Аймақтар • 09 Қаңтар, 2020

Қызылорда: Шалғай ауылдар мәселесі шешімін табады

1021 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов Арал ауданындағы шалғай ауылдар мен елді мекендер жағдайымен танысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. Аймақ басшысымен кездесуде ауыл тұрғындары бірқатар мәселе көтерді. 

Қызылорда: Шалғай ауылдар мәселесі шешімін табады

Арықбалық ауылдық округі тұрғындары соңғы бес жылда кәсіпкерлік мақсатта 100 миллион теңгеге жуық несие алып, осының арқасында ауылда жұмыссыздар саны азайған. Былтыр ауыл шаруашылығы және басқа бизнес саласы бойынша 40 миллион теңгеге дейін несие рәсімделген.

Облыс әкімі әр кездесуде тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдап, тиісті атқарушы орган жетекшілеріне нақты тапсырма беріп отырды. Жаңақұрылыс ауылындағы мәселенің бірі – дария арнасынан көлге тартылған тоспалардың іске жарамсыздығы. Бұған байланысты аймақ басшысы мәселе назарға алынатынын айтты. Елдегі өткен кездесулерде Аманөткел ауылы тұсында орналасқан қалқымалы көпірді жаңарту мен Қарашалаң елді мекенінің жол мәселесі де айтылды.  

Сондай-ақ облыс әкімі Ақеспе, Мергенсай, Жақсықылыш, Тоқабай, Сазды және Қосаман ауылдарында болып, ауыл тұрғындарының мәселесін тыңдады. Мергенсай ауылдық округіне қарасты Жалаңаш елді мекеніндегі кездесуде тұрғындар елде жедел жәрдем көлігі жоқтығын айтып, облыс басшысына өтініштерін білдірді. Қуанышбек Досмайылұлы биыл жаңа жедел жәрдем көлігі берілетіндігін айтып, ауыл халқын қуантты. 

Әкім сапары Жақсықылыш кентінде жалғасты. Қазақстаннан бөлек, сырт елдерге тұз өнімін экспорттайтын Жақсықылышқа биыл газ құбыры тартылады. Облыс әкімі осы жағымды жаңалықты кент тұрғындарына жеткізді.

- Газ мәселесі жақын арада шешіледі. Республикалық және облыстық бюджеттен кентішілік газ құбырларын жүргізуге 670 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған. Күн жылына салысымен құрылыс жұмыстары жалғасын табады. Бұл атқарылып жатқан игілікті істің бәрі ел Тәуелсіздігінің жемісі екенін өздеріңіз де білесіздер. Сондай-ақ тұз өндіруде, оның сапасы жағынан біздің Аралдың өнімі дүниежүзі бойынша алдыңғы қатарда тұр. Сондай-ақ кент ішіндегі жолдарға құжаттар әзірленген, биыл «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында тиісті салалық министрлікке жоба да ұсынылды. Енді сол қажетті қаржыны тезірек шешуді жауапты басқарма басшылығына арнайы тапсырамын, – деді аймақ басшысы тұрғындармен кездесуде. 

Тағы бір жаңалық, Тоқабай ауылына кіре беріс 2 шақырымнан ары жолды орташа жөндеуге республикалық бюджеттен 42,7 млн, ал облыстан 5 млн теңге қаржы бөлініп, жол биыл жөнделетін болды. Аймақ басшысы жауапты басқармаға жұмыстың сапалы және уақытылы жүргізілуін тапсырып, өзінің бақылауында болатынын айтты.  

Аймақ басшысы Қарақұм, Сазды, Қосаман, Ақеспе ауылдарына да барып, жұртшылықты толғандырған мәселелерді талқылады.  

а

 

Қызылорда облысы