Руханият • 09 Қаңтар, 2020

Ақұштап Бақтыгереева: Абайды білмеген қазақ өзін сауатсызбын, мәдениетсізбін деп санауы керек

1088 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абайдың 175 жылдығына орай Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген мақаласынан ұлы тұлғаға ерекше көңіл бөлінетінін көріп, қуандық. Бұл бізді, қаламгерлерді қуантады, толғантады.

Ақұштап Бақтыгереева: Абайды білмеген қазақ өзін сауатсызбын, мәдениетсізбін деп санауы керек

Өйткені қаламгер қауым ел үшін ең қиын кезеңдерде де «алдымен мәдениет керек, сана керек!» деп айтудан жаңылған жоқ. Керек десеңіз, бұл насихаттың басында ұлы Абайдың өзі, оған дейінгі ойшылдар тұр. Дана Абайдың өзі арсыздық, санасыздық жарлылықтан да жаман екендігін «Қара сөздерінде» көп айтты. Кейінгі қаламгерлер талай қайталады. Біз көптен күткен тәуелсіздігіміз қолға тигенде: «Осы егемендікті нығайту рухани байлықпен қатар жүрсін!» - деп армандағанбыз, рухани байлық әлсірегенде қиналғанбыз. Біз, бірақ, кешегі қайта құрудың қиындығына шыдап шықтық. Өйткені біз Абайды оқыдық!

Иә, біз Абайды оқып өскен ұрпақпыз. Біз Абайды жаттап өстік. Әрине, біз оқыған мектептің талабы басқа болды. Біздің ұрпақтың өзі Абайдың айтқанын өмірде толық іске асыра алмады. Себебі әділеттің жолы әрқашан қиын. Ол күреспен келеді. Бұл бізге оңайға түскен жоқ.

Абай бізге алдымен адамның жан-дүниесін оңалту үшін керек.

Мен қазіргі өскелең жастарға – Қазақстанның келешегін кемел етем деген жастарға: Абайды оқыңдаршы, күн сайын жұмысқа барарда Абайдың кітабынан бір дана сөзді оқып шығыңдаршы!» деймін. Мысалы, Абай айтқан бес асыл іс пен бес дұшпанның өзі ойланған адамға қоғамды тазартар сүзгі болар еді-ау!?

Біз бүгін ең қымбат егемендікті иелендік. Осы егемендікті сақтау, нығайтуға да Абайдың нақыл сөздері көмектесетін болады. Сондықтан Президенттің Абайға көңіл бөлгені қаламгер ретінде мені қатты қуантады. Ұлы даланың болашағына Абайды оқу – өте керек іс! Меніңше, Абайды білмеген қазақ өзін сауатсызбын, ақылсызбын, мәдениетсізбін деп санауы керек. 

 

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Батыс Қазақстан