Аймақтар • 12 Қаңтар, 2020

Қызылорда: Ел тілегі ескерусіз қалмайды

399 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов Қазалы ауданына жасаған сапары кезінде Қарақұм мен Қызылдың қиясындағы 15 елді мекенді аралап, халықтың өтініш-тілектерін тыңдады, сұрақтарына жауап берді. Көптеген мәселелердің шешімі табылатын болды. Бұл туралы Қазалы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қызылорда: Ел тілегі ескерусіз қалмайды

Сарыкөл ауылдық округі құрамындағы Абай ауылының тұрғындарын толғандыратын мәселелердің бірі дәрігерлік амбулаторияның қысқаруы мен ауыл маңындағы «Ақсай» арнасына тоспа салу болып отыр. Аймақ басшысы ауыл тұрғындарына дәрігерлік амбулатория жабылмайтынын, тек халық санының жетіспеуіне байланысты фельдшерлік-акушерлік пункт болып өзгеретінін түсіндірді. Атауы өзгергенімен халыққа бұрынғыша дәрігерлік көмек көрсетіле береді. Ал, «Ақсай» арнасына тоспа салу үшін Қазалы ауданының әкімдігі тиісті жұмыстар жасап жатқанын жеткізді. Алдымен бұл жерлердің иесі бар-жоғы анықталып, ауданның коммуналдық меншігіне алынады. Мұнан соң тиісті басқармаға тоспа салу үшін ұсыныс беріледі.

Әйтеке би кентіне жақын орналасқан Қ.Пірімов ауылында 5 жасқа дейінгі 125 бала бар. Оның 50-і ғана № 92 мектеп жанындағы шағын орталықта тәрбиеленуде. Сондықтан Құмжиек ауылдық округіне балабақша салу қажеттігі туындап отыр. Сондай-ақ, тұрғындар ауылға газ желісін тарту мәселесін де көтерді.

Аудан орталығынан 110 шақырым қашықтықтағы Шәкен ауылы тұрғындары көптен бері күрмеуі шешілмей келген жол, ұялы байланыс, интернет және таза ауыз су сияқты мәселелерді ұсынды. Облыс әкімі осы ауылдық округке қарасты Шилі елді мекенінде де болып, тұрғындардың жай-күйімен танысты.  

а

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының бойында орналасқан Ақсуат ауылында былтыр саябақ салынып, балабақша құрылысы басталды, көшелер жөнделді. Енді Майлыбас ауылдық округінің орталығына газ желісін тартып, ауылға клуб салынса деген ұсыныс айтты. Ал, округке қарасты Байқожа елді мекенінің тұрғындары осындағы топтық су жүйесін жаңғырту қажеттігін көтерді.

Аймақ басшысы Байқожа топтық су жүйесін қайта жаңғырту үшін жоба-сметалық құжаттары дайын екендігін, оны сараптамадан өткізу үшін облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінгенін жеткізді. Ал, клуб пен балабақша салу, газ желісін тарту жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде қарастырылады.

 

Қызылорда облысы