Қазақстан • 13 Қаңтар, 2020

«Қара майор» халық жадында

766 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әскери абырой мен қаһармандықтың үлгісі бола білген Ауған Соғысының ардагері, полковник, Борис Керімбаев биыл тірі болғанда 72 жасқа толар еді. Алматыда қалалық әскери-патриоттық клубтың оқушылары батыр рухына тағзым жасап, 28 Панфиловшылар саябағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

«Қара майор» халық жадында

Жас өрендер сондай-ақ, «Қара майордың» жүріп өткен ерлік жолдары мен әскери-тарихи мұражайға қойылған жеке заттарымен танысты. «Ол әділ, шыншыл, сенімді әскери адам болған еді» дейді қаһарманның әріптестері.

«Борис Төкенұлының жасаған тактикаларын қазір бізде әскери-патриоттық клубтың оқушылары байқап көріп, тәжірбие жинап жатыр. Ол кісінің атын, ерлігін мектепте оқытылатын тарих пәніне кіргізеді деген ойымыз бар» - дейді қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Амантай Үсербаев.

Даңқты сардар Борис Керімбаев бұрынғы Кеңес әскерінің құрамындағы арнайы жасақтың командирі ретінде Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, ержүрек командир, тамаша тактик, қарамағындағы жауынгерлердің шынайы қамқоршысы, тәлімгер ұстазы бола білді. Осындай қасиеттері үшін оны әскери қолбасшылықта қарамағындағы жауынгерлер ерекше құрмет тұтса, қарсыласушы дұшпандар қазақ сардарының ерлігі мен тапқырлығына тәнті болды. Борис Төкенұлы елге оралған соң өзінің әскери білімі мен бай тәжірибесін Тәуелсіз Қазақстан әскерінің жас сарбаздарына берумен айналысты. Оның ерлігі мен елге сіңірген еңбегі өз Отанын сүйетін әрбір жасқа жақсы үлгі.