Әлем • 09 Қаңтар, 2020

Аустралиядағы өрт әлем жұртшылығын біріктірді

411 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен аптада Аустралиядағы орман өрті басылмай, мемлекеттегі флора мен фаунаға кеселін келтіріп жатқанын жазған болатынбыз. Жағдай әлі өзгере қоймады. Соңғы деректер бойынша өрттен қырылып қалған жануарлардың саны 1,25 млрд-қа, қаза тапқан адам саны 25-ке жеткен. Өрт жалыны 8,4 млн гектар жерді шарпыған. Бұл тек материк тұрғындарын емес, әлем жұртшылығын да алаңдатып отыр.

Аустралиядағы өрт әлем жұртшылығын біріктірді

Расында, өрт түтіні бүгінде Жаңа Зеландияға жеткен. Лондон халқы да ауаның ластануына ша­ғым түсіріп жатыр. Белгілі саясаткерлер қолдау көрсететінін ха­барлап, танымал актерлер мен әншілер әлем жұртшылығының назарын аудару үшін кампаниялар ұйымдастыруда.

Алғашқылардың бірі болып­ Малайзия көмекке әзір еке­нін білдірді. Мемлекет вице-пре­мьері Ван Азиза Ван Исмаил Аус­тралияның шығысы мен оңтүстік-шығысындағы өртті сөндіруге құтқарушылар мен арнайы техника жіберуге дайын екенін хабарлады.

Көп ұзамай Франция президенті Эммануэль Макрон да тілсіз жаумен бірігіп күресуге ниетті екенін жеткізді. «Елді күлге айналдырған өртпен күресіп жатқан Аустралия халқына көңіл білдіремін. Бүгін Скотт Моррисонға (Аустралияның премьер-министрі) хабарласып, көмекке әзір екенімізді, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоршаған ортаны апаттан сақтауға даяр екенімізді айттым», деді ол.

Қолдаушылар қатарынан АҚШ, Жаңа Зеландия, Сингапур мен Канада да табылды. Аус­тра­лия премьер-министрі Скотт Моррисон мемлекеттер мен үкімет­тер басшыларына ризашылы­ғын білдірді.

Ұлыбритания патшайымының отбасы да тілеулестігін жеткізді. «Біздің ойымыз да, жүрегіміз де сендермен бірге. Бейбіт күнде қауышуды тілейміз», деп хат жол­даған. Бұл тілекке премьер-министр  Борис Джонсон да қосылып, Британия үкіметінің көмекке әзір екенін хабарлады. Папуа- жаңа Гвинеяның үкімет басшысы Джеймс Марапе 1000 жауын­гер мен өрт сөндірушінің шақыр­ту күтіп отырғанын мәлімдеді.

Қол ұшын созамын деушілердің ішінде Вануату Республикасы да бар. Тынық мұхитындағы аралдың тұрғындары жапа шеккендерді қолдауға 250 мың Аустралия долларын аударған. Вануату премьер-министрі Джотам Напат «Көр­шілерімізді қолдауға әзірміз. Аустралия бізге қашанда көмек беретін, біз де олардың қайғысына ортақпыз, қолымыздан келгенше көмек көрсетеміз», дейді.

Фиджи Республикасының үкімет басшысы Франк Байнима­рама да отандастарының жылы лебі­зін жеткізді.

Аустралиялық кәсіпкерлер зардап шеккендер қорына жаппай қомақты қаржы аударып жа­тыр.  Аустралияның әйгілі сатиригі Селеста Барбер «Өртке қар­сы күрес» қорын ашқан. Небәрі 48 сағатта қор қоржынына 13 млн АҚШ доллары түскен. Оған жер-жерден 1,1 млн адам ақша аударған екен. Көмек қолын соз­ған танымал тұлғалар арасында теннисшілер Марина Ша­ра­пова мен Новак Джокович бар. Ал аустралиялық теннис жұл­­дызы Ник Кирьос қаңтарда қатыс­қан әр додасынан түсетін сый­ақының қомақты бөлігін қайы­рымдылыққа жұмсайтынын айтты. Қолдаушылар тізімінде Голливуд жұлдыздары да бар.

Өрт көп отбасыны үйінен айырғаны белгілі. Осыған орай әлем­нің түкпір-түкпірінде азық-түлік, ойыншық, киім мен тұр­мысқа қажетті заттарды жинау нау­қаны жүріп жатыр. Отқа оран­ған Жаңа Оңтүстік Уэльс шта­тының басшысы азық-түліктің жетіс­пеуінен екінші апаттың тууы мүмкін екенін ескерткен. Виктория штатында да жағдай мүшкіл. Олар қаржылай көмек­ке зәру екенін жасырмады. Халықтың «Бізге әзірге тамақ пен киім емес, ақша қажет» деген өтінішін Полиция және қауіпсіздік қызметтері министрі Лиза Невиль жеткізді.

Аустралия экономикасын көтеру үшін  #GoWithEmptyEskies  науқаны басталған. Белсенділер Аустралияда қонақүй жалдау, азық-түлік сатып алу арқылы эко­номи­каны көтеруге үлес қосуға ша­қыруда. Аустралияда тегін көмек көрсету үшін мыңдаған адам әлемнің басқа бұрышынан жолға шыққан. Оқиға орнында еріктілер көп. Олардың барлығы тегін қызмет етіп жүр. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Аустралия үкіметі де табиғи апатта зардап шеккендердің отбасыларына 4200 АҚШ доллары көлемінде өтемақы төлемек. Тілсіз жаумен күресуге мемлекет тарапынан 16,2 млн АҚШ доллары бөлінген.