Руханият • 09 Қаңтар, 2020

Дария Қожамжарова: Абайтанудың жаңа кезеңіне жол ашады

794 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санынында ұлы ақын, дана ойшыл, қазақтың жаңа тарихи дәуірдегі реалистік жазба әдебиетінің атасы Абай Құнанбайұлы жайлы “Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан” атты көлемді мақаласы жарыққа шықты. Абайды әлемге танытқан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері мақаладан өз бойларына рухани азық алды.

Дария Қожамжарова: Абайтанудың жаңа кезеңіне жол ашады

Президент өз мақаласында: «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтты. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз» деді.

Расымен де, Қазақ халқының ұлт ұстазы Абай (Ибраһим) өз халқымен бірге міне ХХІ ғасыр межесіне жетіп, ел-жұртымен бірге емен-жарқын жасап жатыр. Өзі кезінде айтқандай:

                                     Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,

                                     Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, –

деп, шайырдың өзі жоқ болса да, сөзі қалды.  Асыл сөз өлмейді. Асыл сөз айта алған адам да, асылы өлмек емес. Кезінде Абайдың шығармашылық өмірін құнттап, кейінгі ұрпақ үшін алтын сандыққа салып, аманат қып, беріп кеткен М.Әуезов өзінің атағы әлемге жайылған «Абай жолы» роман- эпопеясында: «Алтын терек, арсыға құлаш ұрған ардақты азамат, сен өлмейсің! Еліңнің жалғыз жан, ең соңғы ұлы ма, қызы ма, ең кейінгі нәсілі бірде-бір жан болса, соның да кеудесінде сенің атың бірге кетеді. Сенің тірлігің бірге жасайды, сенің нұрың бірге жарқырайды! Алдың жарқын, өзің солай сеніп ең...  Ана жұртың сені өлді демейді...» деген болатын.

Мемлекет басшысы мақалада азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет екендігін, осы ретте тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған абзал екендігіне ерекше тоқталып өтті.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде 2018 жылдың қараша айында «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылған болатын. Оған белгілі ғалым, абайтанушы, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысының қолынан екінші дәрежелі «Барыс» орденіне ие болған, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы жетекшілік етеді. Ғалымдарымыз Мұхтар Әуезовті ғана емес, Ұлы Абай мұрасын да зерттеуді тоқтатқан емес.

Орталықтың қызметкерлері М.Әуезовтің мұражай үйіндегі Мүрсейіт қолжазбасына сүйеніп, қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасының транскрипциясын жасап шықты. Бұл Абайтану тарихында үлкен орын алар ғылыми жаңалық деп білемін. Біз осы кезге дейін аталмыш шығарманың түпнұсқасын оқымай, қазіргі қазақ тіліндегі аудармасын оқып келгенбіз. Себебі, Мүрсейіт қолжазбасынан бері қарай Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасының түпнұсқасы қазақ оқырманына жетпеген.  Ақиқатында, Абай  «Китаб тасдиқ» шығармасын шағатай тілінде жазған. Шағатай тілі  әркезде мұсылман-түрки, яки қадымша, яки китаби тіл деп аталып келген. Қазақтың әдеби тілін түрлендірген Абай тек «Китаб тасдиқ» туындысын осылай өзгеше тілмен жазған. Себебі «Китаб тасдиқ» – көркем шығарма емес, ғылыми еңбек яки трактат.  Ал, шағатай – бүкіл түрік жұрты мың жыл бойы қолданған ғылыми һәм әдеби ортақ тіл. Ол стилмен кезінде Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Иасауи, Насреддин Рабғузи, Сәйф Сараий, Қадырғали Жайлайырилар жазды.     

«Китаб тасдиқ» – осы күнге дейін бағы ашылмай келе жатқан туынды.  Оның бағы ашылуы үшін ең әуелі оның түпнұсқасы жариялануы керек еді. Түпнұсқасыз мәтінтану ісі толыққанды бола алмайды. Түпнұсқа сонау баяғы архив сөрелеріндегі  Мүрсейіт қолжазбасының ішінде  шаң басып, жетімсіреп жатқан еді. Содан бері шығарма А.Байтұрсыновтың жаңаша араб әліпбиімен де, кейінгі латын һәм кирилл алфавитімен де жарық жүзіне шықпай, елеусіз боп қалған болатын. Ал, біз оқып жүрген қазақша тәржіма мәтінге  өз аты қойылмай, осы күнге дейін «38 қара сөз» деп аталып келген еді. Енді Абайдың ең басты шығармасына өз атын беріп, өзі жазған түпнұсқа тілде ел-жұртқа жеткізу керек, бұл ұлы данышпанның 175 жылдық мерей тойы қарсаңында  баға жетпес зор сыйлық болар еді деп ойлаймыз.

Абайдың сонау 1995 жылғы 150 жылдық мерейтойында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Әлем халықтарының рухани өміріндегі жарық жұлдыздарының бірі және бірегейі – Абай. Сондықтан да қазақ мәдениетінің тарихындағы осынау ерекше жаратылған құбылыстың  мән-маңызын өте жоғары бағалаған  ЮНЕСКО өз ұйғарымымен биылғы 1995 жылды – Абай жылы деп атады. Бұл – тәуелсіздік туын жаңа  ғана  тіккен біздің халқымыз үшін үлкен абырой! Есімі адамзат жүрегінде мәңгілік сақталар ұлы тұлғалар – Гете, Байрон, Науи, Пушкиндермен қатар аталар ұлы бабамыздың мерйтойын бүкіл  дүние жүзі халықтары бізбен бірге тойлап жатса, еңсесін енді ғана көтерген ел үшін бұл шынында зор мерей емес пе.

Мемлекет басшысы мақаласында айтқандай Абай хакім бүгінгі біздің де шын мәнінде «өлмес, өшпес тұрғыласымыз екені анық. Бізге керегі енді сол «тұрақты нұрды» тұрғылас ретінде тану ғана.  

 

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,

М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры, ҚР ҰҒА-ның академигі

 

ШЫМКЕНТ