Руханият • 13 Қаңтар, 2020

Той тойлауға емес, ой ойлауға үндейді

691 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Кемелұлының «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласы – қазақстандықтарды тұтас ұлттық идеяға жұмылдырады деп пайым­даймыз. Адамзаттың Абайының 175 жылдық мерейтойы – ортақ мереке, ұлы дүбірлі той. «Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауы тиіс. Бұл – ұлы ақын арманының орындалуы. Сондықтан біз Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз», деп басты назарды той тойлауға емес, ой ойлауға бұрып, ысырап­шылықты, даңғазалықты доғаруымыз керектігін баса ескертті.

Той тойлауға емес, ой ойлауға үндейді

Біздің міндет – Абай мұрасын насихаттау арқылы қазақты әлемге таныту. Ұрпақтың бойына Абай еңбектерінің биік тағылымын сіңіру. Абай тойынан кейін ұрпақ ойлануы керек. Тойдан қандай үлгі-өнеге көрдік, жас буынға ұлы ақынның терең мағыналы ойларын жеткізе алдық па? Осындай сауалдарға жауап бере алсақ той ғибраты айқындалмақ.

Абай – ұлттық самғаудың бағдаршамы. Абай – ғасырлар алмасса да бағасы артып, өлшеусіз қазынамызға айнала беретін қасиетіміз. Абайдың гуманистік идеялары – адамзат өркениетін байытудың негізі.

Ұстаз қай қоғамда да қастерлі, құрметті. Ұстаз – ел ертеңі, болашағымыздың шамшырағын жағар тұлға. Дана Абай «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» деп ұстаздың өлшеусіз еңбегін өлеңмен өрнектеген.

Адамзат баласы үшін білім қашанда өзінің құндылығын жоғалтпайтын асыл қазына. Тіптен қазіргі жаһандану заманында ғылым бәсекелестікке айна­лып отыр. Мақалада көтерілген бір мәселе – интеллектуалды ұлт болу. Оның ең бірінші тетігі – білім. Абай – қазақ халқының рухани әулиесі, жол сілтер бағдары. Абай ілімінен сусындап, Абай нұрын бойына жиған жанның келешегі жарқын. Себебі білім бар жерде алынбайтын қамал жоқ.

Халықты бір шаңырақтың баласындай өмір сүруге шақырған Абай ұлағаты мәңгілікке берік тұғыр-сүйенішіміз болары анық. Батысқа да, шығысқа да терең үңілген ұлы Абай олардың ірі тұл­ға­ларынан үйреніп қана қоймай, хал­қын солардың мәдениетінен, білімінен сусын­дауға шақырды. «Атаның ұлы болма, адам­­ның ұлы бол», деп шығармаларында «Адам шыр етіп дүниеге келгеннен өмірі­нің мәнді болу үшін не істеу керек?» деген сауалға жауап беріп, олардың өмір сүруі­нің гуманистік бағдарламасын жасап берді.

Жалпы адамзат баласын гуманизмге шақырған хәкімнің даналық фор­муласы барша адамзат баласын тату­лық пен тұрақтылыққа, достық пен бауыр­малдыққа үндейді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ел жастарына зор үміт артады, сенім білдіреді. «Ең алды­мен Абайды ұлтымыздың мәдени капи­талы ретінде насихаттауымыз керек. Өр­ке­­ниетті елдер қазақ­тың болмыс-бітімін, мә­де­­н­иеті мен әде­биетін, рухани өресін әлем­дік деңгей­дегі біртуар перзенттерінің дәре­­жесі­мен, танымалдығымен бағалай­ты­нын ұмыт­пайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақ­станның бренді ретінде әлем жұрт­шылығына кеңінен таныстыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы» дейді.

Мемлекет басшысының: «Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқанын бәріміз жақсы білеміз. Сол сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санаймын», деген толғамы да жарық көріп жатқан Абай кітаптарының таралымы қанша, жалпақ жұртқа, қарапайым халыққа жетіп жатыр ма деген көптеген түйткілді сауалдың түйінін шешуге негіз болары сөзсіз.

Абай әр қазақтың ұстанымы болғанда ғана ұрпақ қазақтығын, рухының асқақ­тығын сақтап қалары сөзсіз. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов: «Қазақ жазушыларынан әрине Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан. Таза әдебиет сарынына бой ұрғанда маған Абай деген сөз, қазақ деген сөзбен теңбе-тең түсетіндей кездері бар сияқты» деп жазған еді. Абайды Әуезовше сүйелік. Абай мұраты – ұлт мұраты.

Президент Қ.Тоқаев: «Мен көп жылғы дипломатиялық қызметімде басқа елдер­дің саясаткерлерімен, түрлі сала мамандарымен жиі кездестім. Шетелдіктер­мен адамзатқа ортақ көптеген түйткілді мәселе туралы пікір алмасып, ой бөліс­тім. Жалпы, олар Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктері жөнін­де жақсы біледі. Ал рухани және мәде­ни құндылықтарымызбен жете таныс емес. Осы орайда «Неге қазақтың бітім-болмы­сын, мәдениетін Абай арқылы танытпаймыз?», деген сұрақ туындайды», деп өзекті ой тастайды. Расымен де, ұлы Абай әлемдік деңгейдегі тұлға десек те оның шығармаларының бүкіл дүниежүзілік дәрежеде әлі де кеңінен таныла қоймауы бізді қатты ойландыруы керек.

Семей өңірі – руханият Меккесі, Алаш­тың жүрегі. Ядролық сынақтан көз ашпай аңырап қалғанда жаһандық жалмауыздан құтқарған Елбасына Семей халқының мың сан алғысы күнде айтылады. Семей жұртшылығы дағдарыс кезінің өзінде берекесі қашпай, ұйымшылдық көрсете білді. Бұл сонау ұлылар рухымен жалға­сып жатқан тектіліктің бір көрінісі болар. Мақалада баса назар аударылған: «Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай шаһарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғырта­мыз. Үкіметке бұл мәселеге байланысты тиісті шара­лар қабылдауды тапсырамын», – деген жолдар қала жұртшылығын қуаныш­қа кенелтті. Президенттің баса көңіл бөлуі Семей шаһарының мәдени-эконо­мика­лық жағынан жандана, көркейе түсуі­не сенімімізді нығайтты.

Абай мұрасына бүгінгі буын зор сер­гектікпен, керек десеңіз, перзенттік махаббатпен қараса игі. Абай – қасиетіміз, асылымыз. Абай – ұлттық ұранымыз. Абай – жаңа Қазақстанның бренді. Мақала тағылымы осыған үндейді.

 

Арап ЕСПЕНБЕТОВ,

Шәкәрім университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

СЕМЕЙ