Руханият • 10 Қаңтар, 2020

Тағдырлы тарлан

1056 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Егеменнің» тұрақты авторы Сәбит Досанов 80 жасқа толып отыр. Біз қарымды қаламгерді мерейлі жасымен құттықтай отырып, осы мақаланы оқырман назарына ұсынамыз.

Тағдырлы тарлан

Сәбит аға Досановтың өмір өрнектері, тағдыр тараулары таңдандырады. Жер-жаһанға демесек те, бүгінгі жарты әлем­ге әйгіленіп танылған қазақтың заң­ғар қаламгеріне әуелден, әу бастан-ақ әлдебір тағдырлы пешене бұйырған сыңайлы болады да тұрады. Дүйім дү­ниені дүркіреткен соғыстан бір жыл бұ­рынғы қақаған қаңтарда, Ахаң мен Жақаңдай әулие арыстардың, Амангелді-Кейкідей керемет батырлардың, Сырағаң мен Ғафаңдай ғаламат ақындардың туған топырағы – Торғай атырабындағы Байғабыл ауылында осыдан сексен жыл бұрын өмір есігін ашқан бала сегіз жасында жазушылық жолын бастапты десек, әлбетте, таңданасыз. Иә, расында да солай. Бұл бекер сөз емес, айғақты әң­гіме. «Пішен даласында» атты шағын әңгімесі алғаш «Пионер» журналында жарияланады да, көп ұзамай балғын жеткіншектің осы тырнақалды туындысы екінші сыныпқа арналған мектеп оқулығында басылып, жиырма жыл бойы үздіксіз жарық көріп тұрған сол кітаптың бетінен түспейді. Иә, шынымен де, бұл ғажапқа кімнің де болса қайран қалып таңданары хақ.

Жүре келе қазақ әдебиетінің алып классигі кәдімгі Сәбит Мұқановтан ақ тілекке толы алқаулы бата алған, бүгінде өзі де «Сәбе» атанған Сәбит ағамыз сегіз жасынан сексеннің сеңгіріне дейінгі жүріп өткен өрелі де өрнекті өмір жолында айнала қаумалаған қауым жұртын таңдандырудан танбай келеді десек, бұл да еш қоспасы жоқ алғаусыз шындық. Мысалы, төртінші сынып оқып жүргенде «Социалистік Қазақстан» газетіне «Басшылар айда, халық қайда?» деген мақала жазып, ауылда моншаның жоқтығын сын садағына алады. Бұл жай бүкіл елге мәлім болғасын аудан басшылығы тік тұрып, ауылға монша салып береді. Қаршадай баланың сол шарапатын ауыл адамдары әлі күнге дейін аңыз қылып айтып отырады.

Тағы бір таңданарлығы сол, Сәбит ағаны сонау жас шағынан Қыдыр әу­лие пәле-жаладан, кесір-кесапат пен жаманшылықтан қорғап-қоршап жүре­тіндей көрінеді. Ылғи бір сынақ үстіндегі ауыр жолда ауыртпалық, тауқыметке көбірек ұшырайды. Десе де, періштесі қағып, он мәрте тура келген ажалдан аман қалады. Осының бәрін былай қойғанда, тепсе темір үзіп бұлықсыған жиырма төрт жасында өмір сүруге ешбір үміт қалдырмаған ғаламат ұшақ апатында тірі қалған Алланың жал­ғызы да осы кісі болатын. Ажал да айналып өткен тағдырлы тарлан ғұ­мырнамасының бұл ғажабына қазір біз разылықпен сүйінеміз. Иә, қазақ әдебиетінің маңдайының бағы бар екен. Сол сойқан апатта Алла қолдап, көркем сөзіміздің болашақ бір ұстыны аман қалыпты. Бір жағынан, бұл Гиннестің рекордтар кітабына жазылатын сирек жағдай. Себебі жалпы әлем бойынша алып қарағанда да, мұндай алапат ұшақ апаттарынан аман қалған адамдар санау­лы көрінеді.

Қалай дегенмен де, осынау басқа түскен сергелдең сынақтың арты қайыр­лы болып, көп ұзамай жиырма алтыдағы жас талап дарын иесі «Қайырлы таң» ат­ты әңгіме-очерктер кітабымен ізетті сәлем бере әдебиет ауылына қадам бас­ты. Ол тұңғыш кітаптың алғысөзін аға буын ақсақал қаламгер Сейітжан Омаров жа­зып, «балауса гүлдей құлпырып өсіп келе жатқан жас жазушының тұңғыш жемісті қадамына қуанып, оған ағалық мейірбандықпен сөз арнап, дос ниетпен сәт сапар тілеген» екен. Осы ақ тілек ұзағынан сүйіндірген ұлы жол­ға жалғасты. Жас бота Сәбиттің жа­зу өрнегіне үлкен ата Сәбиттің құсы түс­кені бір керемет болды. Бұл жайтты әрбір қазақ білетін атақты Сәбит Мұқа­нов «Ұлғайған үміт» деген арнайы мақаласында былайша тарқатады:
«.... Досановтың «Аруана» хикаясында ана­лық түйе мен оның ботасын сипаттауы адамнан бетер. Тілсіз түйенің туған мекенін, балажандығын сипаттағанда Сәбит оқырмандарының сана-сезімін толғандырып, кейде көзіне жас алғандай халге келтіреді... Адас жазушымен алғаш жолдасқанда қазақ кеңес әдебиетінің көрнекті кадрының бірі болар деп тұ­танған үміт жыл санап ұлғая берді де, ақыры қатарымызға қаламы төселген, дарынды көркем әдебиет қаламгерін әкеп қосты... Құтты қаламың қарқындай бер­сін, құрметті Адас!».

Әдебиетіміздің алып тұлғасынан осын­дай ақ бата алғалы да екі жылы кем елу жыл – жарты ғасыр уақыт өтіпті. Бүгінде ата Сәбеңнің сол ақ-адал сенімі әбден ақталғанын көреміз. Және де жалғыз бұл емес, көркем про­за­дағы 27 жасында жарияланған ал­­ғашқы көлемді һәм көрнекті туын­ды­сы, талантты шығармасы басқа да үл­кен қаламгерлердің ілтипатына ілі­ніп, абыройға бөледі. «Ақ аруана» хи­каяты жарыққа шыққан кезде оны заманымыздың заңғар жазушы­сы Шың­ғыс Айтматов Қазақстан Жазу­шылар одағы басқармасының сол кездегі бірін­ші хатшысы, үлкен қаламгер Әнуар Әлім­жановтың кабинетіне әдейілеп шақырып алып ақ батасын беріпті. Иә, ол кездегі ата дәстүрдің жолы осын­дай-тын. Шықаң кейінірек Сәбит інісіне: «Сен қазақ әдебиетінің дамуы үшін көп нәрсе тындырдың, сенің шығар­маларыңды оқиды, жұрт сені жақсы көреді... Бұл жайдың үлкен мәні бар» деген жылы сөзін айтып, дем берді, қолтығына қанат байлады.

«Баталы ерге бақ қонар» дегендей, «Ақ аруананы» жазғаннан кейін өзі­міз­дің кәдімгі Сәбит Мұқановтың, одан қала берді, жоғарыда айтқандай, Шыңғыс Айтматовтың ақ батасын алған екінші Сәбит содан бергі елу жыл көлемінде әлемнің көп елдеріне белгілі жазушылардың қатарына қосылыпты. Театр тақырыбын тұңғыш қаузаған «Тау жолы», қазақтың ғажайып да­уылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың күйлі-мұңлы қиын тағдырын өрнектеген «Екінші өмір», Қоңырат пен Балқаштағы жұмысшылар өмірін өзек еткен «Күн мен түн» романдары есімін әдебиет сүйгіш қауымға таныта түсті, әдеби ортада елеулі ете түсті. Ал «Жиырмасыншы ғасыр» деген ортақ атаумен біріктірілген, «Қылбұрау», «Ұйық», «Тұйық» және
«Намыс найзағайы» атты төрт кітаптан тұратын роман-эпопеясы қазақ халқының бір ғасырлық өмірін қамтыған шын мәнісіндегі кең ауқымды көркем полотно ретінде мойындалды. Осы ретте Сәбит Аймұханұлына еліміздің ең мәртебелі Мемлекеттік сыйлығы берілуін де жұрт­­шы­лық, әсіресе, халықаралық әде­­би қауымдастық ризашылықпен қа­был­даған болатын.

Тағы бір асқар биік, сеңгірлі белес­ке шаршамай-шалдықпай, кең тыныс, шалқар шабытпен жетіп, тағы бір бел асқан қазақ қаламгерінің халықаралық атақ-сыйлықтарын санамалап шығуға қос қолыңыздың саусақтары және де жете қоймас. Мұның өзі Сәбит Доса­новтың жазушылық абырой-беде­лінің шекарасы барған сайын кеңейе түсіп отырғанын айғақтаса керек әрі бүкіл қазақ әдебиетінің мерейі десек артық болмас. Ал біздің тоқтайтынымыз – осы­дан бірер жылдың арысында ай­тылған: «Күні бүгінге дейін 30 томдай көр­кем шығарма жазып-жариялаған Сәбит шығармашылығы біздің ұлттық әдебиетіміздің бағалы үлгілерінің бірі» деген академик Серік Қирабаевтың абыз тұжырымы. Тағдырлы жазушының осынау әділ бағаға да, бұған дейінгі сыйлы марапаттарға да сай екендігі алтын арқаулы тұтас шығармашылығынан айқын да анық танылғандай.

Алтын арқау дегенде алдымен айтарымыз, Ақ аруана, Ақбас бүркіт, Көк­бөрі рухы, Алаш арыстары, Ел аза­маттары мен Қазақ әйелі Досанов шығар­маларында символдық образдарға айналғанын байқамау мүмкін емес. Бұлардың өзегінде елдік, ұлттық мұрат, жалпы адамзатқа ортақ пайым-пара­сат мәселелері жатады. Ізгілік пен зұлым­дық, жақсылық пен жамандық, махаббат пен өшпенділік сынды кереғар да қара­ма-қарсы полюстердің шайқасы роман-хикаяттарының актуалдылығын одан әрі арттыра түскені анық. «Өмірде боламыз ба, болмаймыз ба, жер бетінде қаламыз ба, қалмаймыз ба?» деген шекспирлік проблеманы әсіресе «Жиырмасыншы ғасыр» эпопеясында халқымыздың жүзжылдық тарихын көркем сипатта көрсете отырып көтеруі өте әсерлі. Осы тұрғыдан алғанда, бұл романдар топ­тамасы, басқа да туындылары ұлт әдебиетіндегі ең тәуір үлгілерді еске салатынын бірқанша аузы дуалылар айтып та үлгеріпті.

Ал осы дуалы ауыздар кімдер екен? Аса көрнекті орыс жазушысы Юрий Бон­­даревтің айтуынша, «Бейнелілік пен қырағы байқағыштық жағынан ізгі әрі сирек кездесетін зор дарын иесі бола отырып Досанов туған халқы өмі­рінің, оның жан дүниесінің, арман-аңсар­ларының терең қатпарларына бойлайды». «Литературная газетаның» бас редак­торы Юрий Поляков: «Жазушы Сәбит Досанов – барған сайын шырқау биікке шарықтаған қазақ әдебиеті ас­панындағы айрықша құбылыс» деп бағаласа, француздық әдебиет сыншысы, профессор Альберт Фишлер жазу­шының Париждегі 2007 жылы өт­кен шығармашылық кешінде француз тілінде жарық көрген «Ақ аруана» кітабы туралы: «Бұл жинақ француз оқырманын бейжай қалдыра алмайды. Сәбит Досанов өткенді, бүгін мен болашақты көрсететін сергек суреттер әрі байыпты әңгімеші екен» деп ағынан жарылыпты. Ал Мәскеуде өткен кешінде сөз алған грузин ақыны, сыншы, академик, Мурман Джгубрианың: «Сірә, «Ақ аруананы» қазақ мектебінде оқытатын болар. Бірақ бұл поэманы кез келген мектепте оқытуы тиіс, өйткені бұл мән-мазмұны өте үлкен, кесек дүние. «Аруана» – гауһар тас, інжу-маржан, поэма. «Аруанада» халықтарды біріктіретін, әртүрлі діни сенімдерді біріктіретін нәрселер бас қосқан. Бұл – классикалық туынды» деп кесіп айтқанына қалай келіспессіз. Өзгелердің аузынан осындай риясыз ілтипатты лебіздердің шығып жатуы да Досанов шығармашылығының үлкен өнегесін айшықтайды. Қала берді, қазақ әдебиетінің халықаралық абырой-беделін асқақтатарына сөз бар ма?!

Жақсыға сүйіне білер сырбаздар өз тарабымыздан да жетіп-артылғандай. Әзиз жүректі Әзағаң – Әзілхан Нұр­шайықов ізбасар рухтас інінің талмас талант пен жанкешті еңбегінің же­місіне алғаусыз қуаныпты. Әрқашан әділдікке жүгінер жарықтық Әзағаң «Жиырмасыншы ғасыр» эпопеясының даңқы жер жарған дәстүрлі қазақ романдары керуенінің заңды жалғасы екенін ай­та келіп: «...тақырыбы да, идеясы да сал­мақты. Қазақ әдебиетіндегі әлі түрен түспеген тың тақырып – Столыпин реформасынан кейінгі Ресей мен Қазақстан арасындағы шиеленіске түскен аса күрделі қарым-қатынастан бастау алған ро­ман ХХ ғасырдың басты оқиғаларын төрт ұрпақтың күрделі тағдыры арқылы кең тыныс, кемел ой, кестелі түрмен шебер суреттеген» деп тұжырады. Әсіресе, 32-нің қызыл зұлмат ашаршылығы, сексен алтыншы жылдың Желтоқсан қасіреті эпопея қасиетін арттыра түскені талай адамдардың пікір-мақалаларында тап басып айтылған. Әдебиетіміздің басқа бір корифейі, абыз тұлға Әбіш Кекілбаев Сәбең шығармашылығының 30 жылдығына орай М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өткен жиында сөйлеген сө­зінде отыз жыл бұрын өзінің де әде­биеттегі тұсауын кескен осы бүгінгі Сәбит Досанов екенін жария етіп, «Ме­нің алғашқы кітабымның редакторы, сол қиын күндерде маған түскен көп жүкті жеңілдеткен де осы Сәбит еді» деп, Сәбиттің үлкен қасиеті оның ру­ха­ни елгезектігі екендігін қадап айтуды парыз санаған-ды. Осы арада Әбең Сәбеңнің танымал жазушылығына қоса адамгершілігін, достыққа адалдығын жақсы сипаттайды.

Бұдан арыда даусыз классик Ғабит Мүсірепов жас қаламгердің «Ақ аруана» сынды тырнақалды шығармасын қолжазбасынан оқи сала: «Әдебиетімізге болашағынан үлкен үміт күттірген талант келді» деп қуанған екен. Бұған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, үлкен суреткер Оразбек Сәрсенбай куәлік етеді. Сөйтеді де, С.Досанов қа­ла­­мының аса  құнарлылығын, тың­нан жол салғыш жаңашылдығы мен ізденімпаздылығын алға тартады. Тасжүрек тағдырдың тәлкегінен сан мәрте өткен Сәбит замандасының қайсарлығы мен күрескерлігіне таңға­ла­тынын жасырмайды. Сүйікті ұлы Даниярдан айырылғаннан кейін еңсе тіктеп жазған «Қасқыр ұлыған түн» роман-элегиясындағы махаббат, сағы­ныш, аңсар, шер-налаға ырық бермес ер намыс, жасампаз рух қаламгердің өмірлік кредосына айналғанын айғақтай паш етеді. «Жиырмасыншы ғасыр» романдар тізбегін қоса алғанда, осылардың бәрі: Ақ аруана, Ақбас бүркіт, Көкбөрі – көкейден кетпес көркемсөздің жаңа биігі екендігін Оразбек Сәрсенбай мар­құм ағамыз өте-мөте дәл айқындап көрсетіпті.

Ал М.Горький атындағы Әлем әде­биеті институтының директоры, ака­демик Феликс Кузнецовтың осыдан 20 жыл бұрын «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясының бірінші кітабы орыс тілінде жарық көруіне орай Мәскеуде өткен конференциядағы достық рәуі­ші мынадай: «Кітап орыс тілінде шық­қандықтан, бұл қазақ әдебиеті үшін ғана емес, орыс әдебиеті үшін де үлкен оқиға. Біз әдебиеттегі айқын таңбаланған шоло­ховтық дәстүрмен ұшырасып отырмыз. Жазушының үлкен эпикалық прозаны, орыстың классикалық әдебиетін, ең алдымен, Шолохов дәстүрін жал­ғастырғандығы еш күмәнсіз. Дәл осылайша ол Абай, Әуезов, Нұрпейісов паш еткен қазақ мәдениетінің, қазақ әдебиетінің дәл сондай құдіретті дәс­түрін жалғастыруда... Осы романмен қазақ әдебиеті жалпыресейлік және түптің түбінде әлемдік деңгейге шы­ға­­тынына менің сенімім кәміл». «Жақ­сы сөзге жан сүйінеді» дегендей, осындайлық биік баға жалғыз Сәбеңнің емес, баршамыздың мерейімізді асырмай ма!

Айтса айтқандай, халықаралық дәре­жеде танылған қазақ жазушылары­ның ішінде жаңа ғасырдың жаңа бедерінде де Сәбит Досановтың ешкімге дес бермей жүргенін еске салып қойған да артық емес. Ол – Ресейдің М.Шоло­хов атындағы халықаралық сыйлы­ғы­ның лауреаты. Бұл бұрынғы Лениндік сый­лық орнындағы марапат екенін ес­керсек, мұндай құрметке ұлы Әуе­зовтен кейін ие болған бірден-бір қазақ қаламгері де Сәбең екенін даралап көрсеткеніміз жөн. Сәбеңе Мәскеу, Санк-Петербургтегі қаламдастары одан кейін В. Пикуль атындағы халықаралық сый­лықты, Сергей Есенин атындағы «Алтын күз» әдеби сыйлығын, Антон Дельвиг атындағы Бүкілресейлік «За верность слову и отечеству» сыйлығын, Василий Шукшиннің «Алтын медалін» табыс етіп қана қоймай, Ресей Әде­биет академиясының академигі етті. Ал қырғыз ағайындар «Алтын қа­лам» ұлттық әдеби сыйлығымен, Ш.Айт­ма­тов атындағы халықаралық сый­лық­пен, сондай-ақ «Қырғыз ұлттық театр академиясының академигі»  ата­ғымен марапаттады. Қазақтың осынау аймаңдай жазушысы туралы мақала түрік бауырлардың миллион таралымы бар газетінде басылғанына да сүйінеміз. Осы арада М. Қашқари атындағы «Түрік әлеміне сіңірген аса зор еңбегі үшін»  халық­аралық сыйлығының лауреаты да өзіміздің Сәбит ағамыз екендігін, әлбетте, мақтан тұтамыз.

Иә, әлемнің көп елдерінде ақ ниетті Алаш руханиятының елшісіндей, Сәбит Досанов қазақ әдебиеті мен мә­денитінің мерейін асырып жүргені сөзсіз. Біраз жылдар бұрын Парижде, атақ­ты Сорбонна университетінде, ЮНЕСКО ұйымының қатысуымен фран­цуз тілінде шыққан кітабының тұсаукесеріне арналған шығармашылық кеші керемет болып өтіп, жақсы әсерге бөлегені бар-ды. Одан соң Қырғыз елінің театры жазушының «Жанұран» атты спектаклін қойып, қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресінің бір кезеңін көрерменге сахна тілінде бейнелеп ұсынғанын да білеміз. Ал осыдан бес жыл бұрын, 75 жылдық мерейтойын Ресей Жазушылар одағының шақыруымен әуелі Мәскеу төрінде бас­тап өткізіп, үлкен абыройға бөленіп, жадырап қайтқаны күні бүгінде есімізде.

Мәскеуде басталған нақ осы мерей­тойдың одан әрі мамыр айында Бішкекте жалғасқан жарқын күндердің куәсі болу құрметін еншілеп едік. Қырғыз елінде Сәбит Досановтың бейнебір өз жазушысындай, өз перзентіндей әспеттелуі сонда соншалықты ғанибет болып жарасып тұрды.

Сәбеңнің 75 жылдық мерейтойын­ Бішкек сапарынан кейін іле-шала Ал­маты жұртшылығы да дүрілдетіп атап өткені ұмытылған жоқ. Сонда деймін-ау, ақ пейілмен айтылған бауырластық сырларда да, шын жүректен арналған жарқын жырларда да толас болмап еді. Өзі достықтың қадіріне жетпесе, Абай хакім айтқандай, достық деген­нің қазына-кән екендігін иман ұйы­ған жан-жүрегімен зердесіне түйіп түсін­бесе, Сәбит ағаның сол тойына 20 шақты алыс-жақын елдерден қаншама атақты дос-жараны сағыныса сабылып ағыл­ып­ келер ме еді, ағыл-тегіл ақ пейіл­дер­ді ақтарып төгер ме еді дейміз-ау тағы. Сол достарының аттарын ғана атап өтейікші: тәжік ақын-жазушылары Гулрухсор Сафиева мен Соттор Тұрсын, «Түріксой» және Түркия жазушылар одағының атынан Серкан Хастүрік, қырғыз туған­дардан Қырғызстан Ұлттық жазушылар одағының төрағасы, ақын Акбар Рыскулов, Қырғыз ғылым академия­сының вице-президенті Абдылдажан Акматалиев, белгілі қырғыз ақыны Мархабай Ааматов, Мәскеу жазушылар одағының төрағасы Владимир Бояринов, Шолохов және Твардовский атындағы сыйлықтардың лауреаты, ақын Людмила Щипахина, атақты беларусь ақыны Олес Кожедуб, армян жазушысы Станислав Огенян, Ресей ақыны Нина Попова, еліміздің «Руханият» сыйлығының лау­реаты, француздық мейман Альберт Фишлер мен Мадлена Фишлер ханым, якутиялық қаламгер Илья Петрова, өзбек жазушысы Мехманқұл Исламқұлов, әзербайжан ақыны Елхан Зал Қарахан... Міне, толық емес тізімдегі осындай та­маша достарына қарап біз Сәбит Доса­новтың да толағай тұлғасын, жеткен биігін тани түскендейміз. Олардың Сәбең­нің ғана емес, Сәбең арқылы бүкіл қазақ әдебиетінің, Алаш мәдениетінің достары, тілекшілері болып жүргендері де қандай ғанибет.

Жалпы, Сәбит мінезінің, болмысының сипат-ерекшелігін қайран Ғафаң – өзінің ақын ағасы Ғафу Қайырбеков ғаламат суреттеп берген екен: «Күншілдер күң­кі­­ліне құлақ аспай, Талант пен еңбе­гіңнен таптың бақыт!». Осы арада өзіміз­дің тағы бір айтулы ақынымыз Марал­тай Райымбекұлының бір орайда Төлеген Айбергеновтің «Аруана бауыр дүниесімен» С. Досаевтың «Ақ аруана» хикаяты арасына параллель тартып астастырғаны еске түсіп, маған да бір ой салғандай. Шынымен де, Төлеген ақынның: «Өле берсін күншіл­дер күйігінде, өз ғасырым өзімнің  иі­нім­­де» деген қағида-кредосы өзінің «Жиырмасыншы ғасырын» тау көтерген Толағайдай сұрапыл қуатпен тік көтер­ген Сәбит қаламгердің де қайтпас қайсар ұстанымы екенін байқаймыз. Сөйтеміз де, бозбала жігіт шағында ұшақ апатынан аман қалған, бүгінге дейін ұлт руханиятына отыз томнан аса көркем әдебиеттің қазыналы олжасын салған, басына түскен қат-қабат қайғыны ғаламат сабырмен еңсере білген тағ­дырлы Тарлан сексеннен секіріп өтіп, тоқсан-жүзге жеткенше туған халқын әлі де толассыз таңдандыра берсін, деген толайым тілекпен түйіндейміз осы мақаламызды.

 

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты