Руханият • 10 Қаңтар, 2020

Әйгілі шебердің әдемі суреттері

799 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Клим Ли – портрет жазудың хас шебері. Оның қаламынан тамған туындылар графикалық техникалары мен материалдарының түрліше композициялық алуандығымен ерекшеленеді. Әсіресе туындыгердің шығармашылығынан көрікті әйелдердің бейнесін жиі кездестіресіз. Ресей Көркемсурет академиясының академигі әрі орыс бейнелеу өнерінің белді өкілі саналатын айтулы шебердің «Айналар парадоксы» атты таңғажайып көрмесі Ә.Қастеев атындағы өнер музейіне келді.

Әйгілі шебердің әдемі суреттері

Алматыға әйгілі қылқалам шеберінің шығармалары ғана емес, өзі де келді. Алатаудың асқақ шыңдарынан, тау баурайындағы ару қаланың әсем көркінен рухани қуат алатынын тілге тиек еткен Ли журналистермен шы­ғар­машылығындағы тың жаңа­лықтармен бөлісті. Па­йым­даға­нымыздай, ол үшін бү­кіл дүниенің болмысы буырқанған бояулардан тұ­рады.

Суретші бейнелеу өнерінің түрлі жанрында түпнұсқа және баспа графикасынан бірнеше жүз туынды жазды. Кітап иллюстраторы ретінде де көпшілікке жақсы танымал. Тіпті, оның бұл бағыттағы жұмыстарының кейбірі кітап графикасы тарихына кіріп үлгерген. Әсіресе Пушкиннің, Мопассанның, Набоковтың шығармаларына жасалған иллюстрациялары талант иесін шығармашылық биікке көтерді. Бұл тұрғыда оның Ресей тарихын пайымдауға жетелейтін бірқатар еңбегін де ерекше атай кеткен жөн. Алматылық көрерменнің назарына шебердің ең үздік картиналары ұсынылды.

1

– Клим Лидің қондырғылы композициялары мен кітап иллюстрациялары жоғары шеберлігімен, сызықтарының дәлдігімен және жеңілдігімен дараланады. Ішкі шиеленіс, рухани күш, ықшамдық – оның қолтаңбасының бас­ты ар­тық­­шылығы. Нақты көр­кем­дік тә­сілдер өзіне ерік­­сіз бау­рап алады. Клим Ли­дің қа­зір пе­тербургтік ең жоғары кә­сіби график-су­ретшілердің бірі екенін ешбір қиналмай айта аламыз. Заманауи акаде­миялық көр­кемдік білім әріп­тестерінің және оның есі­мімен де тығыз байланыс­ты. Ол Өзбекстанның тума­сы, ұлты – корей, орыс өнері дәс­түрлерінің мұрагері. Өнер иесінің бойына түрлі мә­де­ниеттің дәстүрлері гене­тикалық мұра болып сің­ген. Дегенмен, ол өзін Петер­бург көркемсурет мекте­бі­нің дәстүрін ұстанушы ре­тінде есептеп, тек орыс мәдение­ті­мен ғана салыс­тырады. Оның бойында Пе­тербург көркемдік дәс­түр­лерінің негізінде қалып­тас­қан сызықтардың шы­ғыс­тық жоғары графикалық мә­дениеті, кеңістік пен уақыт­ты шығысша ұғыну, форманы ба­тысша сезіну өзара үйлесім тапқан, – дейді өнертанушы Светлана Грачева.

И.Е.Репин атындағы Санкт-Петербург Мемле­кет­тік ака­демиялық кес­кін­деме, мүсін және сәулет инс­титутының гра­фика фа­культетін он жылдан астам басқарған суретші қазір осы жоғары оқу орнында өзінің жеке шеберханасына жетекшілік етеді.

2

 

АЛМАТЫ