Руханият • 10 Қаңтар, 2020

Хат қоржын (10.01.20)

4427 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Хат қоржын (10.01.20)

..мақтан тұтады

Еңбек еткеннің еңсесі биік

Төрт түлік өсіріп, ата-баба кәсібін дамытуға ерекше ден қойған Молдекеновтер отбасы бұл күндері өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

Жомарт Молдекенов ағайын-туыстарымен бірге Өзбекстаннан Айыртау ауданына қоныс аударған. Бұл өңір мал шаруашылығымен айналысуға өте қолайлы. Ауылға көшкен отбасы бастапқыда 30 бас мал сатып алған. Жыл өткен сайын мал басы көбейіп, табыс молая түскен.

«Ірі қараның тұқымын жақсартпай, жоғары өнім аламын деу – бос әурешілік», дейді малсақ жан. Сөйтіп асыл тұқымды ірі қара малын өсірумен айналысады. Бұл мақсатын жүзеге асыру үшін мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне сүйенеді. 2012 жылы «Биз­нестің жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша білім алғаннан кейін Ауыл шаруашылығын қаржылай қол­дау қоры арқылы несие рәсімдеген. Бұл қаражатқа 13 бас мал сатып алған.

Қазіргі уақытта Жомарттың шаруа қожалығында 120 сиыр, 40-тан астам қой бар. Оның сөзіне қарағанда, ауыл тіршілігі қауырт, таңның атысынан күннің батысына дейін тыным жоқ. Еңбек еткеннің еңсесі биік. Мал ұстап, кәсібін дөңгелетемін дегендерге жол ашық. Былтыр тағы 10 миллион теңге несие рәсімдеген. Оған жаңа мал қорасын тұрғызып, электр желісін тартқан. Жақын жерден құдық қазып алған. Бейбарыс, Ақжол есімді ұлдары да әкелеріне қолғанат. Зайыбы Оксана Түлекова – тіл үйірер дәмді қаймақ, май, ірімшік, құрт дайындаудың бесаспап шебері. Өнімдерді аудан, облыс тұрғындарына өткізеді.

«Ауылда жұмыс жоқ» деген әңгіме – жатыпішер жалқаудың сылтауы ғана. Ерінбей, жалықпай еңбек еткен адамға қай жерде де кәсіп те, нәсіп те бар, дейді Жомарт Молдекенов.

 

Қанат АТАМАНОВ

Солтүстік Қазақстан облысы

 

...талап етеді

Ескерткiштерге мән берейiк

Осы мақаланы жазуыма мына жағдай түрткi болды. Бірде Нұр-Сұлтан қаласында өткен бiр жиынға қатысып, онда әртүрлi тақы­рыпта сөз қозғалды. Сонда бiр азамат Қазақстан қалаларындағы ескерткiштер туралы айта келiп: «Арқалық қаласындағы мұражай алдында тұрған Ленин ескерткiшiн ұрлап кетпесiн деп, жанына Кейкi батырдың ескерткiшiн орналастырыпты. Бiр көргенде, құдды Лениндi Кейкi бабамыз қорғап тұрғандай көрiнедi екен», дедi. Кейкi атамыз – қазақ ұлты үшiн күрескен, азаттық үшiн басын бәйгеге тiккен батыр. Бiрақ солақай саясаттың кесiрiнен «халық жауы» атанып, атылып кеттi.

 Арқалық қана емес, Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен әлi де Лениннiң, қаптаған комиссарлар мен революционерлердiң, большевиктердiң ескерткiштерiн кездестiремiз. Бұларды демалыс орындары мен қала орталықтарынан да көруге болады. Тәуелсiздiк алғанымызға көп өтсе де, әлi де сол адамдардың ескерткiштерiнен арыла алмай келемiз. Солардың орнына ескерусiз қалып жатқан батыр бабаларымыздың мүсiнiн неге ойып тұрып қоймасқа? Осы мәселенi шұғыл қолға алатын кез келген сияқты.

 

Серiк БАЛТАБЕКҰЛЫ

Арқалық қаласы

 

...қолдау білдіреді

«Адалдық сағаты» акциясы

Шетпедегі Маңғыстау техникалық колледжінде жалпыреспуб­ликалық «Адалдық сағаты» акциясы өтті. Акция аясында өткен шараға Маңғыстау аудандық жастар орталығының басшысы Алла­берген Қонарбаев, колледж директоры Берік Аманиязов, колледж психологы Алтынгүл Жылқышиева және ұстаздар мен студенттер қатысты.

Жиында колледж басшысы Берік Болатұлы студенттерге сыбайлас жемқорлықты жою, сондай-ақ білім саласындағы жем­қорлықтың алдын алу шаралары туралы ойын ортаға салды. «Сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір те­геурінді қарсылықтарға тө­теп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отыр­ған қауіпті кеселдің бірі. Респуб­ликамыздың Тұңғыш Прези­денті Н.Ә.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында ұлттық қауіп­сіз­дік пен қоғамдық тұрақтылыққа төнген қатер ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жалпыұлттық кешенді бағ­дар­ламаны дәйекті түрде жүзеге асырудың қажеттігін айтып, жемқорлыққа қарсы күрес жалпы барша халықтың борышы екенін атап көрсетті. Сондықтан бүгінгі күннің өзекті тақырыбы күн тәртібінен түспек емес», деді Берік Болатұлы.

Ал жастар орталығының басшысы А.Қонарбаев Елбасының қатысуымен өткен «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесіндегі мәсе­лелерді алға тарта келе: «Сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, өзге сау ағзаларын шырмап, тыныс-тіршілігін тарылтатын, сөйтіп олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек. Ол үшін бұл ауруға қоғам болып қарсы тұруымыз қажет», деген тұжырым жасады.

Шара соңында студент жастар сауалдарын қойып, нақты жауаптарын алды.

 

Айдана АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ,

Маңғыстау аудандық жастар орталығының маманы

 

Маңғыстау облысы,

Маңғыстау ауданы