Медицина • 08 Қаңтар, 2020

Еліміздегі профилактикалық екпелер күнтізбесінде 21 жұқпалы ауру бар

762 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының Республикалық аллергология орталығы дер кезінде жүргізілген екпе жұмыстары инфекциялардың алдын алатындығын  кезекті рет қаперге салып отыр.

Еліміздегі профилактикалық екпелер күнтізбесінде 21 жұқпалы ауру бар

Қазақстанда профилактикалық екпелер толығымен мемлекет тарапынан қаржыландырылатынын айта кеткен жөн. Профилактикалық күнтізбеге енгізілген екпелермен қатар, эпидемиялық көрсеткіштер бойынша тегін екпелер салу жүргізіліп отырады.

Өйткені, жұқпалы дерттер адамзатпен бірге ілесіп келеді және тұмау, шешек, тырысқақ, іш сүзегі індеттерінен миллиондаған адам қазаға ұшырайды.

Вакциналар егу процесіне пайда болатын және ағзаны нақты ауру қоздырғыштан қорғауға қажетті, белсенді, арнайы иммунитеттің пайда болуына ықпал етеді. 1976 жылы ағылшын дәрігері Дженнер сиыр шешегіне ұшыраған сиырлармен жұмыс істейтін фермерлердің табиғи шешекпен ауырмайтынын байқайды. Ол бір балаға сиыр шешегін егу арқылы оның табиғи шешекпен ауырмайтынын дәлелдеп берді. Вакциналар, вирустар, бактериялар етек жаймай тұрған сол бір заманда ойлап табылған осы әдіс Еуропада кең өріс алып, кейінірек барлық әлемдегі шешектің жойылуына негіз болғаны белгілі.

Жұқпалы індеттер қай заманда да болған және бүгінде бар. Оның бетін қайтаратын ең тиімді тәсілдер кезінде жасалған вакцинация. Вакциналауды алдын ала жүргізу демографияның, өлім-жітімнің азаюы мен өмір сүру ұзақтығының ең маңызы құралдарының бірі. Вакциналаудың тиімділігін бүкіл әлем мойындап отыр: денсаулық сақтау саласында ең озық нәтижеге қол жеткізген, бұдан асқан ешбір бағдарлама жоқ.

Ал Қазақстан Республикасындағы профилактикалық екпелердің күнтізбесіне 21 инфекция еніп отыр. Біздің еліміз ТМД мемлекеттерінің ішінде бірінші болып жаңа туылған сәбилер мен жасөспірімдерге В гепатитіне қарсы вакцинация жасау, қызылша, қызамық, эпидпаротит, пневмокок, ХИБ-инфекцияларына (НIB-инфекциясы отит, бронхит, жедел респираторлық инфекция және пневмония сияқты гемофильдік таяқшалар арқылы туындайтын аурулар тобы) қарсы құрамдалған екпелер егуді енгізді. Біз алғашқылардың қатарында полиомиелитке қарсы инактивті вакцина салуды пайдаланып келеміз. Біздің ұлттық күнтізбемізде тұмауға, А гепатиті вирусына, түйнеме, туляремия, оба, көктемгі-күзгі энцефалитке қарсы эпидемиялық көрсеткіштер бойынша екпелер салу көзделген.

Екпелерді егуден бас тарту – баланы қорғаудан айырып қана қоймай, басқаларды да қауіпті жағдайға душар етіп, қоғамда жұқпалы аурулардың таралуына жол береді, бұл балалардың арасындағы өлім-жітімнің ұлғаюына және жалпы денсаулықтың нашарлауына соқтыратыны аян.