Саясат • 14 Қаңтар, 2020

Өзара іс-қимылдың бес бағыты

173 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында «Қа­зақ­станның Азаматтық альянсы» ЗТБ-ның конферен­циясы өтті. Онда аталған құры­лымның өткен жылғы жұмысы қорытындыланып, алдағы мақсаттары айқын­далды.

Өзара іс-қимылдың бес бағыты

Конференция жұмысына Пре­зидент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшім­баев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қа­тысты.

– Азаматтық альянс – уақыт сынынан өткен, ел дамуының жауапты кезеңдерінде өзінің сындарлы ұстанымын танытқан мемлекеттің конструктивті серіктесі ретінде үл­кен іс-шаралардың басында жүр­ген қоғамдық ұйым. Ел дамуына, қоғам мен биліктің арасында ашық диа­логтың орнығуына, әртүрлі әлеу­меттік мәселелердің шешілуіне Аза­маттық альянс және осы ұйымға кіріп отырған мемлекеттік емес құры­лымдар үлкен үлесін қосуда. Соңғы бірнеше жылдың ішінде Азаматтық альянстың жұмысында тың үрдістер бар екенін көріп отырмыз. Әрі қарай да біз Азаматтық альянспен, оған кіретін ұйымдармен конструктивті түрде жұмыс істеуге, бірігіп үлкен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді М.Әшімбаев.

Оның айтуынша, ел дамуында жаңа кезең басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен мақ­­саттар қойып отыр. Елбасы сая­сатының сабақтастығын қамтамасыз етіп, мемлекетті жаңа белестерге көтеруге арналған жұмыстар жүр­гізі­ліп жатыр. Бұл жұмыстар аза­мат­т­ық қоғамның қатысуынсыз дұ­рыс жүзеге асырылмайды. Сон­дықтан Президент Әкімшілігі қоғам­дық, мемлекеттік емес ұйымдар­мен қа­ты­настарды әрі қарай жан­дан­­дыруға, жаңа сатыға шығаруға мүдделі.

Мемлекет басшысының сай­лауалды бағдарламасы, тың бастамаларын жүзеге асыру жұмыс­тары қарқынды жүруде. Жүзеге асып жат­қан бағдарламалардың көпшілігі оң бағаланып, қазақстандықтардың қолдауына ие болып отыр. Жүр­гі­зіліп жатқан жұмыстардың басым бағыттарының бірі – қоғамдық диалогты жандандыру және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­рымдамасын іске асыру. Бұл бағыт­тар бойынша ауқымды жұмыстар ат­қарылуда. Мәселен Президент Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің екін­ші отырысында аталған кеңес мүше­лерінің ұсыныстары негізінде әзірлен­ген реформаларды елге жариялады.

– Мемлекеттік органдар жұ­мысының үкіметтік емес ұйым­дар­мен байланысындағы ашықтықты қамтамасыз ету бағытында да жұ­мыс жүргізілуде. Билік қоғамның сұ­ра­нысына, қандай да бір маңызды мәселенің шешімін табуға қатыс­ты жедел әрекет етуде. Яғни бұған де­йін айтып өткеніміздей, еліміз даму­­дың маңызды сатысында тұр. Эко­­но­миканы, кәсіпкерлікті тиімді дам­ы­ту, ауыл шаруашылығын аяққа нық тұр­ғызу, мемлекет өмірінің барлық сал­асына инновация игілігін, атаулы әлеу­меттік көмектің жаңа форма­тын ен­гізу, міндетті әлуеметтік сақ­­тан­ды­руды енгізуге байланыс­ты жаңа бағдар­лама әзірлеу тұр­ғы­сын­да жұмыс­тар жүргізілуде. Саяси салада да бір­қатар өзгеріс бар, – деді М.Әшімбаев.

М.Әшімбаев аталған жұмыстарды атқару барысында Азаматтық альянс пен оған кіретін ұйымдар тарапынан өзара әрекеттестік және қолдау боларына сенім білдіріп, осы өзара іс-қимылдың басым 5 бағытын алға тартты. Өзара іс-қимыл бір жа­ғы­нан Президент Әкімшілігі, мем­ле­кет­тік органдар, Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігі және келесі жағынан үкіметтік емес ұйым­дар арасында жүргізілетін болады.

«Біріншіден, Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасы негізінде қоғам­дық сұранысқа жауап ретінде түрлі қылмыстарға қатысты жауап­кер­шілікті күшейтуге, қоғамдағы қан­дай да бір маңызды мәселелерді ше­шуге бағытталған бірнеше заң қа­был­данды. Осындай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Азаматтық альянс осы және өзге де заң жобаларын әзірлеу кезінде белсенділік танытқаны маңызды. Бүгінде осы заңнамалық өзгерістерді, оның мемлекетке, ха­лық­қа берер пайдасын тұрғындарға түсіндіру жұмысы да маңызды болып отыр. Яғни, дұрыс жолға қойылған ақпараттандыру жұмысы қажет. Бүгінде бұл жұмысты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өзге де мемлекеттік органдармен, әкім­дік­термен бірлесе отырып жүзеге асы­руда. Сондықтан Азаматтық альянс­тың халыққа түсіндіру, ақпа­ра­ттандыру жұмыстарына бел­сен­ді араласқаны маңызды.

Екіншіден, Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру барысында өзара әріптестікті нығайту көзделуде. Бұл ретте қоғам­дық диалог орнату маңызды болмақ. Билік пен қоғам арасында тұрақты, жүйелі қатынас орнату көзделуде. Сондықтан бұл жұмысты іске асыру кезінде азаматтық қоғам да қарап қалмауы тиіс.

Үшіншіден, осы күнгі өзекті мәселе – отандастарымыз арасында азаматтық-құқықтық мәдениетті қалып­тастыру. Құқықтық мемлекетті қалыптастыруда барлық қатынас заң арқылы реттелгені жөн. Премьер-Министр де, министр де, әкім де, мемлекеттік қызметкер де, шенеунік те, азаматтық белсенділер де, сая­си партиялар да, үкіметтік емес ұйым­дар да заң аясында жұмыс іс­тейді. Ешкім де заңнан жоғары тұр­ған жоқ. Сондықтан осындай құ­қық­тық мәдениетті тұрғындар ара­сында қалыптастыру маңызды. Азаматтық альянстың бұл бағыттағы әлеуеті жоғары. Тиісті мем­лекеттік органдардың көмегіне жүгі­не отырып, осы жұмысты Аза­мат­тық альянстың қолға алуына болады.

Төртіншіден, Мемлекет басшысы 2020 жылды – Волонтер жылы деп жариялады. Сондықтан үкі­мет­тік емес ұйымдар, қоғамдық ұйымдар биылға белгіленген іс-шараларда белсенділік танытқаны маңызды. Волонтер жылы – Батыста қалыптасқан үрдіске үн қосу емес. Ұлттық дәстүрімізде, ұлттық кодымызда ет-жақындарымызға, басына қиын іс түскен азаматтарға қол ұшын созу, қайырымдылық таныту қағидасы бар. Халқымыздың дүниетанымы, ұлттық көзқарасы осыған негізделген. Жаңа жүйелік құндылықтар қатарына волонтер ісін де қосып, оны игі әдетке айналдыруға болар еді. Волонтер ісіне қатысты мемлекеттік органдар тарапынан да маңызды бастамалар көтеріледі. Бұл іс-шараларды жүзеге асыруда Аза­маттық альянс мемлекеттік органдар үшін негізгі серіктес бола алады.

Бесіншіден, билікке қашан да жақсы ұсыныстар, идеялар қажет. Бұл ретте Азаматтық альянс экономика, әлеумет, саясат салаларына қатысты тың бастамалардың, идеялардың орталығы бола алады. Қоғамдық пікірлерді, ұтымды ұсыныстарды сараптап, Президент Әкім­шілігіне, мемлекеттік орган­дарға жолдауына болады. Бұл ұсы­ныс­тарды жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіледі» деп атап көрсетті Президент Әкімшілігі Бас­шысының бірінші орынбасары.

Өз кезегінде, кон­фе­­рен­цияға қа­тысушылар да М.Әшім­­баевқа бір­­қатар сауал жол­дады. Түсін­гені­­міздей, еліміз­дің түк­пір-түк­пірінен бас қосқан қатысу­шы­лар­ды алаңдатып отырған – Азамат­тық альянстың филиалдарына ғи­марат, бас қосатын, тұрғын­дарды қа­был­­дайтын орынның болмауы. Олар түрлі нысандарды жалға алуға мәж­бүр. Үкімет тарапынан бөлі­нетін қара­жаттың бір бөлігі де соған жұм­са­ла­ды екен. Олар Аза­маттық альянс­тың фи­лиалдарын еліміздегі Достық үй­леріне орналастыруды ұсынып отыр.

– Алдағы жыл – азаматтық қо­ғам­ның даму жылы болады. Мен оны Президент Қасым-Жомарт То­қаев­тың Қазақстан халқына Жол­дауы­мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында көтеріл­ген мәсе­лелерге қарап айтып отыр­мын. Сондықтан азаматтық қоғам­ның даму барысы барынша жедел жүруі­не барымызды салуға тырыса­мыз. Ол өз кезегінде тұрғындар үшін де, азаматтық қоғам үшін де, тұтас елге де пайдалы, – деді «Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Асылбек Қожахметов.