Қоғам • 13 Қаңтар, 2020

Н.Мұқышев Ақтөбе облысының тұрғындарына АӘК көрсетудің жаңа тетіктерін түсіндірді

151 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында жергілікті тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмектің (бұдан әрі – АӘК) жаңа форматын  тағайындау тетіктерін және көпбалалы отбасыларды мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын түсіндірді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Н.Мұқышев Ақтөбе облысының тұрғындарына АӘК көрсетудің жаңа тетіктерін түсіндірді

Вице-министр өңірдегі бағдарламасын Карғалы ауданының Косестек ауылдық округіне сапарынан бастады, онда 2019 жылы АӘК алған отбасылармен кездесті. Мұқышев ауыл тұрғындарына атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақы емес және әр отбасыға берілмейтіндігін, бірақ бұл мемлекеттің қолдауын қажет ететін адамдарға ғана көрсетілетінін атап өтті.

«Табысы аз отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Оған балалардың саны, бір бала немесе төрт бала болуы маңызды емес. АӘК көрсетудің негізгі критерийі – жан басына шаққандағы табыстың өңірлік күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен болуы.  Егер отбасы өздеріне АӘК қажет деп санаса, онда қаңтарда әлеуметтік көмек тағайындау үшін құжаттар тапсыра алады. АӘК алатын барлық отбасылардың балаларына мемлекет кепілдік берген әлеуметтік топтама ұсынылады», – деді Мұқышев.

Вице-министр атап өткендей, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін әлеуметтік топтамаға азық-түлік жиынтықтары мен гигиеналық құралдар кіреді. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін мектептерде ыстық тамақ, оқу құралдары мен мектеп киімдерін беру көзделеді. Сондай-ақ, осы санаттағы балалар үшін мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтелетін болады.

Нариман Мұқышев сондай-ақ ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар көпбалалы отбасыларға арналған жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілгенін атап өтті. Бұл мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан 42 496 теңгеден 74 388 теңгеге дейін сараланған мөлшерде төленеді. Осындай төлемді ағымдағы жылғы қаңтарда 367 мың отбасы алды, оларға 17 млрд теңгеден астам қаржы төленді.

Қосестек ауылдық округіне барған кезде вице-министр АӘК алушылардың бірі Ксения Даниярованың жиналған қаражатына ашқан «Алхан» тігін шеберханасының жұмысымен танысты.

«Бұл қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтардың мемлекеттік қолдау арқылы өз отбасыларының қаржылық жағдайын жақсартып қана қоймай, өз ісін ашқан жақсы мысалдардың бірі. Көпбалалы және табысы аз отбасы мүшелерін кәсіпкерлікке тарту үшін Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қажетті өзгерістер енгізілді. Енді оларға микрокредиттер жылдық 4%-дан аспайтын пайыздық мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі мерзімге жеңілдікті шарттармен беріледі. Сонымен қатар, көпбалалы және табысы аз отбасы мүшелері алдын ала білім алмай грант алуға құқылы», – деп атап өтті Мұқышев.

Жұмыс сапары барысында вице-министр Қарғалы және Хромтау аудандарының халықты жұмыспен қамту орталықтарына барып, атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер азаматтардан өтініш алу барысымен танысып, АӘК тағайындау кезінде учаскелік комиссияның қалай жұмыс істеуі керектігін түсіндірді.