Әлем • 09 Қаңтар, 2020

Таяу Шығыс: жағдай шиеленісіп барады

782 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

АҚШ пен Иранның қарым-қатынасы одан әрі нашарлай түсті. 8 қаңтар күні таңға жуық Иран тарапы Ирактағы АҚШ-тың бірқатар әскери базасын баллистикалық ракетамен атқылаған. Иран бұқаралық ақпарат құралдарына сүйенсек, әуе соққысы генерал Касем Сулейманидің өлімі үшін кек алу мақсатында жасалған.

Таяу Шығыс: жағдай шиеленісіп барады

Әуе шабуылы туралы алдымен ирандық ақпарат агенттіктері хабарлаған-ды. Press TV арна­сының мәліметіне қарағанда, оқи­ғаға Ислам революциясының сақшылары корпусы (ИРСК) жауапты. «ИРСК Ирактың Анбар провинциясы маңында орналасқан АҚШ-тың әскери базасына әуе соққысын жасағанын нақтылады», делінген арнаның туиттердегі парақшасында. Иран­ның Tansim ақпарат агент­тігі әскери базаларға 35 ракета жібе­рілгенін хабарлады.

Естеріңізде болса, бірнеше күн бұрын АҚШ-тың жасаған әуе соққысынан Ирандағы беделді тұлғалардың бірі, генерал Касем Сулеймани қаза тапқан-тұғын.

Бағдадтағы әуежайдың ма­ңында генерал бастаған бір топ ирандық әскерилер мінген кө­лікке бірнеше снаряд тиген. Оқи­ға салдарынан 10 адам қаза болды. Олардың арасында Ирактың әскербасыларының бірі Абу Махди әл-Мухандис те бар. Осы оқиғадан кейін Иран тарапы К.Сулейманидің өлімі үшін кек алатынын мәлімдеген-ді.

Көп ұзамай шабуылды Пен­тагон да растады. Ресми меке­менің сөзіне қарағанда, Иракта орналасқан АҚШ-тың екі базасына – әл-Асад пен Эрбилге ондаған снаряд түскен. «7 қаңтарда шамамен 17:30-да (Вашингтон уақыты бойынша, Ирак уақыты бойынша 13:30) Иран Ирактағы АҚШ-тың және коалиция күштерінің әскери базаларын ондаған бал­листикалық зымыранмен ат­қы­лады. Шабуылды Иран жасағаны және Ирактағы екі АҚШ әскери базасын нысанаға алғаны анық», делінген Пентагон таратқан мәлімдемеде. Сондай-ақ осыған байланысты тиісті шаралар қа­былданып жатқаны, АҚШ-тың сарбаздары мен базадағы бас­қа елдер жауынгерлерінің қауіп­сіздігі қорғалатыны айтыл­ған.

Press TV арнасы таратқан ақ­паратқа сүйенсек, әуе соққысынан 80-ге жуық АҚШ сарбазы қаза тапқан. Алайда мұның рас-өтірігі әзірге белгісіз. Бұған қатысты Ақ үй де, Пентагон да мәлімдеме жасаған жоқ. Ирак қарулы күш­­тері баспасөз қызметінің ха­бар­­лауынша, әуе соққысынан Ирак­тың ешқандай азаматы зардап шекпеген. CNN арнасына сүйенсек, осы оқиғадан кейін Ақ үйде қауіпсіздік шаралары кү­шейтілген.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Стефани Гришам оқиғаға байланысты түсініктеме беріп, президент Дональд Трамп жағдайдан хабардар екенін, оқиғаны өз ба­қылауында ұстап отырғанын жеткізді.

Өз кезегінде Ақ үй басшысы туиттердегі парақшасында «Бәрі дұрыс. Иран Иракта орналасқан екі әскери базаны зымыранмен атқылады. Зардаптар мен келтірілген шығындар есептеліп жатыр. Бәрі ойдағыдай. Әлемнің еш жерінде біздің әскеріміз секілді әлеуетті және бес қа­руы сай армия жоқ. Таңертең мәлім­деме жасаймын», деп жазды.

Ал Иранның сыртқы іс­тер министрі Жавад Зариф туит­тердегі парақшасында «Иран БҰҰ Жарғысының 51-бабына сай, қорғаныс мақсатында аза­маттарымыз бен лауазымды тұлғаларымызға шабуыл жа­салған базаларға қатысты тиісті ша­ра қабылдады. Біз соғысты, шиеленісті қаламаймыз, бірақ кез келген басқыншылыққа қарсы өзімізді қорғаймыз» деді.

Әйтсе де, кей сарапшылар әуе соққысы екі тарапты да қа­нағат­тандыратынын айтады. Бі­ріншіден, соғыс Иранға да, АҚШ-қа да қажет емес. Сон­дықтан Иран әуе соққысын жасар кезде мүмкіндігінше адам шы­ғыны аз болатын жерді таң­даған. Осылайша парсылар К.Сулей­мани өлімінің кегін қайтарады әрі АҚШ сарбаздарын өлтірмей, «екі  жеп, биге шықпақ».

Жалпы, Ирактың бірқатар өңірінде АҚШ пен коалиция күштерінің әскери базалары ор­наласқан. Олардың ішінде Аус­тралия мен Ұлыбританияның үлесі жоғары екені белгілі. Қа­зіргі таңда өңірде 450-ге жуық аус­тралиялық, 400-ден астам ағылшын жауынгері бар.

Ирактағы әуе соққысына бай­­ла­нысты Аустралия пре­мьер-министрі Скотт Мор­­рисон мәлімдеме жасап, осы елдегі сарбаздары мен дипломаттарының дін-аман екенін жеткізді. Оның сө­зіне қарағанда, Аустралия өз азаматтарын қорғау үшін кез кел­ген әрекетке дайын. Күн ту­са, әскерін өңірден әкетуге әзір екенін де айтты. Дегенмен, оқи­ғаның бұлай өрбуі неғайбыл. Өйт­кені Иракта Аустралия әске­рінің болуы саяси мәнге ие. Ал­да-жалда сарбаздарын әкетуге ше­шім қабылдаса, мәңгі жасыл құр­лықтың АҚШ-пен арадағы қарым-қатынасына сызат түсуі ықтимал.

Ұлыбритания тарапы Парсы шыға­нағындағы оқиғаның шие­ле­нісуіне байланысты өңір­дегі қарулы күштерін соғыс жағ­дайына әзірлеп жатыр. The Guar­dian басылымының хабарлауын­ша, аймақтағы Британияның соғыс кемелері Ирак шекарасына таяу маңға жайғасқан. Әйтсе де, ахуал ушыға берсе, ағылшын жауынгерлерін қауіпсіз аймаққа көшіруге сақадай сай тұр.

Д.Трамптың «бәрі ойдағыдай» дегеніне қарамастан, Ақ үй абыржып қалған секілді. Вашингтон уақыты бойынша 7 қаңтар күні кешкілік Д.Трамп халыққа жолдау жасауды жоспарланған-ды. Иранның әуе соққысына байланысты жолдау кейінге шегерілді. Оның үстіне, АҚШ президенті бұған дейінгі туиттердегі жаз­ба­ларының бірінде Иранды ат­қылауға әзір екенін, қажет бол­ған жағдайда тарихи жәді­герлерді де нысанаға алатынын жазған-ды. Д.Трамптың бұл пікірін сынға алғандар көп. Өйт­кені Женева конвенциясы­на сай, тарихи жәдігерлерді қи­рату қылмыс саналады. Пре­зидентінің қателескенін тү­сін­ген мемлекеттік хатшы Майк Помпео журналистерге берген сұх­­­батында ешқандай тарихи орындарды қирату жоспарда жоқ екенін жеткізді.

«Америка халқы біз соққы жасайтын кез келген нысананың ха­лықаралық құқыққа сай, жал­ғыз мақсатта – АҚШ халқын қор­ғау үшін жүргізілетінін білуі тиіс» деген еді М.Помпео. Көп ұза­май Д.Трамп та Ирандағы жә­дігерлерді нысанаға алмайтынын мәлімдеді.

М.Помпео да білгенінен жа­ңылған сыңайлы. Мәселен, мемлекеттік хатшы CNN арнасына берген сұхбатында Иран генералы Касем Сулейманиді өлтіру «уақыт күттірмегенін» жеткізді. Алайда журналистің қаншалықты уақыт күттірмейтінін сұраған са­уалына «уақыт туралы айту қи­сынсыз» деп жауап берген.

Бұдан бөлек, Пентагон да оңбай қателесті. Генерал Ка­сем Сулейманидің өліміне бай­ланыс­ты Ирак үкіметі АҚШ әскерін ел аумағынан шығару жөнінде шешім қабылдаған-ды. Пентагон осыдан кейін Ирактан сарбаздарын шығаратынын хабарлады. Бірақ сүт пісірім уақыт өт­пей екінші мәлімдеме жасап, Ирактан әскерін шы­ғармайтынын жеткізді. АҚШ генералы Марк Миллейдің айтуынша, алғашқы мәлімдемені қателесіп жариялап жіберген екен.

Жалпы, Д.Трамптың Иран генералы Касем Сулейманиді өлтіру туралы шешімі Ақ үй бас­шысының түбіне жететін секілді. Қазірдің өзінде Трамптың негізгі жақтастары саналатын сенаторлар оның шешімін айыптап жатыр. Мәселен, республикашылар партиясының өкілі Рэнд Пол Иранмен жанжалды сынға алды. «Майк Помпео келісімге келу үшін барынша қысым көрсету қажет екенін айтады. Бұған тіпті бала да сенбейді. Бұған ақылы жоқ біреу ғана сенеді. Ядролық қару келісімін бұздық, эмбарго салдық және танымал генералын өлтірдік... Бұдан кейін әскери қақтығысты болжау қиын емес», деді Р.Пол CNN арнасына берген сұхбатында.

Естеріңізде болса, АҚШ-тың Өкілдер палатасы Трампқа қарсы импичмент жариялаған-тұғын. Келесі кезекте істі Сенат қарауы тиіс. Өкілдер палатасында демократтар, яғни Д.Трамптың қарсыластары көп екені белгілі. Ақ үй басшы­сына импичмент жариялануы осымен байланысты. Ал Се­натта негізінен респуб­ли­ка­шылар көп. Ал Д.Трамп осы партияның өкілі саналады. Сондықтан бұған дейін Д.Трамп­тың толықтай импичмент алуы екіталай көрінген-ді. Енді жағдай өзгерген сыңайлы.

P.S. Айтпақшы, 2011 жылы Д.Трамп сол кездегі АҚШ пре­зиденті Барак Обаманы айыптап, сайлауда қайта жеңіске жету үшін Иранға соғыс ашуы мүмкін екенін айтқан екен. Биыл АҚШ-та кезекті президенттік сайлау өтпек. Ендігі жағдай қалай өр­битінін уақыт көрсетеді?..