Технология • 14 Қаңтар, 2020

Жасанды интеллектімен бетпе-бет

1331 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Жақында экономика ғылымдарының докторы Кәрім Мәсімовтің «Келешектің әміршісі. Жасанды интеллект» деген кітабы қолыма түсті. Кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасына әлемде бизнестің танымал қайраткерлері – экономист, Еуропа қайта құру және даму банкінің бірінші президенті Жак Аттали, Ресейдің мемлекет қайраткері Герман Греф, тарихшы, саясаткер, стратег Эдвард Люттвак, доктор Ванли Ман, профессор Лин Шао және басқа да тұлғалар жоғары баға берген екен. Доктор Ванли Ман кітаптың маңызын Қазақстан үшін мемлекеттік деңгейде жасанды интеллект арнайы стратегиясын әзірлеуге жолбасшы дайын еңбек деп атап көрсеткен.

Жасанды интеллектімен бетпе-бет

Кітаптың «Бәрі неден басталды?», «Қызыл тізім», «Үстем корпорациялар», «Үстем мемлекеттер», «Гильгамеш жобасы немесе Үстем адамдар», «Асиломар қағидаттары», «Қазақстан» деп аталатын бөлімінен бөліміне өткен сайын әлемде және елімізде жасанды интеллект технология­сын енгізудің жетістіктері мен одан туындайтын қатерлерге қаныға түсесіз.

Жасанды интеллект деген не, оның мән-маңызын түсіну үшін автор алдымен әлемдегі өнеркәсіптік төңкерістер тарихына шолу жасайды. Ал ондай дүниені күрт өзгерткен, адамзатты бүгінгі өркениетке алып келген төңкеріс үшеу. Бірінші өнеркәсіптік төңкеріс – бу қоз­ғалтқышының ойлап табылуы. Бұл металлургия сияқты ауыр өнеркәсіп салаларының, темір жол көлігінің дамуына жол ашты. Екінші өнеркәсіптік төңкеріс – электр тогының пайда болуы. Бүгінгі күнді кім электр қуатынсыз көзге елестете алар екен? Мұнай-газ өнеркәсібінің өркендеуі, телефон-телеграф бай­ланысы, автомобильдер мен ұшақтар осы төңкерістің нә­ти­жесі. Ал үшінші төңкеріс – ақ­параттық технологиялар. Ком­пьютер, ғаламтор, көптеген жұ­­мыстың автоматтандыры­луы бүгінгі күннің ақиқаты. Ақ­па­рат­тық технологияның дамуы жа­санды интеллект деген ұғымды қалыптастырды.

Кітапта жасанды интеллект дегеніміз – «машинамен оқыту» және «терең оқыту» арқылы машиналардың ұтымды ойлау және адам сияқты шешім қа­былдау қабілеті деген түсінік беріледі.

Ақылды машина дегеніміз – робот. Бұл чехиялық фантаст жазушы Карель Чапек ең алғаш 1920 жылы «Россум әмбебап ро­боттары» пьесасында робот кейіпкерге берген атаусөзден кейін пайда болған ұғым еді. Ал 1929 жылы жапон профессоры Макото Нисимура алғашқы роботты құрастырып шығарды. 1940 жылдары алғашқы цифр­лы компьютер құрылып, оның дәуірі басталып еді. 1950 жылы ағылшын ғалымы Алан Тьюринг «Есептеуіш техника және интеллект» деген мақаласында машиналардың адам сияқты әрекеттер жасап, шахмат ойнай алатындығы туралы жазады. 1997 жылы арнайы құрастырылған компьютер шахматтан әлем чемпионы Гарри Каспаровты ұтып, қайран қалдырды. Алан Тьюринг енді елу жылда машинаның жетілдірілетіні сондай, адам ма­ши­намен сөйлесіп тұрғанын аңғара алмайтын болады деген де батыл болжам жасады. Айт­қандай-ақ 2018 жылы Гугл (Google) фирмасының жиынында робот кеңсеге телефонмен хабарласып, кездесу уақытын белгілегенде байланыс желісінің арғы жағында тұрған қызметкер роботпен сөйлесіп тұрғанын аң­ғармай қалған. «Жасанды интеллект» деген атаусөзді аме­ри­калық информатик ғалым Джон Маккарти 1956 жылы Англияда Дартмутте өткен семинарда ал­ғаш рет енгізді. Ал «машинамен оқыту» термині машинаның мәтінді автоматты түрде тануын сипаттау үшін алғаш рет 2006 жылы қолданылды.

Жасанды интеллектінің пайда болуына қысқаша шолу жасай келе К.Мәсімов әлдекім роботтар көп міндетке қабілетсіз, адам басым болып қала береді деуі мүмкін. Алайда адам мүм­кіндіктері шектеулі, ал жасанды интеллект даму үстінде. Ма­шиналар адам зияткерлігі дең­гейіне жеткенде адамның мәселелерін шешу ұсынақтығы жетіліп, тіпті ғылыми жаңалықтар ашуға қабілетті болады деген ой түйеді. Машиналар ауқымды ақпарат көлемін жылдам өңдей алады және қарапайым адамдар көпшілігі ойлай алмауы мүмкін тұжырымдар жасайды дейді.

Осы тұжырымға орай кітап­тың «Сингулярлық және Рэй Курц­вейлдің болжамдары» деген бөлімі назар аударарлық. «Сингулярлық» латыншадан аударғанда «дара, айрықша» деген мағына береді. Ал бұл жерде әңгіме технологиялық син­гулярлық туралы, яғни келешекте технологиялық даму адамның басқаруынан шығып кетіп, адамзат өркениетінің сипатына, барысына елеулі өзгеріс әкелуі мүмкін деген болжам ту­ралы болып отыр.  Бұл ойды әуелі британ математигі әрі космолог Ирвинг Гуд айтқан екен. Технологиялық сингулярлық ұғымын америкалық математик Джон фон Нейман енгізіпті. Машиналардың ақылы адамнан да асып түсетін жағдайға тап болу тәуекелі туралы өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бері ғалымдар арасында жүріп жатқан пікірталасты америкалық фантаст жазушы Вернор Виндж 1993 жылы «Келешек техно­ло­гиялық сингулярлық» (The Coming Technological Singularity) деген еңбегінде технологиялық сингулярлыққа жету адамзат дәуірінің аяқталуы деп деп бір-ақ қайырады. Бірқатар ғалымдар жасанды суперинтеллект био­логиялық түр ретінде адамды жойып жіберуі мүмкін дегенге дейін барады.

Айтқаны көбіне айнымай ке­летін америкалық өнертапқыш әрі футуролог Рэймонд Курцвейл технологиялық сингулярлық 2045 жылы басталып қалуы мүмкін деп болжайды. Жер шары алып компьютерге айналып, бірте-бірте бүкіл ғаламға ұласуы мүмкін екен. Мысалы, ол айтқандай ком­пьютерлердің деректерге сымсыз қол жеткізе алуының ық­­тималдығы туралы болжамы бүгінгі күні тұрмысымызға әбден енген Уай-Фай (Wi-Fi) болып ақиқатқа айналды. Оның пікірінше 2032 жылға қарай нанороботтар адам жасушаларына тікелей қоректік заттар жеткізе алады, ал қайтарында уыттарды ала қайтады. Тағы бір он жылда нанороботтар адамның иммундық жүйесін жақсартады және мәңгілік өмір идеясына жол ашады. 2030 жылдан кейін жүргізушісіз қозғалатын автомобильдер жолға шығады екен, бұл әлемде жылына 2 миллионға дейін адам шығыны болатын жол апатын мүлдем дерлік жояды. Күн қуаты адамзаттың барлық қажеттілігін өтейді. Адамзат ке­лешегі бүгінгіден де жақсы болады деп түйіндейді өз болжамын Рэй Курцвейл.

Жасанды интеллектінің осылай дамуынан туындаған тарихи өзгерістер талай салада, атап айтқанда медицинада елеулі табыстарға жеткізді. Израильдік ғалымдар 3D баспасының кө­мегімен адам тіндерінен әлем­де тұңғыш рет жүректі басып шы­ғарды. Демек келешекте лайықты донор іздеудің қажеті болмай қалмақ. Денсаулық сақтау саласында жасанды интеллектінің дамыту өлімге соқтыратын дә­рігерлік қателікті болдырмай­ды. Ал дәрігерлік қателік ме­ди­цинада өлімнің жүрек ауруы­ және қатерлі ісіктен кейінгі үшін­ші орындағы себебі екен. Ме­дициналық түсі­рілімдерді шынайы уақытта талдау ота жасау кезінде пайдала­нылуда. Енді хирург жасанды интеллектінің дәлдігі мен шап­шаңдығы арқасында тү­сірілімдер деректеріне сүйене отырып отаны тоқтатпай әрекет ете береді.

Жасанды интеллект көлік саласына да дендеп ене бас­тады. Жүргізушісіз автомобиль­дер шы­­ғару, оларды такси, жүк тасымалы қызметінде пайдалануға қадамдар жасалуда. Қазір жүр­гізушісіз автобустар, таксилер көшелерге шықса, жүк көліктері мен дрондар тауар жеткізуде, өздігінен жүзетін кемелер суға түсірілді. KPMG аудитор компаниясы жүргізушісіз көлік құралдарына көшуге ұмтылатын 20 елдің дайындық деңгейін бағалағанда алғашқы бес ел қатарына Нидерланд, Сингапур, АҚШ, Швеция, Ұлыбритания кіріпті. Таяудағы бес-он жылда елдердің талайы көлік тех­нологиясының осындай жаңа түріне көше бастайды деп қорыта келе, автор Қазақстанның да осы өзгерістерден қалмауы маңызды екендігін атап көрсетеді.

Қазіргі кезде «ақылды қала» үрдісі даму үстінде. Ақылды қала әртүрлі құрылғылар мен олардың өзара байланысы желілерінің жиынтығын білдіреді. Оның бірі сумен жабдықтауға, екіншісі – жол қозғалысын басқаруға, үшіншісі – өрт қауіпсіздігіне, төртіншісі – ластану деңгейін бақылауға, ал бесіншісі қылмысты бақылауға, т.б. арналған. Бүгінде деректердің көпшілігі фото және бейнекамералар арқылы алынады. Қытайда 154 қала «ақылды қала» жобасымен жұмыс істейді. Мысалы, Ханчжоу қаласында ақылды жүйе жедел жәрдем мен полицияны жол кептелісіне ұрындырмай жолын ашып отыруы, олардың діттеген жерге шұ­ғыл жетуін қамтамасыз етеді. Оң­түстік Кореяның Сонгдода қа­ласында қоқыс жәшіктері мен қоқыс жинағыштар жоқ. Тұр­­мыстық қалдықтар ақылды пнев­матикалық жүйелер арқылы тікелей жерасты құбырларына кетеді, содан соң сұрыпталып, қайта өңделеді не кәдеге асырылады.

Ірі компаниялар жасанды интеллектіні энергетика саласына да батыл енгізуде. Мұнай-газ саласы Қазақстан экономикасының жетекші саласы болғандықтан өзге елдер тәжірибелерін назарға алғаны жөн. Алдағы он жылда жасанды интеллект әдеттегі экономикалық үдерістерді түр­лендіріп, қаржы, өндіріс, логис­тика, медицина, білім беру салаларына едәуір ықпал ететін болады. Зерттеу болжамдарына қарағанда 2030 жылға қарағанда жасанды интеллект нәтижесінде әлемдік экономика 15,7 триллион АҚШ долларына дейін өсуі мүмкін. Оның 40 пайызы өнім­ділікті арттыруға, қалғаны тұтынуға кетеді. Егер бұл болжам шындыққа айналса, жасанды интеллект ықпалы кезінде электр тогының ашылуы сияқты өз за­манының басқа да инновациялық технологияларының әсерімен барабар келмек.

Жасанды интеллектіні қол­дану АҚШ-та және Қытайда үстем корпорацияларды – монополияларды туғызып қана қойған жоқ, осы елдердің өзін де әлемге үстемдік жасаушы мемлекеттерге айналдырды. Алғашқы монополист Майкросфт (Microsoft)ком­паниясы еді. Одан кейін жиырма жылдан соң Амазон (Amazon), иБей(eBay), Альфабет (Alphabet) компаниялары пайда болды. Бүгінде әлемдегі ең бай 8 адамның 6-уы нақ осы технологиялық компанияларды құрушылар. Қазір Гугл (Google) жүйесі әлем бойынша секундына 40 мың, күніне 3,5 миллион, жылына 1,2 триллион іздеу сауалын өңдейді. Цифрлық жарнаманы сату қаржы ағынын ашты да, оның бір бөлігі жаңа бағыттарды дамыту, жаңа қызметтер көрсету, кәсіпорындар ашу үшін пайдаланылып отыр. Қазір әлеуметтік желінің ең табысты жобасы Фейсбук (Facebook). 2019 жыл­дың І тоқсанында Фейсбукті (Facebook) пайдаланушылар саны 2,4 миллиардқа жетіпті, ал бұған осы корпорацияның бө­лімшелері Инстаграмның (Instagram) 1 миллион және УатсАптың (WatsApp) 500 миллион пайдаланушысын қосыңыз.

Қазір жасанды интеллектіні дамыту жолындағы бәсекеге әлемнің отыздан астам елі қо­сылыпты. Олардың ішінде көшбасшылар АҚШ пен Қытай. АҚШ базалық технологияларды әзірлеуде озық тұрса, Қытай оларды іс жүзінде қолдануда жетекші орынға шығыпты. Са­рапшылардың бағалауы бо­йынша жасанды интеллектіні ен­гізу нәтижесінде Қытайдың ішкі жалпы өнімінің өсімі 2019 жылмен салыстырғанда 2030 жылға қарай 26,1 пайыз өссе, АҚШ экономикасының өсімі 14,5 пайызды құрайды екен. Соңғы он жылда Қытай жасанды интеллектіге салынған әлемдік инвестицияның 60 пайызын тарта алған. Бұл ел басшылығы 2025 жылға қарай жасанды интеллект өнеркәсіпті жаңғыртудың және экономикалық өзгерістердің бас­ты қозғаушы күші болады деп мәлімдеді. Осы ретте мамандар даярлауға қатты көңіл бөліп отыр.

Бұл екі алып елден басқа жасанды интеллектіні енгізудегі Син­гапур мен Біріккен Араб Әмір­ліктерінің тәжірибесі де назар аудар­тады. Олардың тәжірибесін зерделеу Қазақстанның осы ба­ғытта жол іздеуіне септесе алады дейді К. Мәсімов.

Біріккен Араб Әмірліктері Жасанды интеллект министрлігін құрған әлемдегі алғашқы ел. Бұл ел басшылығы жасанды интеллект стратегиясы арқылы үкімет шығыстарын кемітуді, экономиканы әртараптандыруды, мемлекетті осы саладағы көшбасшылар қа­тарына қосуды мақсат еткен. Бұл стратегия денсаулық сақ­тауды, жаңартылатын энергия көздерін, су ресурстарын, жол қозғалысын қоса алғанда экономиканың барлық саласын қамтиды. Үкімет азаматтарды жасанды интеллектіні қолдана білуге үйрететін болады. Дубайды ақылды қалаға айналдыру стратегиясын да 2018 жылы іске қосты. Оның аясында 100 нақты тиімділік көрсеткіші айқындалып, «Ақылды өмір», «Ақылды экономика», «Ақылды адамдар», «Ақылды икемділік», «Ақылды орта», «Ақылды бас­қару» мақсаттары белгіленген. 

Жасанды интеллектіні бел­сенді қолдану саласы әрине әскери сала, қорғаныс екені түсінікті. Бұл ретте Қытай АҚШ-тан қалыспай 2030 жылға қарай әскери салада жасанды интеллектіні пайдалану бойынша әлемдік көшбасшыға айналу жоспарын алға қойып отыр. Ресей де бұл мәселеге баса көңіл бөлуде. Әлемдік алпауыт мемлекеттер мен басқа елдер арасында жасанды интеллектіні дамытудағы алшақтық, үстемдік ету пиғылының пайда болу ық­тималдылығы әлемдік қауым­дастық арасына жік түсіруі мүмкін. Үшінші дүниежүзілік соғыста қандай қару болатынын білмеймін, бірақ төртіншісінде ағаштар мен тастар болары анық деп жазған екен атом бомбасын жасаушылардың бірі Аль­берт Эйнштейн. Сондықтан жа­һандық күн тәртібінде жасанды интеллектіні әскери салада пайдалануды халықаралық реттеу аса өзекті мәселе деп ой түйеді К.Мәсімов.

Кітаптың «Гильгамеш жобасы немесе Үстем адамдар» деген бөлімі де ойға бай. Ежелгі Месопотамияның эпостық дас­танының кейіпкері жартыкеш құдай Гильгамеш мәңгі өмір сүру амалын іздеген екен. Сол ықылым заманнан бері осы орайдағы адамзат ізденісі нәтижеге жа­қын қалғандай. Бүгінгі күні нанотехнологиялар – болашағы зор салалардың бірі. Соңғы жетіс­тіктер қартаюды баяулатуға және өмір сүру жасын ұзартуға әкеледі. Бұл бірегей қабілетті әрі теңдессіз шығармашылық мүмкіндігі бар үстем адамдардың пайда болуына әкелуі мүмкін. Демек бұл оларды кез келген саяси, әлеуметтік және экономикалық жүйелерден жоғары қояды. Осы жаңа биологиялық түр енді 200 жылдай уақытта пайда болуы мүмкін. Ал бұл қоғамның негізгі құндылықтарына қатысты маңызды әдеп мәселесіне келіп тірелетінін атап көрсетеді автор.

Жасанды интеллект саласына инвестициялаған және одан кеш қалған мемлекеттер арасында алшақтық барған сайын ұлғайып барады. Қазақстан бұл мәселені сырттай бақылаушы болып қала алмайды. Елімізде электронды үкімет жүйесі әзірленіп, енгізілді. Бүгінде халқымыз мемлекеттік қызметтердің 85,7 пайызын элек­тронды түрде алады. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары 5G стандартты байланыс желісіне қосылды. Жаңа технологиялар өндірістің барлық саласына енгізілуде. Назарбаев Университетінде үш мыңдай студент оқытылды. 2018 жылдың басында Қазақстанда Смарт Ақкөл (Smart Akqol) ақылды қаласы қанатқақты жобасы іске қосылды. Жасанды интеллект бұл ең алдымен адамдарға арналған технология, адамдар үшін мүмкіндік жасау. Келешекте Қазақстанның ірі 17 қаласында «ақылды қала» жобасы енгізілетін болады.

Қазақстан деректерді түрлен­діру және алмасу бойынша көре­ген саясат әзірлеуі, оларды көп жақты ынтымақтастық аясында пайдалануға күш салуы қажет. Бұл мынадай екі міндетті шешуге бағытталуы тиіс: біріншіден, жасанды интеллект технология­сын пайдалану мүмкіндігіне жету; екіншіден, азаматтық ер­кін­дікті және жеке өмірге қол сұқ­паушылықты қорғау арқылы жұртшылықтың жасанды интеллект технологияларына сенімін нығай­ту деп қорытады К.Мәсімов елі­мізде жасанды интеллектіні ен­гізу мақсатын тұжырымдай келе.

Кітап болашақтың технологияларын әр елде, әр салада қолданудың тәжірибесін, басты бағыттарын қызықты мысалдармен жүйелі баяндап берген. Жасанды интеллектімен бетпе-бет келіп, қоян-қолтық араласа бастаған заманда К. Мәсімовтің бұл еңбегі келешекте адамдар жасанды интеллектіні басқара ма, әлде ол адамдардың жаңа әмір­шісіне айналып кете ме деген әлем ғалымдары мен сарапшыларын толғандырып келе жатқан өзекті сауалға байсалды да тың өз пайымдарын білдіруімен де құнды.

 

Сәкен СЕЙДУӘЛИЕВ,

Сарбонна-Қазақстан институты Халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры,

экономика ғылымдарының кандидаты