы кесене мен ескерткішті үнемі назарда ұстап, жан-жағын абаттандырып, күрежолдан ке­сенеге дейінгі 300 метрге тасжол төсеп, туристер, қонақтар келгенде дамылдайтын орын ретінде қайта жаңғыртса деген тілегіміз бар.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Батыр­бек Датқа оңтүстік өңірдің алты бірдей елді мекенінде мешіт-медресе салдыртқан. Қазірде оның екеуі Жуалы ауданында, екеуі Талас ауданында, екеуі Сайрам ауданында орналасқан. Одан бөлек, Датқаның қаздыртқан каналдары мен салдыртқан тоғандары да сол аудандарда әлі де ел игі­лігіне жарап келеді. Бұл нысандарға да граниттен белгі қойылып, Датқа есімі жа­зылғаны дұрыс.

Жуалы ауданындағы салдыртқан екі мешіттің біреуі өзінің Датқа саздағы ме­кенінде, екіншісі Қызтоған ауылының шығысындағы сайдың ішінде орналасқан. Жер­гілікті жұрт әлі де ол жерлерді мешіт не­месе алмалы бақ деп атайды.

Талас ауданының басшылары да Қызыл­әуіт, Көктал елді мекендерінде Дат­қа бабаның салдыртқан мешіт-медресесі мен тоғандарының басына белгі қойса, тарихи тұлғаның алдындағы ұрпақ парызын өтегендік болар еді.

Қазіргі жастар тарихымызды білу керек, тарихи тұлғалардың халқына, еліне сіңірген адал еңбектерін оқып, танулары керек. Ол үшін жоғары оқу орындарының тарихшы-ғалымдары, облыстық мұрағат мамандары, журналистер Тараз, Шымкент, керек болса Ташкенттегі архивтерден тарихи құжаттарды іздестіріп, мерзімді баспасөз беттерінде деректі мақалалар жазып, жариялап тұрғаны жөн.

Тарихымызды терең біліп, ондағы тұғырлы тұлғалар туралы ақиқат әңгімелер айтылғанда ғана еліміздің ертеңі жарқын болашаққа нық қадам басатынын ұмыт­пайық.

 

Нұрмұхан ЕЛЕПАЕВ,

зейнеткер, облыстық стоматологтар қауымдастығының вице-президенті  

         

Тараз

 

Соңғы жаңалықтар