Медицина • 10 Қаңтар, 2020

Алматы облысының емханаларына 112 млн теңгеге компьютер сатып алынды

330 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысының медицина мекемелері «Sagtandyry» орталықтандырылған жүйесіне қосылуды аяқтап қалды. Бұл жүйе «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры бойынша жүзеге асатын қаржылық төлемдерді нақты әрі қысқа мерзімде төлеу үшін қолданылмақ.

Алматы облысының емханаларына 112 млн теңгеге компьютер сатып алынды

Жүйе бойынша істелетін жұмыстың мінсіз болуы үшін облыстағы барлық емханалар мен ауруханаларды интернет желісіне қосу қажет екен. Бүгінде бұл міндет толықтай орындалды деуге болады. Атап айтқанда, облыстық, аудандық деңгейдегі мекемелердің интернетпен қамтылуы 100 процентке жеткен. Ал шалғай ауылдардағы емханалардың ғаламтор желісіне қосылуы  Astel жер серігі арқылы жүзеге асып жатыр. Қазір ауылдық аймақтағы 588 медицина мекемесінің төрт жүз алпыс бірінде жоғары жылдамдықты интернет істеп тұр. Қалған мекемелерді қамту жақын күндері аяқталмақшы.

-Облыста міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосылу бойынша айтарлықтай жұмыс істелді. Әсіресе, техникалық дайындық шарасына көп көңіл бөлдік. Бұл үшін аймақтағы медицина мекемелерін жаңа үлгідегі кеңсе техникасымен қамту күн тәртібіне шықты. Қазір осы міндетті толық атқардық. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 952 компьютер сатып алынды. Оған 112 млн теңге қаржы жұмсалды. Соның арқасында емхналардағы техникалық қолдау 100 процентке жетті, дейді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.