Қоғам • 10 Қаңтар, 2020

Қызылордалық оқушылар жетістігі

436 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жаңа жылдың алғашқы күндерінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында өткен республикалық пәндік олимпиадада Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектеп оқушылары білім биігінен көрініп, 4 күміс және 3 қола медаль иеленді. Бұл туралы Қызылордадағы НЗМ баспасөз қызметі хабарлады.  

Қызылордалық оқушылар жетістігі

Назарбаев Зияткерлік мектептер желісінде дәстүрлі түрде өткізілетін пәндік олимпиадаға еліміз бойынша 800-ге жуық оқушы қатысып, білімдерін ортаға салды. Нұр-Сұлтан қаласына жиналғандар Қазақстан тарихы, құқық негіздері, математика және физика пәндерінен сайысқа түссе, қазақ, орыс, ағылшын, неміс, француз тілдерінің білгірлері Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте өзара бақ сынасты. Ал Алматыдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде олимпиада қатысушылары информатика, химия, биология, география пәндері бойынша білім таластырды.

Нағыз білімді анықталар байқауда қызылордалық өрендер   жүлделі жеті орынға ие болды. Атап айтқанда, 11-сынып оқушысы Айым Сексенбаева және 10-сынып оқушысы Әйгерім Тұрмаханова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен үшінші және екінші орындарды алды. Ал 11-сынып оқушысы Гүлшат Қалбаева мен мектеп бітіруші Саодат Құрманаева орыс тілі пәнінен күміс медальға қол жеткізді. 10-сыныптағы Жангерей Зейнелов пен 11-сыныптан Әділ Дастан олимпиадада Қазақстан тарихы пәні бойынша сайысқа түсіп, екінші және үшінші орындарды иеленді. Сонымен қатар география пәнінен де оқушылар үздік нәтиже көрсетіп, 11-сынып оқушысы Әлішер Алтынбасов қола медальмен марапатталды.