Аймақ басышы Жанқожа батыр ауылында болып, тұрғындармен кездесті. Елді мекен тұрғындары су құбыры желілерін тұтынушылар учаскесінің аймағына жеткізіп беру туралы өтінішітерін білдірді. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға 163,4 млн. теңге қажет.
Қ. Ысқақов бұл мәселелерді шешу үшін тиісті сала басшыларына тапсырма берді.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Майдакөл, Ү.Түктібаев, Қожабақы, Бозкөл, Кәукей, Тасарық, Бірлік ауылдарын да аралап, тұрғындармен кездесті. Балабақша мен клуб үйін жаңартуды сұраған өтініш-тілектеріне облыс әкімі кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс атқарылатынын айтты.
«Біз өткен осы бірнеше күндік сапарымызда барған ауылдарға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жайында айтып келеміз. Осы бағдарлама негізінде сіздер сұраған ғимараттарды жаңадан тұрғызуға көп мүмкіндік бар. Ол үшін не істейміз? Көбіне-көп мұндай шаруаға ел азаматтарын, кәсіпкер азаматтарды тарту қажет. Ондай ықыласты адам болса, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жарты жыл ішінде клуб, емхана, спорттық кешендер, балабақша да оңай тұрғызар едік. Әрі бұл игілікті іс кәсіпкердің өзіне де, елге де, үкіметке де пайдалы. 5-6 жыл көлемінде кәсіпкер шығындаған барлық қаржыны мемлекет толық өтейді. Сонымен қатар, оған қосымша мемлекеттік тапсырыстар алуға да мүмкіндік туады» - деді аймақ басшысы.
Ауыл тұрғындары өтініш-тілектерін жеткізіп қана қоймай атқарылған жұмыстар үшін алғыстарын айтып, ақсақалдар баталарын берді.
«Былтыр ерекше жыл болды. Ауылымыздың іші жөнделіп, 7 көшеге қиыршық тас төселді. Бұрынғыдай суды көшедегі құбырдан тасымаймыз. Үйге тікелей тартылған. Тұрғындар саны жылдан-жылға артып келеді»,– дейді Ү.Түктібаев ауылының тұрғыны Талғат Егембердіұлы.
Аймақ басшысы Қазалыдан 110 шақырым қашықтықтағы Қызылқұм ауылдық округіне қарасты Кәукей ауылына да барды. Тұрғындармен жүздесті, халық айтқан мәселелерді тыңдады. Айта кету керек, аудан орталығынан Кәукейге дейін жол қатынасы да жақсарған. Жол жөндеу жұмыстары барлығы 2 миллиард теңгеден астам қаржыға кезең-кезеңімен іске асып жатыр. Республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, 1978 жылдан бері жөндеу көрмеген автожол күрделі жөндеуден өтуде. Кәукейліктер ауылға интернет желісі тартылып, жаңа клуб үйі салынуын сұрады. Әрі осы ауылдық округке қарасты шағын Ажар елдімекеніне жарық керек. Мамандар үй саны жиырмадан асатын бұл ауылға күннен қуат алатын қондырғы орнатуға болатындығын айтты.
Мұнан кейін Өркендеу ауылдық округіне қарасты тарихи Жанкент қалашығындағы жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Жанкент қорғаны - республикалық сипаттағы археологиялық ескерткіш. Өркендеу ауылдық округінің орталығына іргелес жатқан биік төбе сияқты топырақ басқан қорғанның орнында VІІ - ХІV ғасырларда Жанкент қаласы болған. Қазір бұл жердің туристтік әлеуетін арттыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
Облыс әкімі Қ.Ысқақов "Қарлаң" учаскесіндегі қалқымалы көпірдің жағдайымен де танысты. Көпір арқылы жол қатынасы қиындап отырғанын айтқан тұрғындардың өтініші елеусіз қалмады. Аймақ басшысы аталмыш көпірді салу үшін жоба сметалық құжаттарды әзірлеуге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді. Аталған көпір құрылысын жүргізу арқылы Өркендеу, Бірлік, Аранды, Бозкөл, Қызылқұм, Тасарық ауылдық округтері тұрғындарының аудан орталығымен тұрақты байланысын, қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.
«Күні кеше «Әлсейіт» учаскесіндегі көпірдің пайдалануға берілгенін білесіздер. Ауданға қарасты 7 елді мекенде тұратын 8 мыңға жуық халық қатынайтын «Қарлаң» көпірінің де маңызы зор. Егер жаңа темір бетонды көпір тұрғызылса, ауданның экономикалық дамуына үлесі көп. Сондай-ақ, аталған көпірдің құрылысы «САРАТС-2» жобасына да енгізілген. Жоба құжаттары қабылданса, құрылыс жұмыстары 2021-2022 жылдары басталады», – дейді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов.
Облыс әкімінің төртінші күнгі сапары сапары Абай, Құмжиек, Майлыбас, Ақсуат ауылдарында жалғасты. Алыс шалғайда жатқан Шәкен мен Шиліге де барды.
«Былтыр осы ауылдың екі көшесіне түнгі жарық шамдары орнатылды. Біз секілді үлкен адамға бұндай жағдай керек-ақ. Одан өзге жастарға саябақ салып берді. Елде 90 орындық балабақша салынып жатыр. Бұйырса, биыл немерелерімізді сонда жетектейміз деп отырмыз. Көшелер асфальттанып, ауыл тіршілігі жылдан-жылға жақсарып келеді. Облыс әкімінің арнайы шалғайда орналасқан ауылдарын аралап, елдің өтініштерін тыңдап жүргені біз үшін үлкен қуаныш. Аймақ басшысының қызметіне халық риза», –дейді Майлыбас ауылының тұрғыны Қуаныш Рзахан.
Сонымен қатар,аймақ басшысы Қашақбай Пірімов атындағы ауылдың тұрғыны, тыл ардагері, 102 жастағы Мәрзия Қожағұлдың үйінде болып, қарияға сәлем берді.
Төрт күнде Арал, Қазалы аудандарына қарасты 40 жуық елді мекенді аралап, халық ахуалымен жақын танысқан Қуанышбек Досмайылұлы тұрғындар көтерген барлық мәселе жіті назарда болатындығын жеткізді.
«Істеліп жатқан жұмыстардың барлығы Президенттің талабы. Біз орындаушылармыз. Бұл сапарымыздың мақсаты осы. Ел-елді аралап, сіздердің жағдайларыңызды өз көзімізбен көру. Көріп қана қоймай, кемшілік пен жетіспеушіліктің салдарын қарау, барынша айтылған мәселелер бойынша жұмыс жүргіземіз»,– деді облыс әкімі қазалылық тұрғындармен кездесуінде.