Биыл елімізде аталып өтетін танымал тұлғалардың, елеулі оқиғалардың мерейтойы аз емес. Әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл, Абайдың туғанына 175 жыл, Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының құрылғанына 100 жыл, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл секілді елеулі даталарды ел көлемінде кеңінен атап өту жоспарланған. Бірақ бұл тойдың бәрі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін» өткізілмек.
Осы даталардың ішінде қазақтың көрнекті ақыны, «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» кездің өзінде «Мен қазақпын!» деп жырлаған, жаралы желтоқсанда жастарға араша түскен ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойы да бар.
-Бүкіл еліміз үшін елеулі даталарды лайықты атап өтуге байланысты біздің өңірде де арнаулы топтар құрылып, жауапты мекемелер бекітілді. Жұбан ақынның мерейтойы аясында өтетін шаралардың жобасы дайындалды. Бұл жобаны жергілікті қаламгерлердің, өлкетанушылардың ұсыныс-пікірімен толықтырып, келесі аптада облыс әкіміне есеп береміз, дейді Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайран Дүйсентегі.
Сайран Темірғалиұлының айтуынша, жыл бойы Жұбан тойы аясында жүздеген шара ұйымдастыру жоспарланған. Әрине, олардың негізгісі Орал қаласында және ақынның туған жері Ақжайық ауданында өтеді. Соның ішінде Орал қаласында қаламгердің тұтас тұлғасы көрінетін ескерткішін орнату жоспарланған. Ақын шығармашылығы мен өмір жолын қамтитын энциклопедиялық жинақ шығару, республикалық конференция, ақындар айтысын ұйымдастыру туралы да ұсыныстар айтылған. Орал қаласының іргесіндегі Зачаганск кентіне – ақын Жұбан Молдағалиевтің есімін беру туралы ұсынысты бір топ зейнеткердің атынан еңбек ардагері Жайсаң Ақбай, Ғазиз Хаймолдин сынды ақсақалдар көптен ұсынып келеді.
- Жұбан Молдағалиев – мен көрген ақындардың ішіндегі қаһарманы, батыры. Советтік идеологияның күшіне еніп тұрған заманда да «Мен қазақпын» деп айта алған, тың игеру науқанының қазақ даласына қандай зардабы тигенін жасырмай айтқан, тіпті Колбинге қасқайып тұрып, желтоқсан жастарына араша түскен Жұбан аға қандай құрметке де лайық еді. Сондықтан Президентке ұжымдық хат жазып, ақынға «халық қаһарманы» атағын беру туралы ұсыныс айтуымыз керек! деді Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева.
Ақұштап апайдың тағы бір ұсынысы – мерейтой аясында ақындар айтысы емес, жас жазба ақындардың патриоттық жырлар фестивалін өткізу болды.
- Айтыс та халық өнері ғой, бірақ бүгінде халықтың жазба өлең оқу дағдысы жойылып барады. Жұбан ақынның аруағы үшін, жазба өлеңнің мәртебесін көтеру үшін мүшәйра өткізген жөн деп ойлаймын. Бұл ерлік, өрлік, батырлық жырларының мүшәйрасы болуы тиіс, деді Ақұштап Бақтыгерейқызы.
Жиында Жұбан энциклопедиясын құрастырушы топтың жетекшілігіне профессор Алпысбай Мұсаев бекітілді.
-Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында биыл Жұбан орталығы ашылады деп отырмыз. Қазір құрылыс жұмыстары басталды. Ол орталықта Жұбан музейі, кітапхана, оқырман залы болмақ. Жұбан ақынға қатысты жәдігерлер, тұтынған заттар, барлық кітаптар осы жерге жинақталады. Арнайы жинақ кітап та дайындап жатырмыз. Роллан Сейсенбаев айтқандай, «Бір жол өлеңіне бір халықтың тағдырын сыйдырып жіберген» Жұбан Молдағалиевтің ғасырлық тойын жерлестері өз деңгейінде өткізуді жоспарлап отыр, деді ақынның ауылдасы, өзі де өлең жазатын Тілес Жазықбай.
-Жұбан ағаның өлеңдеріне жазылған әндер аз емес, сондықтан мерейтой аясында ән байқауын ұйымдастырсақ та артық болмайды. Ақын шығармашылығы насихатталады, жаңа әндер де тууы мүмкін. Сондай-ақ бүгінге дейін Жұбан ағаға арналған бір де бір драмалық дүние жоқ екен. Оралдық қаламгер Нұрлан Сәдір осы істі қолға алуға ниет білдірді, деді ақын, жұбантанушы Үзілдік Елеубаева.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Айтқали Нәріков, Мира Шүйіншалиевалар да өз кезегінде жергілікті ақпарат құралдарында ақын шығармашылығын барынша насихаттау, мерейтойлық медаль, сыйқаделер шығару туралы ұсыныстарын ортаға салды. Біз де өз тарапымыздан Орал қаласында Жұбан Молдағалиев оқыған, түскен ғимараттарға ескерткіш тақта орнатып, қала ішінде қазақ қаламгерлерінің ізімен жүретін экскурсия маршрутын жасау қажеттігін ұсындық. Бұл экскурсия қала қонақтарына, мектеп оқушыларына пайдалы, қызықты болары сөзсіз. Бұл маршрутқа Ғұмар Қараш, Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов, Абдолла Жұмағалиев, Мұқағали Мақатаев тағы басқа ақын-жазушылар туралы деректерді қосуға болады.
Осылайша Батыс Қазақстан облысында Жұбан тойын ұйымдастыру тобының алғашқы жиыны өтіп, топ жетекшілігіне ақын Үзілдік Елеубаева бекітілді. Топ мүшелерінің мақсаты – ақын мерейтойын ғибратты шаралармен көмкеріп, кейінгі ұрпаққа пайдалы іс қалдыру.