
ГРЕКО-ға қосылу Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы шетелдік әріптестермен өзара серіктестігін кеңейтудегі кезекті қадамы болды. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіру үшін Еуропа Кеңесінің сарапшылық әлеуетін тартуға мүмкіндік береді.
– Былтыр 30 желтоқсанда еліміз тиісті заң жобасын ратификациялап, Қазақстан ресми түрде Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының (ГРЕКО) 50-ші мүшесі болды, – деді О.Бектенов.
ГРЕКО-ға мүшелік сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың еуропалық стандарттарға сәйкестігіне тұрақты мониторинг жүргізуді көздейді. Бұл өз кезегінде елде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін Еуропа Кеңесі тарапынан аудит саналады. Мониторинг қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірленіп, оларды орындау үшін мемлекеттерге 18 ай беріледі.
Сонымен қатар қазақстандық сарапшылар да өзге қатысушы елдердің мониторингі үшін бағалау топтарының құрамына енеді. Олар Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының прогрессивті элементтерін ұйымға кіретін басқа елдерде таратуда «жолсерік» болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары О.Бектенов ГРЕКО-ға кіру Қазақстанға Еуропа Кеңесі конвенциясының сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік және басқа да маңызды халықаралық нормативтік құқықтық актілерді ратификациялауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Оларды ратификациялау шетелдік әріптестермен қылмыскерлерді экстрадициялауға, шетелге шығарылған активтерді қайтару бөлігінде одан әрі тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді, – деді О.Бектенов.