Жалпы, Жамбыл облысы су мәселесі жөнінен көрші Қырғыз Республикасының «Киров» су қоймасына тәуелді деуге болады. Айыр қалпақты ағайындардың өздері «Чоң-қақпа» деп атайтын алып су қоймасынан кезінде судың біресе көп, біресе аз жіберілуінен Жамбыл облысы мен Қырғыз елі арасында талай мәселе туындаған. Сол «Чоң-қақпа» арқылы Талас өзені де күні бүгінге дейін су алады. Бұл су жергілікті тұрғындардың тіршілік көзі, кәсібінің өзегі болғалы қашан. Талас өзені Талас ауданы арқылы Сарысу ауданына, одан Түркістан облысының Созақ ауданына қарай өтіп, ақыры су аяғы құрдымға, яғни құмға барып сіңіп кетеді. Осы Талас өзені арқылы қараша жұрт егін, бау-бақша салып, мал асырап күн көріп отыр. Аудандағы өзендер мен көлдердің гидрогеологиялық жағдайын қалыпты ұстау және экологиялық тұрақтылықты сақтау үшін «Чоң-қақпа» су қоймасынан Талас өзені бойымен су жіберіледі. Бірақ судың ағыс қарқынының төмен болуына орай, су шабындық жерлерге жайылмай, тек арна деңгейінде ғана жүрген. Кезінде қара жердің тамырына нәр жүгіртіп, малдың қоңын арттырған Таластың суы бұл күнде тартылған. Осы мәселеге байланысты Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеевке хат жазып, шабындық жерлерді суаруға, көлдер мен тоғандарды толтыруға, елді мекендердің қажеттілігі үшін санитарлық-эпидемиологиялық мақсатта секундына 20 текше метр, яғни 3 ай мерзіміне 155 миллион 520 мың текше метр су тасталуына ықпал етуін сұраған. Ал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сейітбек Дариябеков Тоғызкент және Досбол ауылдарындағы шаруа қожалықтарының негізінен Талас өзенінің суы арқылы күн көріп отырғанын, сондықтан да бұл мәселе аса өзекті екенін айтты.
Кезінде Түгіскен деп аталған бүгінгі Тоғызкент ауылы қаракөл қойын өсірумен аты шыққан. Біз Тоғызкент ауылына арнайы барып, тұрғындармен сөйлескенімізде, олар ауылдың мәселесі негізінен ағын су екенін айтты. «Өзім осы ауылда туып, талай жыл шаруашылық саласында жұмыс істедім. Қазіргі кезде көрші Талас ауданының Үшарал ауылында тұрамын. Кезінде екі ауданға да ортақ Талас-Аса арнасы болған. Су болса, көп шаруа атқаруға болады. Мұндағы ел картоп, қауын егіп, мал өсіріп күнелтеді. 1982 жылы ауылда құрғақшылық болды. Сол кезде малға шөпті Қырғызстаннан және Сарыарқаның даласынан тасығанбыз. Егер су болмаса сондай жағдай қайталануы мүмкін. Өйткені Сарысу ауданы шөлейтті аймақ. Ел малға қарап отыр. Биыл Аса өзеніне де су келмеді. Халықтың мәселесін сәл де болса шешу үшін Талас ауданындағы «Бөрібай» су қоймасынан 3 текше метр су Аса өзеніне тасталса, соған басшылар ықпал етсе деген тілегіміз бар», дейді Қыдырбек Абдумаликов. Тұрғындардың айтуынша, Талас өзенінің суы тартылғалы бері 3 жылға жуықтап қалыпты. Кезінде арнасынан асып, ернеуінен төгіліп жататын Таластың суы бүгінде қат. Тіпті су барда егін салып, бау-бақша егіп, мал асырап күн көріп отырған көп адамдар бүгінде ауылдан көшіп те кетіпті. «Су болса, ел ешқайда көшпейді. Осы уақытқа дейін 30-40 шақты үй басқа жақтарға көшіп кетті. Енді күнкөріс қамы қиындаған соң солай болады ғой», дейді ауыл тұрғындары. Әңгіме барысында Әбілда ауылының тұрғыны Қамбар Жайлаубаев су болса бәрінің де болатынын, көпшіліктің көкейкесті мәселесінің осы екенін жеткізді. «Аудан халқының 50 пайызы, шаруашылықтың 90 пайызы осы Талас өзенінің бойында отыр. Кезінде Талас ауданындағы Ақкөлдің суы осы ауылдың аумағындай ғана еді. Қазір сол Ақкөлдің көлемі 45 шақырымға дейін жетті. Тым құрыса, сол Ақкөлдің суына да жарымай отырмыз. Осыдан 30-40 жыл бұрын осы ауылда 100-150 үйдің қауын, жүгері егіп, тіршілікпен айналысқанын көзіміз көрді. Су көп жайылатын. Талас өзенінің төбесінде құс ұшып, ел сол өзеннен балық аулап отыратын. Ауылда неміс, чешен, орыс, қарашай ұлтының өкілдері де тұрған. Су мәселесі қалай пайда болды, олар да солай көшіп кетті. Ашығын айту керек, ауылда жыл сайынғы су жоқ. Сонша малды құдықтың суымен суару мүмкін емес. Бір қойдың өзі жаздың күні 5-6 литр су ішеді. Облыс басшылары Үкіметке есеп бергенде, дұрыс мәлімет беруі керек. Халықта «Судың басындағы су ішеді, аяғындағы у ішеді» деген сөз бар. Біз қазір у ішіп отырмыз. Осы мәселеге облыс әкімі Асқар Мырзахметов те назар аударса екен дейміз», дейді Тоғызкент ауылының тұрғыны Жансерік Майыров.
Тоғызкенттік тұрғындардың базынасы да, тілегі де орынды деуге болады. Негізінен Сарысу ауданының аумағынан Талас және Аса өзендері өтеді. Жоғарыда айтқанымыздай, олар көрші Созақ ауданына қарай жалғасады. Аудан аумағындағы Аса өзенін барып көрдік. Бүгінде тек жыра секілді болып қалған өзеннің табанына дейін анық көрініп жатыр. Су жоқ. Талас өзенінің жағдайы да тура осындай. Кішкене судың бетіне қатқан мұз ғана болмаса, бұл да сол. Бұл мәселе қатар жатқан Досбол ауылдық округінің тұрғындары үшін де өзекті. Ауыл әкімі Нұрлан Молдабеков ауылда 4500 гектар шабындық жер және 34000 гектар жайылымдық жер бар екенін, енді оны сақтау үшін Талас өзені суының қажет екенін айтты. Досбол ауылында жалпы 27 шаруа қожалық тіркелген болса, бүгінде оның 19-ы жұмыс істейді екен. «Қазір Талас өзеніне тасталып жатқан 6 текше метр су жеткіліксіз. Жазда тіпті су тартылып қалады. Егер ағын су болмаса қыстың күні қырау шөп жеген мал іш тастайды. Қазіргі кезде ауылда ірілі-ұсақты 29 мың мал басы бар. Ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Су болмаса шаруашылықтың да жағдайы қиын», дейді ауыл әкімі. Расында да мұндағы халықтың бүгінгі жағдайы назар аударарлық. Ауылдың қай тұрғыны болсын, осы мәселеге алаңдаулы. «Мал ашуы – жан ашуы» дегендей, жан бағып отырған малдың шығыны да ешкімге оңай соқпаса керек. Бұл орайда ауыл тұрғыны, «Нұрлан» шаруа қожалығының төрағасы Болат Жұмаділдаев осы жерде халық мал шаруашылығы үшін отырғанын жеткізді. «Бәріміз де мал шаруашылығы үшін ауылда тұрып жатырмыз. Бүгінде ағын су тапшы. Егер ағын су болмаса, жер астындағы судың да деңгейі төмен түсіп, құдықтан өзіміз ішіп отырған ауыз су ашып кетеді. Мал суару үшін артезиан құдық қаздырып едік, Таластың суы тартылған кезде оның да суы азайып кетті. Содан кейін уақыттың бәрі де су жинаумен өтеді. Егер Талас өзенінің ортасында бөгет болмаса, су да уақытылы келетін еді. Ал, жолдан салынатын тоспалардың біз үшін қаупі көп болғандықтан, оның керегі жоқ. Онсыз да қырғыз ағайындар суды аз жібереді. Бізге жеткенше жолда талай тоспа бар. Елдің бәрі жол-жөнекей су жинап болғанша, бізге су жетпей де қалады», дейді ауыл тұрғыны.
Ауыл тұрғындарының көтеріп отырған мәселелері негізсіз емес. Бұған қоса, Талас және Байзақ аудандарының шекарасынан су қоймасы салынады екен деген де әңгімелер шығып жүр. Тұрғындар егер бұл жоспар жүзеге асатын болса, онда Таластың суынан мүлде үміт үзу керегін айтуда. Аталған мәселеге орай, Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Олжас Көкей Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу-Талас бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Имашеваға және Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының директоры Қазыбек Бедебаевқа хат жазып, аудандағы өзендер мен көлдердің гидрогеологиялық жағдайын қалыпты ұстау және экологиялық тұрақтылықты сақтау үшін «Тасөткел» су қоймасынан Шу өзені, «Чоң-қақпа» су қоймасынан Талас өзені және Ақкөл көлінен Аса өзендері бойымен шабындық жерлерді суаруға, көлдер мен тоғандарды толтыруға және елдімекендердің қажеттілігі үшін санитарлық-эпидемиологиялық мақсатта су тасталуына ықпал жасауларын сұраған. Тұрғындардың тілегіне орай, Шу-Талас бассейндік инспекциясына қайырылып, тиісті мәліметтерді алдық. «Қазақстан Республикасы Су кодексінің 118-бабына сәйкес, Сарысу ауданына жыл сайын экологиялық мақсатта Талас өзені арқылы қазан-сәуір айлары аралығында су тасталып келген. Экологиялық мақсатта жіберіліп жатқан суды Сарысу ауданының Тоғызкент, Досбол ауылдарының елдімекендеріне толықтай жеткізу үшін Талас ауданы әкімдігі мен «Қазсушар» мекемесінің Жамбыл филиалына аудандағы тиісті су шаруашылығы мекемелері арқылы Талас өзенінен ауданның егістіктеріне су алатын каналдар мен су жүйелерінің қақпаларын жауып, өзен арнасындағы тоспаларды ашып, арнаның жырылған жерлерін бекіте отырып, мақсатты судың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету туралы инспекция тарапынан хат жолданды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 8 қаңтар күні жоғарыда аталған мекеме өкілдерімен Талас ауданының Ойық ауылында кездесу өткізіліп, қаңтар, ақпан айларында Талас өзеніне жіберілген судың барлығы Сарысу ауданына тасталатын болып шешілді», дейді Шу-Талас бассейндік инспекциясы Су ресурстары мониторингі, мемлекеттік есеп және кадастр бөлімінің басшысы Дүйсеналы Әміров. Бөлім басшысының айтуынша, Тоғызкент ауылдық округіне 10 текше метр су 2019 жылдың 10 желтоқсанында жеткен. Ал, Досбол ауылдық округіне 4 текше метр су 2019 жылдың 15 желтоқсанында жеткен. «Қазіргі уақытта ауылдық округтерде су жайылып жатыр. Тоғызкент ауылдық округінің шабындық жерінің 50 пайызы, Досбол ауылдық округінің 40 пайыз шабындық жерлері сумен қамтылды. Қалған сулар қаңтар, ақпан айларында тасталады», дейді ол.
Қос ауылдағы су мәселесі бүгін ғана шыққан әңгіме емес. Ауыл тұрғындарының айтуынша, біраз жылдан бері ағын судың тапшылығын көруде екен. Көпшілікпен кездескенімізде де, өзен арналарын аралап көргенімізде де көкейкесті мәселенің мәнісіне көз жете түсті. Тұрғындардың дені егін, бау-бақша, мал шаруашылықтарымен күн көріп отырғанын, жыл өткен сайын тұрмыстарының да бұрынғыдай болмай бара жатқанын айтты. Олардың айтуынша, Талас өзеніне тасталып жатқан 6 текше метр су қыстың өзінде жетпейді. Ал, жаздың күні тіпті тартылып та қалады. Сол себепті тұрғындардың судың жоқтығы экономикалық қана емес, экологиялық апатқа да ұшыратуы мүмкін деген қаупі бар. Сарысу ауданы жартылай шөлейтті аймақ болғандықтан, көпшілік судың жоқтығынан топырақ сортаңданып, құм көшуі мүмкін деп те алаңдайды.
Жамбыл облысы,
Сарысу ауданы