Аймақтар • 10 Қаңтар, 2020

Қызылорда: Тұрғындар тілегі ұдайы назарда болады

359 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың солтүстік аудандарға сапары  Қазалы ауданында қайта жалғасты. Аймақ басшысы Сырдария өзенінің арғы бетінде орналасқан 8 ауылда болып, «Қарлаң» учаскесіндегі қалқымалы көпірдің жағдайымен танысты. Бұл туралы Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қызылорда: Тұрғындар тілегі ұдайы назарда болады

Аймақ басшысы алдымен Майдакөл, Ү.Түктібаев ауылдары   тұрғындарының өтініш-тілектеріне құлақ түрді.

Ақжона ауылдық округі аудандағы ауыз су сервистік желіге қосылмаған 3 ауылдың бірі. Сондықтан майдакөлдіктер алдымен осы мәселені көтерді. Сондай-ақ ауылға жаңа клуб ғимаратын салу керектігін де жеткізді. Себебі, ауыл клубы осыдан он жыл бұрын асар әдісімен салынған.

Ал, Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы ауыл тұрғындары 2019 жылы ауыз су әрбір үйге кіргізіліп, 7 көше орташа жөндеуден өткізілгеніне қуанышты екендіктерін жеткізді. Ауыл тұрғыны Төремұрат Тәжімұратов Бекарыстан биден ауылға дейінгі жолды жөндеу, балабақша және спорт кешенін салу жөнінде ұсыныс айтты.

Мұнан соң аймақ басшысы Қожабақы, Бозкөл, Кәукей, Тасарық, Бірлік, Жанкент ауылдарында да болып, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Ауылдағылар жол, кең жолақты интернет желісін тарту, ғимараты ескірген балабақшалар мен ауылдық клуб үйлерін жаңарту, спорт кешенін салу жайлы өтініш айтты. Ал, Бірлік пен Жанкент ауылының тұрғындары «Қарлаң» учаскесіне темір бетон көпір салу қажет дейді.

Қуанышбек Досмайылұлы «Қарлаң» учаскесіне темір бетон көпір салу үшін техникалық экономикалық негіздемелері дайын екендігін, енді жоба-сметалық құжаттарын дайындау үшін қажетті қаржы бөлінетінін жеткізді. Ал, клуб, балабақша, дәрігерлік амбулатория, спорт кешенін жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салу жолдарын қарастыратынын айтты.